Өзектi

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жас конструкторлар мен дизайнерлерге қолдау көрсетуде

16.01.2015

8687

Еліміздің келешегі ғылым мен білім және де инновациялық жетістік нәтижесіне байланысты екені аян. Ол дегеніміз, әлемдік талаптарға сай тың идея, жаңа жоба, шығармашылық жұмыс және өнертапқыштық ұсыныстар.
Елбасы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «ХХІ ғасыр мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ» - деген қанатты сөзі осының дәйекті дәлелі.
ХХІ ғасыр білім және ғылым мен техника жетістіктерінің инновациялы-индустриялық даму заманы, яғни іргелі еліміздің ірілігін көрсетіп, дамыған елдермен иық теңестіреміз десек, бүгінгі жас өскін ғылым мен техниканың соңғы жаңа жетістіктерін жоғарғы деңгейде меңгеруі керек.
Қазіргі кезде елімізде оқушыларды ғылыми-техникалық шығармашылық жұмыстарына тарту қайта қолға алынуда. Сонау 1973 жылы Қазақ ССР-нің Ұлттық ғылым Академиясының Президиумы жанында Қазақстан Республикасының Кіші ғылым Академиясы (ҚР КҒА) құрылып, сол кездерде талантты жастарды іздеп, анықтап және олардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін республикалық мектеп, ЖОО және ғылыми-зерттеу институттарының мамандары мен ғалымдарын қатыстырумен мақсатты жұмыстар жүргізілген.
Осындай мақсатпен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 2013 жылдан бастап жас конструкторлар мен дизайнерлердің «АРХИМЕД&Perpetuum mobile» атты Кіші Академиясы университеттің ғылыми зерттеу басқармасы мен «Құрылыс және көлік» факультетінде қоғамдық негізде құрылым болып жұмыс істеуде.
Кіші Академияның кеңес орталығы, Республикалық «Техника-балғындар әлемінде» ғылыми танымдық балалар журналының бас редакторы, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Қалдыбай Күлсінбайұлы Наурызбаев, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Исақұлы Сатаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Рахметұлы Арапов, техника ғылымдарының докторы, профессор Владимир Григорьевич Голубев, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Еркін Жұмағалиұлы Махашов, Халықаралық технология, кәсіпкерлік және менеджмент академиясының корреспондент мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты Нұрлан Бескенұлы Бескенов, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбек Сейдуллаұлы Тағаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Даулетбек Тұрғанбекұлы Ходжибергенов, аға оқытушы Әлмахан Қалжанұлы Жүсіпбеков және т.б. университет ұстаз - ғалымдарының жетекшілігімен жұмыс істейді. Кеңес орталығы болашақ инженер, конструктор және өнертапқыштардың келешекте университет қабырғасында дайындықтан өтетін бастапқы алаңы болмақшы.
Кіші Академия жаратылыстану ғылымдары мен техника салалары бойынша он төрт бағытта жұмыс істейді. Осы бағыттар бойынша университеттің 100-ден астам профессор-оқытушылар құрамы кеңес береді.
Кіші Академия жұмысы аясында студент жастары мен мектеп оқушыларын университетте жұмыс жасайтын студенттік конструкторлық және технологиялық бюросы (СКБ) мен студенттердің ғылыми үйірмелеріне (СҒҮ) тарту жұмыстары ұйымдастырылды.
Мектеп оқушыларының қолдан жасаған техникалық-шығармашылықтан үлгі-модельдері университетте өткізілетін ғылыми-практикалық конференциялар аясында ұйымдастырылатын көрмелерге қойылды. Үздіктері университет тарапынан марапатталды.
Кіші Академия мүшелерінің ғылыми жұмыстарының нәтижелері «М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылыми еңбектері», «М. Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттары, PhD докторанттары мен жас ізденушілердің ғылыми еңбектері жинағы» және де сонымен қатар ғылыми-практикалық конференциялардың еңбектер жинағында жарық көруде.
Кіші Академияның ғылыми жетекшілері Республикалық «Техника – балғындар әлемінде» ғылыми-танымдық журналының ақылдастар аясында кеңес береді.
Республикалық «Техника – балғындар әлемінде» ғылыми-танымдық балалар журналы. Бұл техника және техникалық білім туралы мемлекеттік тілдегі балаларға арналған алғашқы журнал. Журнал қайта тіркеуден өтіп, 2011 жылдан бастап үш тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мақалалар жариялауда.
Бұл басылымның мақсаты жеткіншек жастағы балаларды техника мен ғылыми-техникалық шығармашылыққа араластырып, олардағы өнертапқыштық, инженерлік және конструкторлық дағдысын дамыту. Журналда қол жетімді формада автокөлік, авиация, ғарыш, кеме жасау, ауылшаруашылық техникалары, роботтық техника, информатика, радиоэлектроника және т.б. техника салаларының ғылыми-техникалық прогрестегі тарихы жазылып, сонымен қатар техника түрлерінің қолдан жасалынатын модельдерінің сызбалары мен түсіндірмелері беріледі. Және жарияланатын мақалалар жастарды ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен таныстырады.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар