Өзектi

Ұлттық экономика техникалық кадрларды талап етеді

29.09.2014

8033

Бүгінгі таңда кез-келген мемлекет өзінің ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін басты талап «білім экономикасы» болатынын айқын аңғарып келеді. Ал «білім экономикасын» қалыптастыру мен дамытудың басты факторы - инновациялық адами капитал. Өз кезегінде адами капиталды дамыту еңбек өнімділігін, өмір сүру деңгейін, білім беру сапасын, денсаулық сақтауды, мәдениетті арттыруды құрайтын ұлттық саясаттың жаңа принциптерін де айқындайды. Соның ішінде әлемдік бәсекеге қабілеттілік үшін кәсіби білім мен дағдыларды дамыту бірінші орынға шығып отырғаны да шындық.
Бір ғана мысал келтірсек, өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін экспорттауда әлемдік көшбасшы саналатын Германияда жұмыспен қамтылғандардың 60 пайыздан астамында кәсіптік-техникалық білім бар екен. Ал даму жағынан әлемге үлгі болған Сингапурда мектеп оқушыларының 90 пайыздан астамы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінен өтеді. Осының өзі-ақ бәсекеге қабілеттілік пен индустриялық саясатты жетілдірудің бірден бір жолы - техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі екенін нақтылай түседі. Бүгін Парламент Сенатында өткен «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі дамуының жай-күйі мен болашағы» атты ғылыми практикалық конференцияда осы өзекті мәселе талқыланып, біршама жайттар ортаға салынған еді. Енді сол алқалы жиында көтерілген мәселеге назар аударсақ.

Жалпы, инновациялық-индустрияландыру трендтерін күшейту барысындағы аса маңызды міндеттердің бірі - білікті кадрлық әлеует даярлау. Инновациялық экономика туралы жиі айтамыз, осының өзі де кадрсыз еш шешімін таппайды. Тоқтала кететін жайт, Қазақстанның білім жүйесі бойынша кадр даярлау мәселесінде біршама теңсіздіктердің орын алғанын мамандар алға тартады. Бұл шындығында да солай. Өйткені, мектеп оқушылары негізінен кәсіптік-техникалық оқуды емес, жоғары оқуға басымдық беріп, оның ішінде гуманитарлық-экономикалық мамандыққа таңдау көп жасалып жүрді. Нәтижесінде жоғары оқу орындарында оқитын студенттер саны колледждерде оқитындармен теңесе түссе, еңбек нарығында инженерлік-техникалық, жұмысшы мамандықтарына тапшылық өрши түскен. Міне, сондықтан да, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет арнайы шаралар қабылдап, еңбек нарығындағы жағдай өзгере бастады. Елімізде техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделі жүзеге асып, осы саланы қаржыландырудың мөлшері сатылап артып келеді. Кәсіптік-техникалық білім беру желілері де кеңейе түскен. Мәселен, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың айтуынша, соңғы үш жылда еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беруге бағытталған бюджет қаражаты екі есеге артып отыр. Мәселен, биыл білім саласына бюджеттен бөлінген қаражат 1 трлн. 497 млрд теңгені құрады. Ал колледждердегі шеберханаларды жабдықтауға арналған қаражат 6 есеге ұлғайтылды. 2014 жылы 200-ден астам шеберхана мен зертханаларды жабдықтауға 5,5 млрд. теңге қарастырылып отыр. «Қазіргі таңда еліміздің 850 колледжінде 560 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын 180 мың түлек еңбек нарығына шығады. Олардың 70 пайыздан астамы бірінші жылдың ішінде өз кәсібі бойынша жұмысқа орналасады», - дейді министр Аслан Сәрінжіпов.

Алайда, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруды бетке алған Қазақстан үшін ұлттық техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіре түсу маңызды болып табылады. Сондықтан да, Президент Н. Назарбаев білім берудің жаңа қағидаттарын жедел енгізуді, студенттерді міндетті өндірістік тәжірибеден өткізуді тасырған болатын. Ал бұл ретте білім жүйесінің міндеті не? Осы тұрғыдан келсек, Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандану әлемінде бәсекеге қабілетті болу мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті ең маңызды факторлардың бірі екенін алға тартады. Ал аталған фактор көп жағдайда адам капиталының сапасымен өлшенсе, оның қалыптасуындағы басты рөлді білім атқарады. «Бүгінгі заман - кәсіби маманнан жоғары біліктілікті, ұтқырлық пен ұшқыр ойды, өз білімін ұдайы жетілдіріп отыруға дайын болуды талап етеді. Осындай талаптарға сай кадрлар дайындауды қамтамасыз ету - отандық білім беру жүйесінің басты міндеті. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру ағымдағы және келешектегі отандық экономиканың білікті мамандарға деген қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағдар алуы тиіс», - дейді Сенат Төрағасы.

Бұл ретте Қ. Тоқаев гуманитарлық салаға жас кадрлар сұранысы күрт төмендегенін, экономика техникалық мамандарды талап ететінін алға тартады. Сондықтан да, спикер өндірістің төменгі және орта буынғы білікті кадрларын даярлауға жедел көшудің қажеттігін айтады. «Еңбек органдарының бағалауы бойынша, Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға тарта бос жұмыс орындары қалып жатыр, ал ол орындарға нақ кәсіби-техникалық білім алған мамандар керек. Бұнымен қоса, келешекте инновациялық, ғылымиқамтымды экономикаға көшуге орай, жоғары білікті мамандарға сұраныс арта түспек», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғырту бағытында әлеуметтік әріптестік мәселесі де өзекті. Сондықтан да, Парламенттің жаңа сессиясын ашу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке дуалдық жүйені ескере отырып, кәсіпорындарда міндетті өндірістік тәжірибеден өтуді қарастыратын білім беру мәселелері бойынша заң жобасын жеделдетіп қабылдауды тапсырған. Айта кетерлігі, ел экономикасының негізгі салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін білім саласының жұмыс берушілермен өзара тиімді әрекеттестігін талап етлетіні айқын. Өйткені, өндірістен алшақ кәсіптік техникалық білім жүйесі еңбек нарығында біліксіз мамандардың қатарын толтырудан әріге аса алмайтыны айқын. Мәселен, жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, жұмыс берушілердің басым бөлігі өздеріне келетін жаңа кадрлардың білімі мен дағдыларына көңілі толмайды екен. Ал бұл өнеркәсіп үшін дамуға кедергі келтіретін бірден бір себеп болып табылады.

Сондықтан да, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев орта кәсіптік білімге «екінші сорттағы білім» деп қарайтын қоғамның көзқарасын түбегейлі өзгерту керектігін алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың 30 пайызының ғана кәсіптік білімі бар. Ал 32 пайызы жоғары оқу орнын бітірген болса, 38 пайыздан астамы мектептен кейін білімдерін мүлдем жетілдірмеген.

«Біздің алдымызда орта кәсіптік білімге «екінші сортты білім» деп қарайтын қоғамның қатып қалған көзқарасын өзгерту міндеті тұр. Біздің кәсіптік білім беру жүйеміз қазақстандық жастарды өмірдің прагматикалық қадамдарына бағдарлауы керек, оларды міндетті түрде білім мен жұмыс дағдысына ынталандыруы тиіс. Кәсіптік білім жүйесін дамыту - бұл жұмыссыздыққа қарсы күрестегі аса маңызды шара болып табылады. Сондықтан да, филологтың, дипломат пен заңгердің дипломын алып, текке жүргеннен гөрі техникалық мамандық алып, еңбек нарығында сұранысқа ие болу, өміріңнің жайлылығы үшін қаражат табу маңызды екенін жастар түсінулері керек», - деді Сенат Төрағасы.

Түйіндей айтсақ, индустриялық-инновациялық бағдарды бетке алған Қазақстан үшін кәсіптік-техникалық білім арқылы маман-кадр мәселесін шешу - күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе. Оның үстіне кәсіптік техникалық білім ел экономикасының бүгінгі және келешек қажеттіліктеріне жауап беріп қана қоймай, азаматтардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Ең ақыры жаһандық проблемаға айналған жұмыссыздық құбылысын ауыздықтауға да сеп болмақ. Сондықтан да, сөз соңында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік жағдайға қатысты мына деректерін келтірсек: БҰҰ Халықаралық Еңбек Ұйымының деректеріне қарағанда, 2014 жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 3,2 млн. артып, 203 млн адамға жетеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда жұмыс істегенімен, күндік табысы 2 долларға да жетпейтіндер саны 840 млн. адамды құрап отыр. Жұмысқа орналасуда ең көп қиындық жастарға түсіп отыр: әлемде 24 жасқа дейінгі 75 млн.-нан астам жастар жұмыссыз. Күнін көріс үшін жұмыс іздеген адамдар қолайлы орын үшін үдере көшуде, ал мұндай мигранттар саны бүгінгі таңда 250 млн. адамға жеткен.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар