Астанадағы «Болашақ» бағдарламасының конференциясына әлемнің 40-тан астам университеті қатысады
Астанада 16 қазан күні «Bolashak Alumni Reunion Conferenceand Education Fair-2015» атты дәстүрлі көрме-конференциясы өтеді. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов мәлім етті.
«Көрме-конференция екінші жыл қатарынан өткелі отыр. Былтыр ол өте сәтті өтті және оған шетелдің 40-тан астам университеті келген болатын. Қазақстандық университеттер де келді. Шамамен 4 мың адам қатысқан. Биыл да сондай қарқынмен өтеді деп жоспарлануда. Сондықтан бұл шараны жыл сайын өткізіп тұратын боламыз. Бұл пікір алмасуға, білім саласындағы жаңа үрдістерді талқылауға таптырмас алаң. Шетелдік сарапшылар Қазақстан ЖОО-ларының алған бағытына баға беріп, Қазақстандағы «100 қадам» бағдарламасының оң тұстарын талқылайтын болады», - дейді Ғ. Нығметов Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Сонымен қатар шара аясында әлемдік жоғары оқу орындарының көрмесі өтеді.
«Ол көрмеге Астана және көрші аудандардың оқушылары мен студенттері шақырылды. Олар көрмедегі университеттердің бағдарламаларын көре алады», - деп түйді сөзін ол.
Дереккөзі: inform.kz