– Жақында іссапармен қазақ-қытай шекарасына, Достық бекетіне барып, қайттық. Журналист ретінде көңілімді аударғаны, Қытай жағындағы ұзындығы 10 шақырым, ара қашықтығы 50 метрден орналасқан жел электр қондырғылары күндіз-түні жұмыс істеп тұр да, біздегі, Достық жағындағы жалғыз қондырғы айына бірер күн ғана жұмыс істейтін көрінеді. Қытай жағындағы жел қондырғысының құны 2 мың АҚШ доллары, ал біздегі жалғыз қондырғы 30-40 мың АҚШ доллары дейді.
– Мен бұл жайттан хабардармын. Достық бекетіндегі жалғыз қондырғының жұмыс істемеуіне кінәліні іздеудің қажеті жоқ. Достық бекетінде жел қондырғысы желдің жылдамдығы секундына 25 метрден асып кетсе, жұмыс істемейді, сынып қалады. Себебі шетелден алдырылған, 3 метрден 25 метр жылдамдықтағы жел екпініне ғана шыдас береді. Одан күштіні көтере алмайды. Себебі Қытай жағындағы желдің екпіні мен біз жақтағы желдің жылдамдығын бір-бірімен салыстыруға болмайды. Бізден жиналып барған желдің екпіні Қытай жеріне барғанда әлсірейді. Мұны ғылым тілінде аэродинамикалық құбыр деп те атайды. Мысалы, «Достық» бекеті түбінде Көктұма деген елді мекенде секундына 125 метрден асатын жел тұрады, Оның екпініне жел қондырғысы тұрмақ, ауыр жүк көліктері де шыдас бермейді. Сондықтан, бізге Жоңғар қақпасы үшін өзімізге лайықталған жел қондырғыларын салу керек немесе Қытайға тапсырыс беру керек.
– Осыдан бірер жыл бұрын біздің табиғатымызға лайықталған жел қондырғысының жобасын қолға алған едіңіз. Оның соңы не болды?
– Біздің жобамыз бойынша дайындалған жел қондырғысының жиырма шақтысы Жамбыл облысының Қордай ауданында, Қостанай, Шу, Жаңатас, Балқаш қаласында жұмыс істеп тұр.
– Істеп тұрса, оны неге көбейтпейміз?
– Біз қолдан келгенінше аянып қалып жатқанымыз жоқ. Зауыт болса, көбірек салуға болар еді. Соңғы кездері Қытайға тапсырып беріп шығарамыз ба деп ойлап жүрміз. Сұраныс өте көп. Үлгермей жатырмыз.
– Еліміз индустриалды-инновациялық дамудың даңғыл жолына түсті. Инновацияланып, индустриалданып жатырмыз дейміз.
– Инновация – ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, жаңадан шығарылған технология немесе әдіс пен тәсілдер. Дүние жүзінде жоқ нәрсе жаңадан шығарылса, соны ғана инновация дейміз. Расында, басында базбір шенеуніктер «Елімізде жоқ, бірақ басқада бар озық технологияны осында енгізуді инновация» деп насихаттап жүрді. Әрине, бұл жаңсақ түсінік. Ол инновацияға жатпайды. Мәселен, бізде компьютер шығарылмайды, оның бөлшектерін сырттан әкеліп, осында жинас-тырып, құрастырады. Шекарадан өткенде ол бүтін тауар болмағандықтан, бөлшек саймандардың кеден салығы төмен болады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, тасымалдау көлігіне бүтін тауардан гөрі, оның бөлшектері көбірек сыяды. Сондықтан оның тасымал құны да арзандау болады. Үшіншіден, Еуропамен салыстырғанда, бізде электр қуаты, жұмыс күші арзанырақ. Осының бәрі елімізде құрастырылған тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Яғни тауар арзан болған соң, оған сұраныс та жоғары болады. Дегенмен бұл инновация емес, тауарды өткізу нарығын кеңейту тетіктері болып табылады. Ал шетелден сатып алып, осында сатылатынды инновация демейміз. Қазақстанда да әлемдік деңгейдегі тың жаңалықтар ашылады. Мысалы, томография ҚазССР-дің физика-техникалық институты қабырғасында дүниеге келді. Ал томографияны медицинада қолдануды дамытқаны үшін бір америкалық ғалым Нобель сыйлығына ие болды. Сондықтан бүкіл әлем томография АҚШ-та дүниеге келген деп ойлайды. Мұндай мысал тәжірибеде жетіп-артылады. Дүниежүзінде өндірістік тыңшылық деген бар. Ал егер әлгі шетелдік сарапшылар қызғанып кетіп, ғылыми жұмысқа теріс баға берсе ше? Сөйтіп, кейін оны дамытып, өздерінде қолданса қайтеді? Біз ешқандай тыңшылықсыз-ақ тың идея мен жаңалықтарды өзіміз өз қолымызбен оларға ұсынып отырмыз. Одан қала берді, ақша береміз, сараптаған еңбегі бар ғой деп. Осы жағына, неге ешкім бас ауыртпайды?.
– Қазақстандық ғылымның әлеуетін Үкімет қалай пайдаланып отыр? Үдемелі инновациялық-индустриалды экономикада сіздердің қосқан үлесiңiз қандай?
– Ғалымдардың идеясы шетелдік сарапшылардың сүзгісінен өтеді. Және қазір әлемде ақыл-ойының әлеуетін жатқа сынатып отырған ел біз ғана шығармыз деп ойлаймын. Мәселе бизнес пен ғылым арасындағы байланыстың өз деңгейінде болмағанында болып тұр ғой. Қазақ ғалымдарының қарым-қабілеті әлдеқашан әлемдік деңгейге көтерілді. Мәселе, баста тұрған, қағазға сызба болып түскен идеяны қалыпқа құйып, сынақтан өткеретін ортаның болмай тұрғаны ғой. Әрбір зауыттың бұрышынан идея-жобаны сынақтан өткеретін бір бұрыш ашылса деген мәселенің көтерілгеніне біраз болып қалды. «Жарайды, құп» дейді де, нақты іске келгенде сиырқұйымшақтанып кетеді. Қазақ ғалымдарының идеясына біз емес, алдымен Батыс сарапшылары бата беру керек. Ата Түрік Түркияны немесе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды аз ғана уақыттың ішінде әлем таныған елдердің қатарына қосты. Бұл үлкен қажыр-қайраттың жемісі. Егер, Елбасы кезінде «Мен туған елімді дамыған елдердің қатарына қосқым келеді» деп Батыстың саяси-технологтарының айтқанына жүгінгенде, біз не болар едік. Қазақ ғалымдарының идеясының тағдыры Батыста емес, өз елімізде шешілуі тиіс қой. Қазір біздің тәуелсіздіктен бергі жылдарда сүзгіден өте алмай идея-ұсыныстарының сәл ғана жетілдірілген нұсқаларынан «майшелпекке батып отырған» елдердің аз емес екендігін сеземін.
– Кеңес Одағы кезінде ғылым шарықтап дамыса да оның әлеуетін пайдалануға ешкім құлық танытпады деседі... Сонда ғалымдардың идеясы бірден «шаң басқан архивтерге» жөнелтіле берген бе?
– Кезінде бір министрдің көмекшісі маған тура осы сауалды қойып еді. Нақтырақ айтқанда, ол: «Ғылымның не керегі бар, дүниежүзінің ғылымы бізден әлдеқашан озып кеткен. Мысалы, шетелдің шәугімі, үтігі, тоңазытқышы «советтікінен» әлдеқайда жақсы» деп көлгірсіді. Білмеген соң, бұлай шорт кесіп айтуға болмайды. Керек десеңіз, кеңес заманында шаруашылық тұтынысына арналған бірде-бір зертхана болған жоқ. Мәселен, танк шығаратын зауытқа тоңазытқышты қосып шығар деді. Ал Алматыдағы «Торпедо» шығаратын зауытқа қосымша кір машинасын шығарасың деп тапсырма берді. Әрине, әлгі зауыттардың бастапқы мақсаты негізгі өндіріс болған соң, соны дамытуға күш салды. Ал қосалқы өндіріске онша көңіл бөлінбеді. Ешкім оларды қосалқы өндірісті дамыт деп қыстамады да. Негізгі өндіріс жанданса болды деді. Сол себепті халық шаруашылығы тауарлары өндірісінің ғылыми жағы қағажу күйінде қала берді. Содан кейін бұл жағынан артта қалдық. Ол орынды да. Ал басымдық берілген салада әлем бойынша бізден озығы болмады. Әлі де сол кезде басымдық берілген сала бойынша алда келеміз, соңғы инерциямызбен. Нарық экономикасында бағаны нарық шешеді. Егер нарықтың бағасы бойынша қаламсап 100 теңге тұрса, онда мен бір ғалымға барып «мына қаламды 70 теңгеге шығатындай етіп жасап берші» деп тапсырыс беремін. Нарық заңдылығы деген осы. Ал кеңес үкіметінде бағаны мемлекет белгіледі, сондықтан кеңестік экономика шығынды болды. Бұл жүйелік мәселе болса, екінші жағынан, зауыт пен фабрикалар да жаңа технологияны қолдануға қызықпады. Олар, ең бірінші, алдына мемлекет қойған жоспарды орындауға мүдделі болды. Жұмысшының да еңбек өнімділігін көбейтуге зауқы соқпады. Өйткені жұмысшы бір жаңаша нәрсе ойлап тапса, мемлекет оған бір рет сыйақы береді, болды, ал жалақысында өзгеріс болмайды. Сол себепті ғылымда ашылған жаңалықтар қағаз жүзінде зертханада қала берді. Міне, қолда бар осы жүйені бүгіндері жетілдіріп, дамытуымыз керек еді. Бірақ оны біз түбегейлі өзгерттік...
– Сіз әңгіме арасында оптикалық компьютер туралы айттыңыз. Шынымен де, бұл мықты, дүние жүзі бойынша серпінді технологиялық жоба екен. Суперкомпьютерді де сырттан қыруар қаржыға сатып әкеліп жатырмыз, ал одан мықтысын жасап шығу да мемлекет үшін мәртебе емес пе?..
– Томография құсап ол да шетелге кетеді-ау деп қауіптенемін. Өйткені қаржы шығарту өте қиын. Шенеуніктер: «Сендердің шығарған технологияларың соншалықты мықты болса, оны неге бизнесмендер сатып алмайды» деп айтады. Ал тың жаңалықтың тауарлық өрнегі болмайтыны, сол себепті оны ешкім сатып алмайтындығы олардың миына да кіріп-шықпайды. Бүкіл бизнес дайын дүниені айналымға қосып, пайда тапқысы келеді. Ал бастағы, сызбадағы нәрсені дүние қып жасап шығу үшін қыруар уақыт пен қаржы кетеді. Оған бизнес аялдап, бір орнында күтіп отыра алмайды. Оны жасайтын, сараптамадан өткізетін, жетіл-діретін, толықтыратын жері болады. Пәленбай құжатты растатып, мөр басқызып, қаншама есіктің табалдырығын тоздырасың... Одан қала берді, тың дүние болған соң, оған жаңа мамандықтың иесі мен құрал-жабдықтары керек болады. Мысалы, оптикалық компьютерді алайық. Оны бізде қалай шығарамыз? Тіпті жай компьютер жасап шығаратын мекеме жоқ кезде. Компьютерді тек құрастырып, жинақтаймыз. Оптикалық компьютерден оңайлауы Күн сәулесінен қуат алатын батареяны алайық. Оның ішінде голографиялық концентраттар болады. Оны шығару үшін арнайы үстел керек. Ол кемінде 30 мың доллар тұрады. Бізде ол да жоқ...
– Жоғарыда шетелдіктерді таңғалдырған отандық инновациялық жаңалықтардың барын айттыңыз, осыны таратып бере аласыз ба?
– Бүгінгі еліміздегі инновацияны серпінді технологиялар, алдыңғы қатарлы технологиялар және прогрессивті технологиялар деп үшке бөлемін. Серпінді технологиялар – халықаралық нарықта ойып орын алатын технологиялар. Ал алдыңғы қатарлы және прогрессивті технологиялар – шетелдік экспорттың орнын басатын, Қазақстанға қажеттілері. Мәселен, жоғары технологияға компьютер жатады. Біздің институтта геоақпараттық технология деген бір бағдарлама болды. Соған сәйкес, бір зертхана оның бағдарламасын жасады. Ал біздің зертханада «Геоақпараттық технологияның техникалық жағдайы» деген тақырыпта ғылыми жұмыс әзірленді. Нәтижесінде, оптикалық компьютерді ойлап таптық. Ол – қазіргі есептеу саласындағы суперкомпьютерден де мықты дүние. Осылайша, мультипликативтік эффектіні зерттеп жүргенде, Күн сәулесінен электр энергиясын шығаратын қондырғы туындады. Мәселен, әлемде бар мұндай қондырғының тиімділік коэффициенті 18 пайыз болса, біздікі 60-70 пайызды бір-ақ қамтиды. Бұл – тиімділік коэффициентіне қатысты артықшылығы. Екіншіден, шетелден әкелінетін Күн батареясының ең арзаны – 1 Ваттық, 5 доллар шамасында. Ал оны біздегі технологиямен осында өндірсек, 60 центке бағаланады. Шетелдің 5 кВт-тық Күн батареясының ең арзаны 25 мың доллар болады. Ал біздікінің ең қымбаты бар-жоғы 3 мың долларды құрайды. Яғни біздің институт геоақпараттық технологиямен шұғылданып жүріп, қосымша осындай жаңалықтарды ашты.
– Елімізде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар арасында бұлар бар ма?
– Жоқ. Оған мемлекет те кінәлі емес. «Кім біледі, білгенін оқытады, кімнің қолынан келеді, сол істейді, ал білмейтіндер басқарады» деген жаңа мәтел бар. Бұл, меніңше, біздің шенеуніктерге қаратып айтылған сөз. Президент «инновация керек» деп қайта-қайта түртпектей берген соң, енді-енді ғылымда сең қозғала бастады. Егер Президент осы мәселені көтермесе, ешбір шенеунік ғылым үшін басын ауыртқысы жоқ. Елбасымыз ғылымға бөлінетін қаражатты 25 есе көбейтеміз деді. Ол солай болып та жатыр. Бірақ осы қаражаттың бөлінуі деген бір басқа да, оның ғалымның қолына келіп тиюі бір басқа. Мәселен, Қазақстанда инновациямен шұғылданатын 424 мекеме бар. Оның 121-і – университеттер. Бірақ олар инновацияға онша үлес қоспайды. Өйткені олардың басты мақсаты білім беру болғандықтан, соған баса назар аударады. Ғылыммен шұғылдануға уақыттары да бола бермейді. Тағы бір жағынан, олардың ғылыммен айналысатын арнайы зертханалары да жоқ. Жалпылай алғанда, елімізде инновациямен шұғылданатын 100-ге таяу ғылыми институттар бар. Ал қалғандары – түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Оның көбісінің қатарында ғалымдар жоқ. Кеңес заманында ғалымдар нені зерттеу керек екенін, оны қалай зерттеу қажеттігін өздері шешті, сондықтан ғылым қарыштап дамыды. Қазіргі кезде бұл міндет шенеуніктердің мойнына жүктеліп қойған. Ал шенеуніктер арасында ғылыммен айналысатындары бірен-саран, ал қалғанының мұрнына ғылымның исі де бармайды. Кейбіреуі, шынымен де, ғылымға жаны ашып, көмектескісі келеді, бірақ білімі жетпейді. Қолға алған ісін түбегейлі түсінбегендіктен, олардың қабылдаған шешімдері теріс болып шығып жатады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Авторы Гүлбаршын САБАЕВА
Дереккөзі: http://www.aikyn.kz