Өзектi

Отандық машина жасауда қазақ инженерінің аты қашан шығады?

29.09.2014

9555

Экономикамыз өсіп, елімізде жаңа өндірістер мен кәсіпорындар дамып жатыр, бұл өз кезегінде оның маңызды құрауыштарының бірі - машинажасау өнімдеріне деген сұраныстарды арттыруда. Елімізде аталмыш саланы дамытудың маңызы аса зор, себебі отандық тауар өндірушілерді қолдау бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанымен, дәл қазіргі сәтте қазақстандық импорттың 40 пайызын нақ осы машинажасау өнімдері құрап отыр. Енді бой көтеріп жатқан жоба құрылысында, оны жабдықтауда шетелдің өнімдерін тұтынамыз, Италия, Германия, Ресейдің құрылғыларын қымбатқа сатып аламыз. Шетелдік тауарларға деген тәуелділіктен түбегейлі құтыла да қоймаспыз. Әйткенмен, дәл сондай құрал-жабдықты өзімізде де өндіруге мүмкіндіктер бар екенін, тек оны қарастырып, сол өндірісті жолға қою керектігін, қажетті шикізат арзан бағамен өз елімізден де табылатынын әрдайым назарда ұстағанымыз жөн.

Статистикалық деректер бойынша еліміздегі машинажасау құрылымын электроника, электр жабдықтары, машиналар мен жабдықтар тәрізді сегменттер құрайды. Өткен жылы қазақстандық нарықтағы өндірілу перспективасы жоғары тауарлар топтарын анықтау мақсатында салалық зерттеулер жүргізілген. Оның нәтижелері бойынша, перспективалы тауар топтарына электротехникалық машинажасау, автоқұраушытарды өндіру, теміржол, ауылшаруашылығы, мұнайгаз саласындағы машинажасау тәрізді секторлардың 30 тауарлық топтары жатқызылды.

Тарихқа көз салсақ, еліміздегі ең алғашқы машинажасау кәсіпорны 1909 жылы Алматы қаласында (бұрынғы Верный) құрылған. Ол тұқым себу машинасын (сеялка) шығарған. Ал өндіріс саласы ретінде Қазақстандағы машинажасау өнеркәсібі Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының батыс және орта өңірлерінен көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың негізінде қалыптасты. Сөйтіп, Алматыда металлургиялық құрал-жабдықтар, Шымкентте автоматты сығымдау аппаратураларын, Ақтөбеде автокөлік двигательдерін, Ақмолада ауылшаруашылық техникасын шығаратын кәсіпорындар құрылды, машинажасау зауыттары салынып, аспаптық, электротехникалық өнеркәсіп, трактор жасау пайда болды, машинажасау салаларының кешені қалыптаса бастады.

Қазіргі таңда Ресеймен шектесіп жатқан Өскемен, Қостанай, Павлодар қалаларында ауқымды автокәсіпорындарымыз жұмыс жасап тұр. Демек, өздерінің мұндай өндірістерінен едәуір алшақ жатқан Ресейдің Алтай мен Сібір аймағының тұтынушыларына қажетті өнімді алыстан мол шығынмен тасымалдағанша, жақындағы Өскеменнен сатып алған әлдеқайда тиімді. Бұл отандық өнімді үлкен нарыққа шығаруға жол ашады. Бүгінде «Орал механикалық зауыты» ЖШС-да шығарылатын иінді біліктің 75 пайызы мен «ҚазТрубпром» ЖШС шығаратын сорғы компрессорлық трубалардың 80 пайызы, «БҚМК» АҚ ауылшаруашылық техникалары мен мұнайгаз жабдықтарына арналған бірқатар бөлшектері ресейлік тауар өндірушілерге жөнелтіледі, «Қазармапром» ЖШС өндіретін ұнтақтағыш шарлар, шойыннан жасалған арматураның 80 пайызы ұзақ мерзімді келісімдерге сәйкес Ресейдің Стойло тау-кен байыту комбинатына тасымалданады.

Ал Қазақстанның технологиялық нарығындағы алдыңғы қатарлы өндіріс орны Петропавл ауыр машинажасау зауытының жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асты. Мұнда 1000-нан астам адам еңбек етеді, олардың төрттен бірі - жастар. Жастар демекші, кәсіпорындарға мамандар дайындау ісі елімізде қандай деңгейде? Кез келген саладағы техника атаулы күннен-күнге қарыштап дамып жатқан заманда әсіресе, осы машинажасау саласында сол заман ағымына сай кадрлар даярланып жатыр ма? Осы орайда бұл сауалды еліміздегі беделді оқу орындарының бірі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің машинажасау факультетінің оқытушыларына қойған едік.

«Бұл мәселені шешуде оқу орнымызда қолға алынған қадамның бірі - корпоративті университет құру болды, - дейді аталмыш университеттің Машинажасау технологиясы кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Тоты Мейірбекқызы - Ол университетті ұйымдастырғанда Қарағанды қаласындағы машинажасау зауыттарындағы технологиялық тәжірбиенің молдығы, тау-кен шахталарының құрылғыларын өңдеуде қолданылатын ілгерлемелі өңдеу әдістері, металл кесу құралдарын әзірлеудегі ауқымды тәжірбиелері олардың артықшылығын көрсетті. Корпоративті университет аясында зауыттармен оқу және өндірістік іс-тәжірибе өткізуге келісім-шарттарға қол қойылды, университет оқытушылары өндіріс жұмысшыларымен мамандықтарын таныстыруға шақырылады, оқу, ғылыми-зерттеулер бағытында нақты курстық және дипломдық жоба тақырыптары құрастырылды. Кәсіпорын кафедраның оқытушылар құрамының білімі мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етіп, оқытушыларды және студенттерді жаңа құрылғылардың түрлерімен және жаңа өңдеу технологияларымен таныстыратын болады».

Сонымен қатар машинажасау саласын аяққа тұрғызу мақсатында біраз жылдан бері елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының аясында бірқатар бағдарламалар іске асырылып келеді. Үкіметпен қабылданған Қазақстанда машинажасауды дамытудың салалық бағдарламасы, «Өнімділік-2020» бағдарламасы, инновацияларды дамыту мен технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу бағдарламасы экономикамыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. ҮИИДБ бағдарламасында көрсетілген 16 басым бағыттың алтауы осы машинажасау саласы бойынша қолға алынып отыр. Ал машинажасауды дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама кәсіпорындарды жоғары технологиялық және қазіргі заманғы жабдықтармен жаңғыртуға, халықаралық стандарт бойынша бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын жаңа кәсіпорындар құруға, жұмыс істеп тұрған отандық машинажасау кәсіпорындарының байланыстары мен кооперациясын дамытуға бағытталған.

Елбасымыз Н.Назарбаев жыл басында ел алдына еңбек өнімділігін 2050 жылға қарай бес есеге дейін арттыру міндетін қойды. Ол сондай-ақ Үкіметті тиімділігі жоғары инновациялық кәсіпорындар құруға, нақты қажетті өндіріс орындарын ашуға шақырды. Бұл тұрғыда, Қазақстанда жыл соңына дейін машинажасау саласының өндірістік көлемі 1,1 трлн. теңгеге дейін өседі деп күтілуде. VII Астана экономикалық форумында Қазақстанның машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев «2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның машина құрылысы өнімінің көлемі 850 млрд. теңгені құрады, ал 2014 жылдың қорытындысы бойынша ол 1 трлн. 100 млрд. теңгеге жетеді деп күтудеміз. Қазіргі таңда біздегі жүздеген кәсіпкерліктер индустрияландырудың екінші бесжылдығына біртіндеп өтіп жатыр. Енді біз екінші кезеңде өндіріс көлемін еселеп арттырамыз», - деп атап өткен болатын.

Бұл транспорттық машина құрылысы, мұнай-газ машина құрылысы, тау-кен рудасы, ауыл шаруашылығы, энергетикалық және өзге де салалардың арқасында мүмкін болып отырған локомотивтерді, жүк вагондарын, тікұшақтар, газ турбиналарын, көлік, тракторлар шығару және басқа да өндірістер болмақ. Бүгінде елімізде тепловоз бен электровоздар шығарылады. 2014 жылдың қаңтар-шілде айларының аралығында еліміздегі машинажасау өнімдерін өндіру көлемінің индексі 101,2 пайыз болса, республикалық өнерәксіптік өнім көлемінде машинажасау үлесі 4,1% құрады. Бұл салада биыл барлығы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Астанада шілде айында өткен Үкіметтің ҮИИД МБ жүзеге асуына арналған отырыста индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев ел аймағындағы сатылатын әрбір 4-ші көлік Қазақстанда жасалатынын мәлім еткен еді. Оның айтуынша, еліміздегі машинажасау 75 пайызға, құрылыс индустриясы - 47 пайызға, химия саласы - 28 пайызға көтерілген. Сөйтіп, Қазақстан өңдеу экономикасының қарқынды дамуында Түркия, Ресей, Корея мен Польшадан кейінгі орынды иеленіп отыр. Машинажасау саласының құрылымы өзгерген. Мәселен, 2008 жылы 60 пайыз жөндеу мен қызмет үлесін құраса, қазір теміржолдық машина жасау - 20 есеге, автоөнеркәсіп - 11 есеге артқан.

Ағымдағы жылдың жазында атвобустар мен коммерциялық автокөліктер өндіру саласында IvescoS.p.A., «AllurGroup» ЖШС компанияларымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы Семей қаласында «СемАз» ЖШС, «Камаз Инжиниринг» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «Iveco Казахстан» АҚ келісімге қол қойылды. Ал келесі, 2015 жылы Петропавлда ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника шығаратын Қазақстан және Финляндия инвесторларының бірлескен өндіріс орны - түрлі комбайндар мен тракторлар шығаратын жаңа кәсіпорын «Қазтехмаш» машина жасау зауыты» ЖШС іске қосу көзделіп отыр. Кәсіпорын жылына 200 бірлік ауылшаруашылық техникасын шығармақ, 128 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Машинажасау саласына кең өріс ашып отырған Кедендік одақтағы көршілеріміз біздің жүк көліктері, мобильді бұрғылау құрылғылары, теміржол вагондарының подшипниктері, трансформаторлар тәрізді тауарларымызға қызығушылықтарын білдіруде. Қазіргі мәліметтер бойынша, Қазақстанның 2013 жылы Кеден одағы елдеріне шығарған экспортында электрлік трансформаторлар шығару - 7,4 есе, тракторлар - 5,7 есе, жүк көліктері - 3,7 есе өскен.

Қазақстандық өндірушілерді қолдау әрі ынталандыру мақсатында ағымдағы жылы мамыр айында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «Техникалық даму бойынша ұлттық агенттік» АҚ KazINNO инновациялық жобалардың байқауын жариялады. Байқауға машинажасау саласындағы барлық жобалар радиотехника және электротехника, электроника, машинажасау, робот техникасы, жеңіл және астық өнеркәсібін жабдықтау, технологиялық қондырғыларды құрастыру бойынша қабылданады. Алматы қаласында 26-28 қыркүйекте мәлім болатын байқаудың қорытындысы бойынша 3 жеңімпаз өндіріс орны Кремний жазығына (АҚШ) жедел акселерацияға тегін барып, тағылымдамадан өту, шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, жобаларын әлеуетті инвесторларға таныстыра мүмкіндігіне ие болады.

Әлемде ұлттық өнеркәсiптiң технологиялық деңгейiнiң көрсеткiшi болып саналатын машинажасау кешеніне теміржол, ауыл шаруашылығы машиналары, автокөлік жасау, мұнай-газ, кен-шахта және металлургия қондырғылары, энергетикалық, электротехникалық құрал-жабдықтар, станоктар жасау, ауыр-жеңіл өнеркәсіптің еңбек құралдары, түрлі аспаптар жасау тәрізді 13 шағын сала кіретінін ескерсек, бұл саланың салмағының қаншалықты байыпты екені аңғарылады. Осы орайда саланы жүйелі дамыта отырып, өндіріс орындарындағы механикаландыру деңгейiн арттыруға және еңбек өнiмдiлiгiн ұлғайтуға мол мүмкiндiк ашамыз. Мемлекеттің түрлі бағдарламаларының негізінде қолға алынып жатқан үлкенді-кішілі жобаларды өз құрал-жабдықтарымызбен қамтамасыз ету арқылы импорт көлемін азайтамыз. Одан соң елдің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға да жол ашылмақ.

Жомартова Гүлнәр

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар