Өзектi

Қазақтың «миы» қиырда жүр

06.01.2015

6347

Бүгінде «басы істейтін елдер» адамның миы арқылы елін көркейтіп, экономикасын гүлдендіруді жолға қойған. Яғни адамның бар мүмкіншілігін пайдалану арқылы мемлекеттері өркендеп жатыр. Милары миллиардтаған ақшаға бағаланған мамандары мен ерекше дарынды кадрлары да атақтары алысқа жетіп, ұлттарының айбынын асқақтатып жүр. Ал бізде ше?

«Біз жоқ жерде бәрі жақсы» дегендей, біздің елімізде бойындағы ерекше дарынымен жылт етіп көзге түскен талантты жастар ебін тауып шетел асып, талантын шетелде ұштауға құмар-ақ. Қазақтың алтын құрсақты аналары ерекше қабілетті, айрықша дарынды, тума таланттарды өмірге әкелуден кенде емес. Тек әттеген-айы, «қолда барда алтынның қадірін» біліп, талантты жастың шекара асып кетпеуіне қабілетсіздік танытып отырмыз. Соның салдарынан Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай талай спортшы, ерекше дауысты әнші, математик, техник тағы басқа мамандарымыз мұхит асып кетті. Бүгінде олар сол елге қызмет етіп, сол елдің атынан сынға түсіп, өзге елдің абыройын көтеріп жүр. Өзегіңді өртеп, ішіңді ірітетіндей шындық – осы. Ұлттық тағамымыз, ұлттық ойынымыз, ұлттық бұйымдарымыз ғана емес ұлт баласы да өзге ел үшін қызмет еткеніне қалайша жаның ауырмасын?!.. Осыдан бірнеше жыл бұрын математикадан әлемді таңдай қақтырып, рекордтар кітабына енген Қуат Есенов атты дарынымыз мұхит асты. Қазақтың «алтын баласына» Америка құда түсті. Біртуарды бағалай алмағанымыз үшін бармақ шайнап қала бердік. Қуат Есенов – халықаралық олим­пиа­далардағы алты алтынның иегері. 24 жастағы білімді жігіт небір күрделі матема­тикалық теңдеулердің шешімін оңай тауып, АҚШ оқымыстыларын аузына қарат­қан. Павлодарлық өренге халықаралық ғы­лыми байқауларға қатысуға шенеуніктер жағдай жасамаған соң, амалсыз мұхит асты. Қазір Массачусетс технологиялық уни­вер­ситетінде ұстаз қызметін атқарып жүр деген мәліметті ұзын құлақ арқылы ес­тіп қаламыз. Бар болғаны, дарынымен шетелді тамсандырған математиктің жерлесіміз екендігіне сырттай масаттанып, құр мақтанып, сүйсінеміз де қоямыз. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, соңғы он жылда Павлодардағы физика-математика мектебінің 15 түлегін АҚШ-тықтар аттай қалап, алып қалған көрінеді.

Тағы бір жерлесіміз, бүгінде Америка­дағы «Уэйн» университетінің профессоры атанып жүрген Уәлібай Өмірбаев: «Бос уақытымда ғылыммен айналысамын. Ол жақта әлеуметтік мәселелер оңай шешіледі. Сондықтан оған уақыт жоғалтпаймыз», – депті интернеттегі жазған хатында. Тізе берсек, тарыдай шашылған білімділеріміз­дің қатары көп-ақ. Қытайдағы математика инс­титуты директорының орынбасары Тұр­дыбек Нұрлыбекұлы білімімен мил­лиард­т­аған қытайды мойындатса, Жапо­ния­дағы Қилан Әлімхан есімді бауырымыз­ға әлем математиктері таңдай қағып отыр. Академик Мұхтарбай Өтелбаев есімді қан­дасымыз да Штурм-Лиувилля операторы­ның әмбебап формуласының шешімін тауып, атағы алысқа жетуде. Өзге елдің көсе­гесін көгертуге атсалысып жүрген мұн­дай таланттарымыз өте көп. Еріксіз «шіркін, осылардың барлығы өз ұлтымызға қызмет етіп, еліміздің атын шығарып, айбынын асқақтатуға үлес қосса, қазақтың аты әлемге тек дарындыларымен танылса ғой» деген тәтті арманның жетегіне ересің. Өкінішке қарай, біз таланттыларымыздың қадірін о дүниеге аттанғанда немесе шетел асып кеткенде ғана бағалаймыз. Ал алпауыт мемлекеттер олардан ақшаны аямай, білімділердің өресін мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін пайдалануға әбден машық­танған, осының жолында ақшаны да аямайды. Біз барымызды бағаламаймыз. Шы­ны керек, бүгінгі қоғам «өзге елде сұл­тан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қа­ғиданың заманы емес. Бір кездері «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша мемле­кет­тің қаржысымен шетелге барып, білім алған жастардың да біразы сол елде қалып қойып жатты. Ресми мәлімет бойынша, 2004 жылдың өзінде шетелде оқыған 20 бала сонда қалып қойған. Яғни сол кездері қазақтың баласынан ғана емес, жақсы маманнан да айырылып қалғанбыз. 1993-2011 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша бес мыңнан астам бала шетелде білім алғанымен, оның қаншасының шетелдік болып кеткені жөнінде нақты ақпарат жоқ.

Бүгінде қанша қазақтың «миы» өзге мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеп жат­қаны жөнінде нақты статистика жоқ. Бірақ еліміздегі ғылымды дамыту дұрыс жолға қойылмаған кезеңде талай оқымыстының орнын сипап қалғанымыз анық.

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым:

– Ерекше дарынды жастардың қаншасының шетел асқанын ешкім білмейді. Оның есебін ешкім жүргізген жоқ. Дегенмен демограф ретінде шамалауым бойынша, бүгінге дейін алты мыңдай білімді өрен шекара асты. Біздің елімізде дамуы дұрыс жолға қойылмаған, алайда шетелде ерекше бағаланатын техника, математика, химия, физика салалары бойынша жастар өте көп кетті. Осыған байланысты сол кезеңде «утечка мозгов» деген сөз де қалыптасты. Бұл біз үшін өте үлкен шығын әкелді. Жастардың 11 жыл бойы мектепте, одан кейін ЖОО-да тегін оқытып-тоқытқан соң өзге елге қызмет ету үшін кетіп қалуы – орны толмас өкініш. Осылайша, ұлттың өркендеп, мемлекеттің дамуына ерекше үлес қосатын мамандарымыздан айырылып қалып отырмыз. Көбінесе Ресей мен Қазақстан жастарды білімді етіп дайындап бе­реді. АҚШ сатып ала салады. Негізі, ға­лым­ды дайындағаннан гөрі, сатып алған оңай. Осыны АҚШ оңтайлы пайдаланып отыр. Негізі, көптеген ел өзінің талантты ұл-қыз­дарының игілігін өздері пайдалануға ты­ры­сады. Бізге де осыны ойлайтын кез жетті.

Сондай-ақ ғалымдардан бөлек, отан­дық жүздеген талантты өнерпаз да шетел асқан. Солардың бірі – қазақ балетін әлемге паш еткен Дастан Шыныбаевтың дәм-тұзы жат жұртта таусылды. Елімізде таланты бағаланбаған өнерпаз еріксіз шекара асқан. Абай атындағы Опера және балет театрының тағы бір әншісі Медет Шотабаев та сырт елдің сахнасын әнге бөлеу мақсатында елімізден кетіп тынды. Оның ерекше тенор даусына тәнті болған итальяндар өздеріне жұмыс істеуге шақырған.

Айта кетер жайт, ұлт ұрпағының шетел асуы әлі толастар емес. Еліміз барды бағалауды үйренгенше, бұл көш толастамас та. Бәлкім, барымызды ертерек баға­лап, дер кезінде олардың талантын ұштап, ел игілігіне сай пайдалана білгенімізде, еліміз ертерек даму жолына түсер ме еді?! Ал барды бағаламағанымыз үшін бармақ тістер кез – әлі алда. Ендігі 15-20 жылда ақпараттық жүйенің орнын нанотехнология кезеңі басқанда, сол жастарымызды шырақ алып іздеп таппасымыз анық.

Дереккөзі: alashainasy.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар