Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ұлттық жоба» деп атаған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу еліміз үшін зор жауапкершілікті білдіретіні сөзсіз.
Сондықтан да Астананың сол жағалауында орын тебетін көрме қалашығында Халықаралық көрмелер туы желбіреп, қазірдің өзінде келешек ғаламаттың туындысына құрылысшылар кірісіп те кетті. Осыған орай, ертеңгі ЭКСПО-ның бүгінгі ахуалы һәм ғасыр құрылысына айналатын кешен жайында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ә.Пірметовпен сұхбаттасқан едік.
– Әлішер Хабибұллаұлы, әңгімені «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысты жұртшылық біле жүруі тиіс қарапайым цифрлар мен фактілерден бастасақ. Сосын айтулы шараға келетін туристер саны қаншалықты болжанады?
– Баршамызға белгілі «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Астана қаласында 2017 жылғы маусымның 10-ында басталып, 2017 жылдың 10-қыркүйегіне дейін, яғни үш ай бойына жалғасатын болады. Көрме Астана қаласының аумағындағы негізгі көліктік күретамырлар тоғысында орналаспақ: Қабанбай батыр даңғылы мен Орынбор даңғылынан шығыс пен батысқа қарай, Хусейин бен Талал көшесінің ішкі шеңберінен солтүстікке, сондай-ақ Тұрар Рысқұлов көшесінен оңтүстікке қарай аумақта созылып жатады. Көрменің жалпы көлемі – 174 гектар.
Қонақтарға келсек, көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Алдын ала болжам бойынша мұның ішінде 85%-ын Қазақстан Республикасының азаматтары, 15%-ын шетелдіктер құрайды.
– Дегенмен, ел азаматтарының белгілі бір санаттары үшін келу міндеттілігі енгізіле ме? Жоспарланған келушілер санын қалай қамтамасыз етпексіздер?
– Көрмеге келу үшін халықтың қызығушылығын арттырар дәстүрлі маркетингтік және жарнама құралдары қолданылады, сосын қазақстандық және халықаралық БАҚ-та көбірек жарияланымдар арқылы жүзеге асатын болады.
– Әлішер Хабибұллаұлы, қазір технологиялардың шапшаң дамып жатқан заманы. Осы тұрғыдан алғанда, «ЭКСПО – 2017» көрмесінде ұсынылатын технологиялардың сол уақыттағы өзектілігіне қатысты мәселелер туындауы мүмкін деп ойламайсыздар ма?
– Шындығында, технология жарысқа түскен қазіргі заманда жаңаның ескіруі оңай. Дегенмен, Астанадағы көрмеде жасыл технологиялар саласындағы аса өзекті зерттемелердің тұсауы кесіледі. Мұндай жаңа технологияларды тек Қазақстан Республикасы ғана емес, халықаралық қатысушы-мемлекеттер ұсынатынын еске салғым келеді. Яғни осының өзі ЭКСПО – 2017 алаңында жасыл технология саласындағы жаһандық инновация көрсетілетініне кепілдік болмақ.
– ЭКСПО өтетін орындардың құрылыс жұмыстарына да тоқталсаңыз. Халықаралық шараны өткізу үшін қанша жұмыс орны құрылады?
– Жалпы, құрылыс-монтаждау жұмыстарының негізгі бөлігі, яғни шарықтау шегі 2015 жылы жүргізілсе, 2016 жылдың желтоқсанында мұның бәрі толық бітуі керек, осыған байланысты 2017 жылдың басынан бастап қатысушы мемлекеттер өздерінің павильондары үшін монтаждау орналастыру жұмыстарын бастай алды.
Жалпы, «ЭКСПО – 2017» объектілерінің құрылысы қызу қайнаған шақта шамамен 20 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі деп отырмыз. Бұлар бірінші кезекте қазақстандық кадрлардан тұратынын ерекше айтқым келеді. Дегенмен, құрылыс жұмыстарына сырттан тартылатын жұмыс күші де жоққа шығарылмайды, алайда бұл мәселе тікелей бас мердігерлерге байланысты. Негізінен, жергілікті мамандарға назар аударамыз.
– Сонда көрмеге қатысатын мемлекеттерге орындар, ғимараттар 2017 жылдан бастап ұсыныла ма?
– Иә, қатысушылар үшін орындар ұсыну 2017 жылдың қаңтар айынан кешікпеуі тиіс. Жабдықтарды орналастыру мен ғимараттың ішкі безендірілуі 2017 жылғы 8 мамырда аяқталуы шарт, сосын көрме экспонаттары 2017 жылғы 26 мамырда толығымен орналасып бітуі керек. Ал көрме аяқталған соң қатысушылар өздерінің орындарын босатып, павильондар 2017 жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей тура сол қалпында қайтарып берулері тиіс.
– Жобалық-сметалық құжаттама туралы не айтар едіңіз? Бұлар қалай жасалып жатыр?
– «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» акционерлік қоғамы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт жасасқан болатын. Соған сәйкес, жобалау жұмыстарының 70%-ы биыл, қалған 30%-ы келесі жылы аяқталады деп отырмыз. Бүгінгі таңда ауданы 25 гектар болатын көрмелік аймақта іргетас бетонын құю жұмыстары қызу жүріп жатыр. Кешендер өндіріс кестесіне сай, белгіленген мерзімнен кешікпей беріледі деп жоспарланған. Көрме кешенінің нысандарына қатысты негізгі көлемді-жоспарлау шешімдері дайындалып жатыр.
– Әлішер Хабибұллаұлы, жұртшылықты көрменің тиімділігі мен оның Қазақстанға берер пайдасы көбірек қызықтыратыны белгілі. Бұған не айтар едіңіз?
– Ең алдымен Қазақстандағы көрменің таңдалған «Болашақ энергиясы» тақырыбына назар аударуды сұрар едім. Өйткені әлемдік қауымдастық энерготиімділік проблемасын шешуді, ұлттық энергия жүйесі мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуды келешек мақсаттарға қол жеткізудің бірден-бір жолы деп қарастырады.
Жалпы, менің ойымша, кейбіреулер «ЭКСПO – 2017» халықаралық көрмесінің маңызын жете түсінбейтін тәрізді. Түсіне білсек, бұл тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі зор жетістігінің бірі. Мұнда салынғанның барлығы бізде қалады, ол нысандар кейіннен зертханаларға, ғылыми парктерге айналып, оның жаңалықтары Қазақстанның барлық аймақтарына енеді. Сол тұрғыдан алғанда «ЭКСПО – 2017» көрмесінен кейінгі бес-алты жыл бойы Қазақстанның аты әлемдік деңгейде айтылып тұратыны сөзсіз, бұл ерекше маңызды. Халықаралық көрмені біздің елімізде өткізудің және бір жағымды тұсы – елордамызда ғылым мен техниканың ең озық жетістіктері көрсетілетін болады, көптеген қазақстандықтар, шетелдік келушілер болашақтың энергиясы мен экономикасын өз көздерімен көріп, тамашалайды. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО – 2017» көрмесі өзінің тиімділігін әрбір өңірге сездіретін ұлттық мегажобаға айналуы керек» деген болатын. Ал мұндай тақырып пен осындай ауқымды деңгейдегі дүниелер сөзсіз еліміздің инновациялық дамуын қуаттандыра түседі.
– ЭКСПО көрмесі адамзат дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр деген пікір қаншалықты негізді?
– Мәселен, соңғы «Шанхай – 2010» көрмесі келушілер саны жағынан рекордтық көрсеткішке жетті. Бес шаршы шақырым аумақты алып жатқан алып көрмеге келушілер саны 60 млн адам деп болжанса, алты айға жалғасқан көрмені 73 млн адам тамашалады. Қатысушылар саны бойынша да рекорд орнады – Шанхайда 190 ел өздерінің павильондарын ашты.
Ал 1962 жылғы Сиэтлдегі бүкілдүниежүзілік көрменің тақырыбы «Ғарыш дәуіріндегі адам» болған еді. 1967 жылы Канаданың Монреалындағы павильонда келушілер ғарыш кемелерін алғаш тамашалады. Ядролық катастрофа қатері артып отырған сол жылдары өткізілген көрменің арқасында халықтар арасындағы байланыс нығайып, ынтымақтастық күшейе түсті. Онда Канада конфедерациясының жүз жылдығын мерекелеу жылы аясындағы Монреалдағы көрменің тақырыбы Антуан де Сент-Экзюпери шығармаларының бірі «Адамзат планетасы» болып аталды.
Жалпы, көрмеде әлемдік жаңа тәртіптер де орнап жатады: Осакадағы 1970 жылғы ЭКСПО-да Жапония өзін жаңа әлемдік держава ретінде жариялады. Оқиғаның орталығы – Фестивальдар алаңында көрме нышаны – Күн мұнарасы орналастырылды. Ал АҚШ павильонына «Аполлон-12» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген Ай тасы қойылды. Осының бәрі тақырыптың барынша өзекті екенін аңғартады емес пе?
– Көрме иесі ретіндегі Қазақстанның орталық павильоны қандай болатынын суреттеп берер ме едіңіз? Іс-шаралар алуандығы мен жұмыс ауқымына қарасақ, жұртты бір таңғажайып дүниелер күтіп тұрғандай?
– Солай десек те болады. Біз Планета мен ЭКСПО-мыздың бейнесі ретінде – әлемдегі ең үлкен Шар-өрісті тұрғызбақпыз. Шар тәріздес таңғажайып дүние жасау – Елбасының идеясы. Міне, қазақстандық павильон осы болады, яғни Көрме алаңының қақ ортасында – қазақстандық Шар, ал оның айналасын қоршай – халықаралық павильондар жайғасады. Шындығында, бұл бірегей дүние болмақ әрі керемет әдемі көрініс береді: жарқырап тұратын жартылай дөңгелек әйнектермен көмкеріледі, тіпті оны «теледидарға» да айналдыруға болады. Ең бастысы, оны ғарыштан да көруге болады! Сондықтан да, біз көрмеге қатысушыларды да, меймандарды да, осыған келуші барша қазақстандықтардың өздерін де таңғалдыра аламыз.
– Айтқаныңыз келсін. Ал көрмеден бөлек, жұртшылықты басқа не қызықтар күтіп тұр?
– Иә, бұл да маңызды сұрақ. Өйткені келушілер көрме арқылы зердесін байытып қана қоймай, көтеріңкі сезімде болуы керек. Сондықтан да, концерттер, шоу-жобалар, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар бар, қысқасы ЭКСПО-ның үш айлық жұмыс кестесі отандық және әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өтетін шуақты бағдарламаларға толады. Бұдан бөлек, ЭКСПО барысында оның 174 гектар аумағында кәдесый дүкендерге, фуд-корттарға арналған коммерциялық аймақтар да орналасады. Өйткені, күніне ондаған мың адам күтіледі емес пе! Ал осының бәрі айналып келгенде бюджеттің бүйірін толтырады деген сөз,
Бұл – біздің алдымызға жүктелген басты міндет.
– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік!
Сұхбаттасқан Қанат ТОҚТАР
Дереккөзі: aikyn.kz