Өзектi

Абдулла САПАРОВ: «Жердің құнарын арттыратын арнайы заң мен жеке бағдарлама қажет»

12.10.2016

6468

Бүгінде Қазақстандағы топырақтың жағдайы сын көтермейді. Бұл жайында бізге Ө.Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абдулла Сапаров айтып берді. Күні кеше ғана жерге қатысты дау шыққанда бүкіл халық жер тағдырына бей-жай қарамайтынын байқатты. Сол сияқты топырақтың құнарлы қабатының тозуы бәрімізді де алаңдатуы тиіс. Бұл бағытта Үкімет нақты шешімдер қабылдауы тиіс. Осы мәселе төңірегінде білікті маман Абдулла Сапаровпен әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.

– Абдулла мырза, бүгінде елімізде топырақтың құнарлы қабаты тозып бара жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ топырақтың тозуы қандай деңгейде екенін сіз секілді мамандар ғана дәл айта алады. Ашығын айтыңызшы, Қазақстандағы топырақтың тозуы қай деңгейде?
– Иә, елімізде топырақтың құнарлы қабатының тозып бара жатқаны шындық. Мұндай мәселемен тек қана Қазақстан ғана бетпе-бет келіп отырған жоқ. Бұл – әлем елдерінің ортақ бас ауруы десем болады. Сондықтан дүниежүзі елдері топырақтың құнарлы қабатын сақтап қалуда түрлі жұмыстарды қолға алып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанда да жүріп жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз болып тұр.
Заман қанша дамып алға озса да, адамзат баласы өзіне қажетті сапалы азық-түліктің 95 пайызын қара жерден алып келеді. Сондықтан адамзат баласы топырақтың құнарлы қабатын көзінің қарашығындай сақтауы керек. Қазіргі таңда жер шарының құнарлы топырақ қабатының 70 пайызы деградацияға ұшыраса, 30 пайызы шөлейтке айналған.
Ал Қазақстан жайында айтсақ, қазір қазақ жерінің 70 пайызы түрлі деңгейде деградацияға ұшыраған. Сол себепті біздің институттың ғалымдары дабыл қағып, топырақтың құнарлы қабатын сақтау жайында ұсыныс-пікірлерін айтып келеді.
Еліміздегі құйқалы жерлердің санатына жататын 187,9 пайыз жайылымның 48 млн гектары қатты деградацияға ұшырап, топырағы тозаңға айналып үлгерген. Қазір ауылды жердегі халықтың бәрі мал ұстап, күнін көріп отыр. Олар қолдағы малын баяғыдай жазда жайлауға, күзде күзеуге түсіріп жайылымдық жердің оңалуына мүмкіндік беріп отырған жоқ. Қысы-жазы ауылдың айналасына малын жайып, қара жердің шаңын шығарып жіберген. Топырағытозаңға айналған жерлерге ащы адыраспан шығып, жайылымдық жерлердің аумағы күн өткен сайын тарылып жатқаны жанымызға батады. Осылайша еліміз бойынша ауыл маңындағы 25 млн гектарға жуық жайылымдық жер әбден тозды. Егер осы жағдайға мемлекеттік деңгейде тосқауыл қоймасақ, ертеңгі күні ауылдағы халықтың жағдайы күрт нашарлауы мүмкін.


– Қазіргі таңда еліміздің заң шығарушы органында жайылымдық жерді пайдалануға қатысты жаңа заңды талқылып жатқанын білеміз. Жайылымдық жерді сақтап қалуда осы заңға үміт артуға бола ма? Жалпы, жаңа заңды әзірлеу барысында өз ұсыныстарыңызды айтқан шығарсыздар?
– Әрине. Қазіргі таңда біз осы заңға үлкен үміт артып отырмыз. Деградацияға ұшыраған жайылымдарды сақтап қалудың жолдары бар. Бұған қатысты өз ойларымызды айттық. Бұл ретте шаруалар алыстағы жайылымдық жерлердің пайдалануы керек. Бұдан басқа топырағының тозаңы шыққан жерлерге түрлі мәдени дақылдар егіп, жайылымдарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу қолға алған абзал.
Бұл шаруаны қолында азын-аулық малы бар шаруалар өз еріктерімен атқара алмайтыны белгілі. Сондықтан мемлекеттік деңгейде заң қабылдап, шаруалардың жерге күтіп жасауын ынталандыратын жолдарды қарастыру керек. Өз басым еліміздегі құнарлы топырақ қабатын сақтап қалуда жайылымдық жерге қатысты бір заңмен шешілмейтінін ескерткім келеді. Бұдан басқа мемлекеттік деңгейде жердің құнарлығын қалпына келтіруге қатысты ұзақ мерзімді арнайы бағдарлама қабылдап, қаржы бөлген жөн. Жердің құнарын арттыруда осындай кешенді шараларды қолға алып, тиісті нәтижеге қол жеткізуге болады.
– Дұрыс айтасыз. Ойыңызға толықтай қосыламыз. Егіншілік мақсатта пайдаланып жүрген жерлердің де сапасы сын көтермейтіні жасырын емес. Бұл жөнінде не айта аласыз?
– Тың және тыңайған жерді игеру кезеңінен бері қарай айтатын болсақ, осы уақыт аралығында егіншілік бағытта пайдаланылатын суарылмайтын жерлердің құнарлығы 50-60 пайызға дейін кемісе, суармалы жерлердің сапасы 60 пайызға дейін төмендеп кетті. Кезінде еліміздегі егістік жердің жалпы көлемі 35 млн гектар жерді құраса, қазір ол 22,4 млн гектарға азайған.
Кеңес заманында топырақтың тиімділігін арттыру үшін тиісті көлемде тыңайтқыштар беріліп тұрды. Соның арқасында миллиондаған тонна астық алып, Қазақстан әлемге астығымен танылды. Қазақстандағы егістік жерге жоғарғы көлемде тыңайтқыш 1986 жылы сіңірілген. Сол жылы еліміздегі егістік жерлерге орта есеппен әр гектарына 29 келіден түрлі тыңайтқыштар сіңірілген еді. Ал бұдан кейінгі тоқырау жылдары жерге қажетті тыңайтқыштарды сіңіру ісі күрт төмендеп, топырақтың құнарлы қабаты төмендеп кетті. Нақты мысалмен айтсам, 2000 жылы бір гектар жерге берілетін минералды тыңайтқыштың көлемі 0,7 келіге дейін құлдырады. Сол сияқты органикалық тыңайтқышқа жататын көңді сіңіру көлемі бар болғаны 24 келіні құраған. Мұндай көлемдегі тыңайтқышпен жердің құнарлығын арттырмақ тұрмақ, оның деңгейін сақтаудың өзі де мүмкін емес. Осылайша тоқырау жылдары қазақ жері қатты тозып кетті.
Еліміздің экономикалық ахуалы жақсарған 2000 жылдан кейін атқарушы билік жердің жағдайына көңіл бөліп, қажетті минералды тыңайтқыштарды сіңірудің көлемін арттыруға күш салды. Нәтижесінде 2014-2015 жылдары әр гектарға сіңірілетін минералды тыңайтқыштардың көлемі 4,76 келіге өсті. Ал еліміз бойынша егістік жерге сіңірілген органикалық тыңайтқыштың көлемі 60 мың тоннаны құрады. Жерге жоғары көлемде тыңайтқыш берілген 1986 жылы органикалық тыңайтқыштың көлемі 33 млн тоннаны құраған еді. Осы бір жайттан-ақ жердің құнарлығын арттыруда бізді қаншалықты ауыр міндеттер күтіп тұрғанын бағамдауға болады.
– Елімізде топырақтың құнарлығын қалыпқа келтіруде біраз жұмыстар қолға алынғанын ашып айтсаңыз?
– Тәуелсіздік жылдары елдің еңсесін көтеру оңай болмағанын бәріміз түсінеміз. Қолда бар қаржыны басқа тартсақ, аяққа жетпейтін кезеңдер болды. Сондықтан жерді күтіп-баптау бағытында ешқандай жұмыстар атқарылмады деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жердің құнарын сақтау ісімен тікелей айналысатын біздің инстиуттың жұмыс істеп, ғалымдарымызды ғылыми зерттеу жұмыстармен айналысуына мемлекет қолдау көрсетіп отыр.
Енді нақты атқарылған жұмыстар жайында айтсам. Үкімет «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің әр аймағында жай-күйін анықтауды «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесіне тапсырған болатын. Бұл үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінді. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан бөлінген қаржының көлемі аз. Аталған мекеме еліміздің төрт облысында ғана топырақтың құнарлы қабатының жай-күйін бақылап, ұсыныстарын тиісті орындарға ұсынып келеді. Меніңше, олардың жұмыс ауқымын кеңейту керек.
Сонымен қатар ғалымдардың жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін еліміздегі шаруақожалықтары назарға алып жұмыс істеуі керек. Сол кезде ғана жердің жағдайы түзелуі мүмкін. Бүгінде отандық ғалымдар елімізде кең көлемде өсірелетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне сай топырақтың құнарлылығының нормасы қандай болуы керектігін анықтаған. Алдағы уақытта еліміздегі шаруалар осы ғылыми жұмыстардың нәтижелерін басшылыққа алып жұмыс істесе, көп өнім алып табысқа кенелер еді. Өкінішке орай, қазір шаруашылықтар мен ғалымдардың арасында байланыс өз деңгейінде емес.
– Абдулла мырза, ендігі кезекте өзіңіз басқарып отырған ғылыми-зерттеу институты жердің құнарын қалпына келтіру бағытында қандай жұмыстарды қолға алып отырғанын айтсаңыз?
– Қандай қиын жағдай болса да ғалымдарымыз өздерінің ізденісін тоқтатқан емес. Бүгінде біздер жердің құнарлығын қалпына келтіру бағытындағы тың технологияларымыз бен тыңайтқыштарымызды шығарып, шаруаларға насихаттап жатырмыз. Айталық, 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында тұз байланған, сортаң жерде жүгеріден мол өнім алудың технологиясын тәжірибелік учаскемізде шаруаларға көрсетіп, ауыл диқандарының қызығушылығын ояттық. Бізге дейін шаруалар жүгерінің әр гектарынан бар болғаны 37-54 центнерден ғана өнім алып келіпті. Бірлесіп жұмыс істеген шаруашылық біздің инстиут ғалымдарының дайындаған нанотехнологиялық тыңайтқышын пайдаланып, әр гектардан алатын жүгерінің көлемін 120 центнерге жеткізгенімізде Шәуілдірдің шаруалары таңғалды. Қазіргі таңда Отырар ауданының бірқатар шаруалары бізбен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
– Сонда тұз байланған жерді қалыпқа келтіру де біз үшін үлкен мәселе болып тұр ма?
– Әрине, топырақтың құнарының төмендеуінен бөлек, суармалы жерлердің тұздануы Қазақстан үшін үлкен мәселе. Қазіргі таңда елімізде тұзданған егістік жерлерінің көлемі 94 млн гектар жерді құрайды. Жалпы, ТМД бойынша тұзданған жерлердің 70 пайызы Қазақстанның еншісіне тиеді. Осы бір жайттан-ақ Үкімет жерді тұзданудан сақтаудың жедел іс-шарасын қолға алуы керек екенін аңғаруға болады.
Өз басым жайылымдық жерге қатысты заң қабылдап, жерге қатысты бар мәселе шешіледі деп ойламаймын. Іргедегі көршіміз Ресей осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді мемлекеттік тұрғыдан бақылауға қатысты арнайы заң қабылдап, құнарлы топырақты сақтап қалудың қамын жасауға күш салып жатыр. Бізге де осындай топырақтың құнарын қалыпқа келтіріп, сақтайтын заң қажет.
Жоғарыда айтқан «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мекемесі егістік бағытта пайдаланылатын 22,4 млн гектар жердің тек 3,3 млн гектар жеріне ғана сараптама жүргізеді. Ал қалған жердің не күйде екенін ешкім білмейді. Сондықтан топырақтың құнарын сақтауға қатысты жеке заң қабылдап, ғылыми мекемелердің зерттеу қорытындыларын шаруалар қатаң түрде сақтайтын жүйе қалыптастырумыз керек. Тіпті, бұл бағытта заңға қосымша арнайы бағдарлама қабылдау керек деп есептеймін. Егер арнайы бағдарлама қабылданса, топырақтың құнарын қалпына келтіру жұмыстарына арнайы қаржы бөлініп, шаруалар мен ғылыми мекемелер өнімді жұмыс істер еді.
– Топырақтың құнарын қалыпқа келтіруде сіздердің нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Біздер бірінші кезекте еліміз бойынша топырақтың картасын жасауды ұсынамыз. Өйткені кең байтақ қазақ жерінде топырақтың неше түрі бар. Соны басшылыққа алып, еліміздегі топырақтың картасын жасаудың маңызы зор. Біз картада топырақтың құнарының қай деңгейде екенін тайға таңба басқандай анық көрсетеміз.
Бұдан басқа ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді өндірістік бағытта тиімді пайдаланудың топтамасын жасау қажет. Өйткені қазіргі таңда агрохимия саласын жетік білмейтін шаруалар өздерінің иелігіндегі жерлерге қандай дақыл егу керек екенін білмейді. Соның кесірінен еңбегі еш кетіп жатқаны жасырын емес.
Кеңес заманында Қазақстан әлемге астық өсіруші ел ретінде танылды. «Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, біз әлі күнге дейн сол сүрлеу-соқпақпен келеміз. Келешекте біздер бидайдан да басқа дақылдарды өсіруге бет бұруымыз керек. Өйткені олар бидайға қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімді. Айталық, оңтүстіктегі көршіміз өзбектер мут деген дақылды еттің орнына пайдаланады. Соны өсіріп, іргедегі өзбекке саудаласақ, мол пайдаға кенелер едік. Сол сияқты Түркия мен Таяу Шығыстың көптеген елдері бұршақ тұқымдас жасымық деген дақылды көп тұтынады. Алдағы уақытта осы дақылдарды өсіруміз керек.
Биыл жаңбыр көп жауып солтүстіктегі кейбір диқандардың астығы дұрыс піспей қалды. Олардың бидайының сапасы 4 класқа дейін төмендеп кетті. 4 класты бидайды мал азығын жасауға ғана пайдаланатыны белгілі. Осылайша биыл кейбір шаруалар шығын шегіп отыр. Егер Үкімет бізге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді өндірістік бағытта тиімді пайдаланудың топтамасын жасап шаруаларға тартуға мүмкіндік берсе, қай жерге қандай дақылдарды өсіру қажет екенін шаруаларға көрсетіп, олардың шығынға батуына жол бермес едік. Қазіргі таңда астық дақылдарының ішінде жыл сайын егілетін бидайдың көлемі 62 пайызды құрайды. Меніңше, алдағы уақытта бидай өсірудің көлемін біршама төмендетуіміз керек.
Егер Үкімет бізге мүмкіндік берсе, еліміздегі шаруалардың жыл сайын қандай дақыл өсіруі керек екенін сараптап, маңызды ақпаратты шаруалармен қажетті ақпаратпен бөлісер едік. Сол кезде диқандарымыз жыл сайын бидай егіп тәуекелге бармас еді.

Нұрлан Жұмақанов, "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі жетекшісі.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар