Аграрлық салаға тың серпіліс әкелген ылғал сақтаушы – нөлдік технологияны тәжірибеге енгізуден жер төсін емген дихандарымыз ұтпаса, ұтылмасы анық. Экологиялық тиімділігі жоғары, әрі жер жыртып әуреге түспей-ақ, дән себуге мүмкіндік беретін бұл әдіс кейінгі жылдары қазақ даласында да кеңінен қолға алынуда. Әйтсе де, аз шығындалып, мол өнім жинауға болатын осы ұтымды әдістің артықшылығы мен мән-маңызын шаруалар арасында кеңінен насихаттап, таныстыру – өзекті мәселе.
Қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауылшаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, қалалық жер қатынастары мен сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының қатысуымен өткен семинар-кеңесте бұл тақырып кеңінен талқыланды.
Баяндамашы, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының профессоры Досымбек Сыдықтың айтуынша, өзінің тиімді нәтижесін берген нөлдік технологияны қазіргі таңда Еуропаның көптеген елдері қолданысқа енгізуде. Оның өзіндік қасиеті сол, ең бірінші кезекте нөлдік технология топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды. Екінші, топырақтың құнарын арттыруға септігін тигізеді. Үшінші, егістік жұмыстарына жұмсалатын шығынды еселеп азайтады. Яғни, ылғал сақтау технологиясы жерді жыртпай-ақ, дәнді тікелей себуге, сонымен қатар, дақылдың дәнімен бірге сабағын да пайдаға жаратуға мүмкіндік береді.
– Нөлдік технология жыл бойы түскен жауын-шашынның топыраққа баппен сіңуіне септеседі. Жердің сорлануының алдын да алады. Тың тәсіл өнімділікті кемінде 20 пайызға ұлғайтады. Міне, осындай ерекшеліктерін ескере келе, мемлекет нөлдік технологияға сүйенген шаруаларға көмек қаржыны 2 есе артығымен беруге мүдделілік танытып отыр. Ендігі мезетте, бұл бастамаға жерден нәсібін терген шаруаның мойнын бұруға бейімдеген жөн, – дейді баяндамашы.
Жиынды қорытындылаған қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай бұл мақсатта шаруашылық иелеріне мемлекет тарапынан нақты қолдау жасалатынын жеткізді.
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Дереккөзі: baq.kz