Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес отырысында 12 жылдық білім беруді енгізу және мектептегі оқу бағдарламасы стандарттарын жаңарту мәселелері талқыланды.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың айтуынша, қоғам арасында кеңінен талқыланып жатқан аталмыш мәселенің өзектілігі - білім беру үдерісін жаңғыртудың қажеттілігімен негізделеді. Бұдан бөлек, білім мен ғылым саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру, орнықты экономикалық өсім үшін адами капиталды дамыту - ең бірінші кезекте орта білімнің оңтайлы моделін таңдауға, оны енгізудегі тиімділікке тікелей байланысты болып табылады. Сондықтан да, қазіргі таңда педагогтар ортасында ғана емес, жалпы қоғамда тұтастай білім беру саласының бағыты, формалары, кезеңдері, моделді енгізу мерзімдері, оның нәтижелілігіне қатысты болжамдар кеңінен талқылану үстінде.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқылау барысында депутаттар 12 жылдық білім беруден бөлек, білім мазмұнының сапасын арттыру, мектептерді оқулықпен уақытылы қамтамасыз ету секілді проблемаларды да көтерді. Бұдан бөлек, тараптар үш тілді оқыту жүйесін енгізуге қатысты да пікір алмасып, педагог кадрлар даярлау, орта білім мекемесіндегі ресурстық қамтамасыз етулерге қатысты сұрақтар қозғалды.
Депутаттар әсіресе ауылдық жерлердегі шағын жинақталған мектептердің оқу процесін жаңғыртуға бағытталған қадамдарға назар аударды. Бұнымен қоса, халық қалаулылары Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің қызметіне де көңіл бөлді. Олардың айтуынша, Кеңес мүшелері министрлік үшін білім реформасындағы өзгерістерге сәйкес, қазақстандық қоғамның пікірлерін ескере отырып, ұсыныстар әзірлеуі керек. Талқылау нәтижесінде «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес ҚР Үкіметіне бірқатар ұсыныстар жолдады.
Дереккөзі: inform.kz