ҚР Білім және ғылым министрлігі жасаған заң жобасы бойынша, Қазақстандағы 10 ЖОО академиялық еркіндік алатын болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев хабарлады.
«Қазіргі таңда бакалавриаттық білім беру бағдарламаларының 55%-ын, магистратураның 70%-ын және докторантураның 100 пайызын ЖОО-лар өздері белгілейді. Сондықтан оларға бағдарлама құрастыруда толықтай еркіндік бар», - деді ол журналистердің сұрақтарына жауап беру барасында.
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы білім саласындағы халықаралық стандарттар мен талаптарға сай жасалған. «Осыған қоса, бізде сынақ түріндегі бағдарламалар да бар, мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да ЖОО-лар. Бірақ заңның жаңа жобасында біз бұл деңгейді біршама кеңейткіміз келеді. Сонда ерекше статусы бар университеттер, яғни 10 ЖОО, академиялық еркіндік ала алады», - деді виуе-министр.
Брифингте вице-министр Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мамандарын 10 жоғары оқу орны дайындайтынын алға тарты.
«Алдағы 5 жыл көлемінде еліміздегі жоғары оқу орындары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өзіндік үлесін қоспақшы. Яғни 10 ЖОО аталған бағдарлама бойынша мамандар дайындауға кіріседі», - деп атап өтті ол.
Т. Балықбаевтың айтуынша, осы мақсатта қажетті қаржы бөлініп, жаңа білім беру бағдарламалары жасалып, сондай-ақ материалдық база күшейтіліп, профессорлық-оқытушылық құрам кеңейтілетін болады.
«Университеттер Үкіметтің шешімі бойынша таңдалып алынады. Қазір бірқатар университтер алғашқы іріктеу кезеңінен өту үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыдан кейін жоғары оқу орындарының нақты тізімі бекітіледі», - деді вице-министр.
Дерекөзі: http://www.inform.kz