Өзектi

А.Күрішбаев: Университет – инновациялық экономиканың басты генераторы

01.10.2014

7824

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылдығы – елді индустрияландырудың, әсіресе, аймақтардағы бұл бағытты алға бастырудың алғашқы үлкен қадамы болды. Өңір-өңірде үлкенді-кішілі зауыттар ашылып, кейбір аймақтар тіпті отандық индустриялық өнімді алғаш өндіре бастады. Ендігі мақсат, яғни, Индустрияландырудың келесі бес жылдығынан күтілетін мақсат – Қазақстанды өзге елдер арасында индустриялды дамыған мемлекет ретінде мойындату.
Үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін әрбір саланың бұл науқанға ат салысып, дамуға ұмтылуы құптарлық бастама болар еді. Бұл ретте, BNews.kz тілшісіне сұхбат берген, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасы, профессор Ақылбек Күрішбаев білім беру саласын да индустриялық-инновациялық дамуға ілестіру керек деген пікірін айтып отыр.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу туралы стратегиялық мақсат қойды. Алдағы белестерді бағындырып, бірінші кезекте республиканың индустриялды бағытын жаңартып, қолға алынған жобаларға тың серпін беру үшін, бізге бірнеше бағытта инновациялық жаңашылдықты енгізу қажет. Бүгінде экономиканы тың инновациялық жаңалықтармен ұштастырып, білім беру сапасын жақсартпай, индустрияландырудың жаңа белесіне қол жеткізе алмайтынымызды мойындадық», - дейді ректор.
Профессордың айтуынша, оқу орындарының тәжірибесіне автономды басқару моделі тиімділігін көрсетер еді.
«Инновациялық жаңашылдықты енгізу жас мамандардың қабілеті мен кәсіби дайындығына байланысты. Сондықтан «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасын сәтті жүзеге асыру білім беру қызметін сапалы ұйымдастырудан және білікті кәсіби мамандарды дайындаудан бастау алады. Бүгінгі таңда отандық жоғары білім беру жүйесі толығымен реформалауды қажет етеді. Қазақстан экономикасы 20 жылдан аса уақыт нарық талаптарына сай қызмет етуіне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі орталықтандырылған және жоспарлы-әкімшілік әдіспен басқарылады. Ал әлемнің дамыған елдерінің университеттерінде ғылыми-зерттеулердің тиімділігі мен білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ететін автономды басқару моделі қалыптасқан. Отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін, біз ауқымды әлемдік үрдістерден қалыс қала алмаймыз. Қазақстан да әлемдік ғылым-білім қауымдастығының бір мүшесі бола отырып, уақытты оздырмай тың тәжірибелерді үйреніп, ел экономикасын жаңа бағытта дамытуға қолдану қажет», - деген А.Күрішбаев әлемдік білім берудегі осындай тәжірибелер қандай жеміс беріп отырғанына да тоқталды.

«Университеттердің ғылым мен білім саласындағы жеткен жетістіктерінің нақты мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ, олардың халықаралық рейтингісіне көз тастасақ жетіп жатыр. Қазіргі уақытта әлем бойынша ең үздік жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып АҚШ университеттері топ бастап тұр. Бұл орайда ескерер жағдай, АҚШ-тың оқу орындары жоғары сатыдағы жай ғана білім беру мекемесі емес, олар Құрама Штаттардың басты «ми орталығы», жаңашылдықтың, кешенді инновацияның қозғаушы күші. Олар мемлекеттің интеллектуалды дамуына жауап береді. Сараптап қарасақ, АҚШ-тың экономикалық және технологиялық бағытта ұлы державаға айналу тарихы оқу орындарының инновациялық жаңалықтарынан басталады. АҚШ университеттерінің мұндай жетістігі кездейсоқтық емес, мақсатқа бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Мұнда университеттердің басым бөлігі коммерциялық ұйым емес, сондықтан олар салық төлеуден босатылған. Түскен пайда ішкі қажеттіліктерді өтеуге, мәселен, білім беру қызметі сапасын көтеруге, ғылыми зерттеу мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады. Сонымен қатар, университеттерге инвестиция тартушы бизнес үшін мемлекеттің қолдауымен арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылған, бұл – ЖОО-ы үшін қосымша қаржыландыру тетігі. Тағы бір ерекшелік, Америка Құрама Штаттарының жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген, яғни олар бірегей, өзіндік оқу-бағдарламаларын қалыптастыруға, енгізуге, жаңа білім беру әдістерін қолдануға толық құқылы. Бұл ерекшелік оларға білім беру қызметтері сұраныстарына сай өзгерістерді уақытында енгізуге, жаңа ғылыми бағыттардың тууына, сонымен қатар, оқытушылардың кәсіби және ғылыми мамандандырылуын еңбек нарығындағы талаптарға сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, АҚШ университеттері басқару жүйесі мен қаржыландыру саясатын да автономды түрде жүргізеді. Бұл жүйеде университеттердің беделі төмендемейді, керісінше қаржы саласындағы шығындарды бақылау күшейтіледі. Біріншіден, университеттерде тиімді қаржы менеджменті енгізілген, нақтырақ айтсақ, бюджетті басқару стратегиялық даму жоспарына сай қатаң жүргізіледі. Екіншіден, ішкі және сыртқы қаржылық тексеріс тәжірибесі қатал талап деңгейінде бір жолға қойылған», - дейді А.Күрішбаев.
Сұхбат барысында білгеніміз, автономды университеттің ректоры ешқандай шектеусіз мерзімдегі және ауыстырылмайтын басшы болып қала алмайды. Керісінше, олар белгіленген мерзімге сайланады немесе тағайындалады және олардың жұмысының нәтижесі бақылауда болады. Ал ректор құзыретінің ұзартылуымен оның мемлекет және қоғам алдындағы жауапкершілігі артады. Университеттегі өзекті шешімдерді директорлар кеңесі мен қамқоршылық кеңесі қабылдайды.
«Әлемдегі дамыған елдердің табысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін осыған ұқсас қағидалармен жаңартуымыз керек. Өйткені бұл – уақыт талабымен, озық адами капиталды дамыту қажеттілігінен пайда болған сұраныс. Тек осындай шешім қабылдау арқылы ғана біз отандық жоғары білім берудің сапасы мен тиімділігін жоғары деңгейге көтере аламыз. Егер мемлекеттік жоғары білім беру саласында қазіргі жүйе сақталатын болса, қаржыны қанша жерден ұлғайтсақ та, бір шеңбер ішінде, тұйықталған кеңістікте қала береміз», - деген ректор өзі басқарып отырған университеттің халықаралық ынтымақтастығы туралы сөз қозғады.
«Айта кетерлігі, биылғы жылдың маусым айында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Дэвистегі Калифорния Университетінің арасында оқу орнымызды Назарбаев университеті үлгісіндегі аграрлық-зерттеу университетіне айналдыру туралы әріптестік келісім-шартқа қол қойылды. Осы орайда баса айтып өтерім, Дэвистегі Калифорния университеті әлемдегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып саналады, оның тәжірибесін озық университеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көптеген елдерде ауылшаруашылық саласы мамандарын дайындаудағы негізгі темірқазық болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғылымдарды меңгерген әлемнің озық профессорларын әріптестік тәжірибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдастыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамытуға қол жеткіземіз. Дэвистегі Калифорния университетінің білім беру жүйесін толық енгізе алсақ, біз үшін тиімді, жаңаша даму жолы болары сөзсіз. Себебі, бұл унвиерситеттің ғалымдары жас мамандар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің барлық тетігін айқындаған. Дәл осы тәжірибе негізінде Қазақстанда аграрлық жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалушылықты жоюға қол жеткізер едік», - деп түйіндеді А.Күрішбаев өз ойын.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

Дереккөзі: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар