Айтуған МҰҚАШЕВ, кәсіпкер:
Отандық бұқаралық ақпарат құралдары «алты мың жылдық тарихы бар қазақтың қымызын неміс жұрты патенттеп алды» деп жарыса жариялағаны мәлім.
Біз Германияға барған сапарымызда «қазақтың бал сусынын иемденіп алды» деген мәселенің мән-жайын барынша білуге тырыстық. Қазақтар бас қосқан бір жиында неміс азаматының қымыз сатып тұрғанын көріп, жоғарыдағы ақпарат «рас екен-ау» деп топшылағанбыз. Бірақ Берлин қаласында «Жылқы шаруашылығының экологиясы мен экономикасы» бойынша зерттеу жүргізіп жүрген ғалым Айтуған Мұқашевтың «Қымызға патент алған немістер емес – мен!» деген сөзінен кейін көңілге бір үміт оянғандай болды. Ал мәселенің анық-қанығы қандай? Әңгіменің ақиқатын білу үшін жылқы шаруашылығын зерттеуші кәсіпкермен сұхбаттасудың сәті түсті.
Бірақ Берлин қаласында «Жылқы шаруашылығының экологиясы мен экономикасы» бойынша зерттеу жүргізіп жүрген ғалым Айтуған Мұқашевтың «Қымызға патент алған немістер емес – мен!» деген сөзінен кейін көңілге бір үміт оянғандай болды. Ал мәселенің анық-қанығы қандай? Әңгіменің ақиқатын білу үшін жылқы шаруашылығын зерттеуші кәсіпкермен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Германияда менің қорғаған жұмысым «жылқы шаруашылығының экономикалық және экологиялық тиімділігі» деп аталады. Ақиқатында, Германияда зерттеп жүрген жұмыс барысында тиімді бір дүние айта алсаң, оны бір айдың ішінде өндіріске енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Шикізат алып, өндіріс орнын тауып ғылыми жұмысты жүргізуге рұқсат бар. Барлық лабороториялық жұмыстың шығынын университет көтереді. Алғашқы жоба биенің басын көбейту және алынған сүтті арнайы құрылғы арқылы кептіру сабын, сабынсу, балаларға арналған дәрілер және тағы басқа жеті түрлі өнім жасауға арналды. Германияда атасынан бері жылқы шаруашылығын кәсіп қылған Ганс Цольман есімді азамат бар. Сол кісінің шаруашылығына ғылыми-зерттеу жүргіздім. Бірақ мен ол жақта толыққанды өндіріс аша алмаймын. Сольман екеуміздің бірге шығарған өнімдер Германияның да, менің де иелігімде.
Патент – белгілі бір өнертабысқа беріледі. Бұл болашақта артық қаражат әкелуі мүмкін дегені болмаса, асқан пайдасы жоқ. Мәселен, ауылшаруашылық университетін бітіргеннен кейін жылқы шаруашылығы экономикасынан қорғадым. Сосын қымыз жасауды қолға алдым. Қарағанды облысында қымызды бір жылға дейін сақтауға болады. Мен осы бір жылдық қымызды өндіріске енгізіп, патент алдым. Бірақ бұл – менен басқа адамға қымыз шығаруға болмайды деген сөз емес, ақылға сыймайды да. Себебі үш күндік, бір айлық қымыз бар. Біреу құмырада, яки шыны ыдыста, басқасы қалбырда немесе бөтелкеде шығаруы мүмкін. Менің қазіргі атқарып жатқан жұмысым арқылы бәлендей жаңалық аштым деп айта алмаймын. Себебі қымыз жасау жолы – ата-бабамыздан мәлім дүние.
Мәселен, қымыздан жасалатын сабын, бетке арналған крем, балаларға арналған суда еритін дәрілер және тағы басқа өнімдерді өндіріске енгізу жұмыстарын жалғастырудамыз. Міне, осындай өнімдерге патент алуға болады және бұл жұмыс белгілі бір ғылыми институт жанында іске асуы керек.
«Немістер қымызға патент алды» деп шулаған өзіміз
2011 жылы Германияда жылқы кәсібімен айналысатын Ганс Цольман есімді азамат Қазақстанға келді. Бірақ журналистер тарапынан «бұл кісі кім?», «Қазақстанға не себепті келді?», «кім шақырды?» деген сұрақтар неге қойылмады?! Барлығы дерлік «Сіз қымызға патент алып алған екенсіз?» дегеннен аса алмады. Германия ешқандай шығарған, ойлап тапқан дүниесін патенттемейді. Патент мәселесі дамушы мемлекеттердің әдеті. Әсіресе, Қытай елі шығарған дүниесін басқа біреу ұрлап немесе иемденіп алмауы үшін бірден патенттеуге жанталасады. Себебі біреудің шығарған дүниесін екінші біреудің емін-еркін иеленіп алуы қалыпты құбылыс ол жақта. Немістерге ренжитін жөніміз жоқ. Бүгінде Германияда бие сүтінен жасалып жатқан сабын, сабынсу, ұнтақ және тағы басқа қолданысқа қажет дүниелер Еуропаның Австрия, Голландия, Франция сынды өзге мемлекеттерінде де шығарылуда. Германияда қымызды денсаулыққа пайдалы деп ішпейді. «Денсаулыққа пайдалы» деп тұтыну үшін, ғылыми тұжырымдамасы, пайдаланылуы туралы рецептері болу керек. Ол жақта қымыз тек сусын ретінде пайдаланады. Сольман шығарған қымыздың қорабына «денсаулыққа пайдалы» деп жазғаны үшін үлкен көлемде айыппұл салған. Себебі Германияда қымыздың пайдасы ғылыми дәлелденген жоқ. Ал денсаулыққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын неміс жұрты үшін қымыз пайдалы екенін, қырық дертке ем екенін дәлелдеп берсең, ол жақтағы бие сүтінің сатылымы бірден өсетіні анық. Бастапқыда күніне жүз литр бие сүтін алып, сусын және ұнтақ ретінде сатып жүрген неміс кәсіпкері, бүгінде алты жүз литрге жуық сүт алады. Бірақ сүт пен ұнтақтың өтімі баяғы қалпында. Сол себепті Сольман бие сүтінің пайдалы екенін дәлелдеу үшін, қазақ ғалымдарымен бірігіп жұмыс істеу туралы ұсыныс жасады. Осы мақсатта Хан Сольманды Қазақстанға шақырдым. Немістің «қазақ қымызына патент алу» мәселесі ойына да кіріп шықпаған еді. Сольманның Қазақстанға сапарының мақсаты – біздің профессорлармен бірігіп, қымыздың денсаулыққа пайдасын зерттеу.
Кеңес үкіметі кезінде қымыздың пайдасы ғылыми негізде біраз зерттелген. Бірақ бекітілмеді. Біз осыны қайта жандандыруымыз қажет. Бие сүтіне қатысты ғылыми тақырыптарды профессорларға беріп, лабороторияларда қайта зерттеп, ғылыми негізде пайдалы екенін дәлелдеу және бекіту. Ол үшін ғылыми зерттеу институтын ашу керек. Институт ашу – біздің түсінігімізде бекіп қалғандай үлкен ғимарат салу емес. Бір кеңседе ғана ғылыми-зерттеу институтының менеджері өз қызметін атқарып отыруы мүмкін. Қалған лабороториялық зерттеу жұмыстары институттардың өзінде жүзеге асады. Мәселен, асқазан және ішек ауруларын зерттейтін институт, балалар тағамтану институты, туберкулез дертін зерттеп жүрген институт және тағы басқа институт профессорларының көмегіне жүгінуге болады. Ғылыми-зерттеу институты зерттелетін тақырыптардың барлық қаржылық шығынын қамтамасыз ететіні себепті, сол жаңалықтардың иесі болып табылады. Осыдан кейін барып қажет дүниеге патент алуға болады. Десек те, адам күнделікті тұтынатын суды патенттей алмайтыны секілді, бүкіл қымыз атаулыға патент аламын дегені – ақымақтық. Біреу қымызды күбіде, екіншісі шыны ыдыста, үшінші біреу капронда ашытуы мүмкін ғой. Әріге кеткенде ашыту жүйесін ғана патенттей аласың. Мейлі қазақ, мейлі неміс болсын, тек белгілі бір өнертабысқа, яки тауар белгісіне патент алуға құқылы.
Бүгінде немістермен біріге отырып ғылыми-зерттеу институты ашылды. Біз мұндай институтты Германиясыз да ашуымызға болады. Қымызды зерттеу 50 жылдардың басы мен 80 жылдардың ортасына дейін жүргізілді. Бірақ Германияда бұл тұрғыда тәжірибе мол. Оны бізге 5 жылдың ішінде үйреніп алуға болады. Оның үстіне бізде бие өрісте жайылады. Сондықтан біздің қымыз дәмі мен табиғилығы жағынан асып түседі. Қазір ғалымдар еуропалық әдісті қолдана отыра, қымызды әлемге танымал етуге ниетті. Бірігіп ашқан себебіміз, неміс жұрты біршама технологияда жетіліп қойған мемлекет. Қолданыста бар технологияны қайтадан ойлап жату қажет емес. Бұл – бір.
Екіншіден, дүниежүзінде Германия – сапаның белгісі екенін жасырын емес. Оның үстіне кез келген мемлекеттің стандарттарынан өтсең де, Германия қабылдамай жатады. Аталған елдің стандарт белгісі қай мемлекетте де беделге ие. Яғни маркетингтік жүрістің бір түрі. Біздің көздеп отырған нарық еуропа болуы себепті, сол мақсатқа Германия арқылы жол ашамыз. Экспортқа шығу үшін ең алдымен, біз өнімді зерттеп, оның қауіпсіз екендігіне әлемнің көзін жеткізуіміз керек. Бірлескен ғылыми институтта біз осы саланың нағыз мамандарын дайындай аламыз. Өнімге сертификат бере аламыз.
Дайындаған Айдана НҰРМҰХАН
Дереккөзі: aikyn.kz