Қатерлі ісікпен күресуге 2 млн. доллар бөлген А.Мырзабаев ғылымды қаржыландыруды мақсат етуде
Қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатындағы зерттеулерге 2 млн. АҚШ долларын бөлген 25 жастағы қазақстандық бағдарламашы Асхат Мырзабаев болашақта ғылымды одан әрі қаржыландыруды мақсат тұтып отыр. Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен Қазақстанның патриоттар форумында мәлім етті.
«Менің жасым қазір 25-те. АҚШ-та қызмет еткен кезде мен жұмыстан тәжірибе алып қана қоймай, бір маңызды нәрсені ұқтым: ұлы нәрсені өмірге әкелу үшін, ауқымды ойлау керек, өзіңе терең сұрақтар қоюың керек. Өмірдің мәні не? Қандай із қалдыра аламын? Адамзатқа не беремін? Өзіме ол сауалдардың жауабын таптым. Мен ғылымның дамуын қолдағым келеді. Сол үшін де мен қатерлі ісік пен онкологияны зерттеуге 2 млн. доллар бөлуді шешкен едім», - деді ол форум барысында.
Оның айтуынша, ауыр дертке душар болғандарға көмектесу құштарлығы онда студенттік кезден басталған.
«Университеттің үшінші курсында мен АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына Твиттер компаниясына тәжірибелік жұмысқа орналасуға мүмкіндік алдым. Онда мен керемет жігіттермен таныстым, олар маған жобаны жасауға көмектесті, кейіннен оны Microsoft компаниясы сатып алды. Осыдан соң мен көлемді ақпаратпен жұмыс жасауда ірі қаржы компанияларының тәжірибесін алдым», - деді ол.
Дереккөзі: inform.kz