Қазақстандағы жекеменшік ЖОО-ларда білім сапасына қатысты мәселелер әлі де бар - А.Сәрінжіпов
Қазақстандағы жекеменшік жоғары оқу орындарында білім сапасына қатысты мәселелер әлі де баршылық. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.
Министрдің сөзіне қарағанда, соңғы уақытта елімізде білім беру талаптарына сай келмейтін жиырма оқу орнының лицензиясы тоқтатылған. Соның ішінде былтырғы жылы бес жоғары оқу орындары жабылған.
«Қалған оқу орындарымен білім сапасын арттыру туралы жұмыс жасалып жатыр, олар проблемаларды шешсе, талаптарды орындаса, лицензиялары қайтарылуы мүмкін. Қазіргі күні елімізде 125 жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Солардың ішінде жиырмаға жуығы - жеке меншік. Осы оқу орындарының сапасына қатысты әлі де сұрақтар туындап отыр. Біз олармен жұмыс істеп жатырмыз, егер мәселені шешпесе, ондай университеттер жабылатын болады», - деді депутаттар сұрағына жауап берген А.Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні жоғары оқу орындарын аккредиттеу жүйесіне көшу мәселесі де өзекті. Бұл жүйенің 2017 жылы енгізілуі күтіледі.
«Осы алдағы екі жыл ішінде біздің университеттеріміз бен аккредиттеу жүргізетін ұйымдар дайындықтан өтетін болады», - деді министр.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Білім , ЖОО-лар , Парламент , Сенат , Заң , ҚР Білім және ғылым министрлігі
Дереккөзі: inform.kz