Алматыда «Болашақ» халықаралық стипендиясының бірінші тіл мектебінің ресми ашылу салтанаты болып өтті.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және «Болашақ» халықаралық стипендиясының ресми әкімшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның бастамасы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті базасында Қазақстандағы бірінші тіл мектебі құрылды, деп хабарлайды ҚазҰУ-нің баспасөз қызметінен.
Тілдік даярлықтың негізгі серіктесі білім саласындағы жетекші халықаралық ұйым - Британдық Кеңес болып табылады. Мектеп жұмысы «Болашақ» стипендиаттары алғашқы 6 айда тілді Қазақстанда, қалған 6 айда шетелде оқитын «6+6» ағылшын тілін оқудың жаңа форматын ұсынады. Бұл курс академиялық бағдарламаға түскен стипендиаттардың квоталық санаттарын даярлауға есептелген. Тағылымдамашылар тілді тек Қазақстанда ғана оқитын болады.
Мектептің ресми ашылу салтанаты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры М.Бүркітбаевтың, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғ.Нығыметовтің, Британдық кеңестің өңірлік директоры Энди Уильямстің қатысуымен өтті.
2015 жылы «Болашақ» стипендиясы тағайындалған мектептің алғашқы 38 тыңдаушысы оқуды бастап кетті.
Дереккөзі: inform.kz