Индустриялық бағдарлама аясында бес жылда 17 мың жоғары білімді маман қажет - ҚР БҒМ
Биыл ҮИИДБ аясында мамандарды даярлауға ЖОО-ларға 4 млрд. теңгеге тарта қаржы бөлінеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда жастардың саны халықтың 25 пайызынан астам үлесін қамтып отыр. Осы жастардың ішінде (14-29 жас аралығында) 40 пайыздан астамы 1,7 млн. адам қазіргі кезде білім беру саласында тәлім алуда, яғни орта мектептерде, кәсіби-техникалық оқу орындарында, ЖОО-ларда оқып жатыр. Сондықтан да «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасы - біздің жастардың қатысуына үлкен маңызы бар фактор. Ол бүгінгі таңда жастардың сапалы білімі мен кәсіби дайындығын талап етеді», - деді вице-министр.
Осы орайда ол Елбасы индустрияландыру бағдарламасының аясында жоғары оқу орындарының зертханалық базаларын жүйеге келтіру үшін және ЖОО-ларды дамыту тұрғысында алдағы үш жылда 10 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлуді тапсырғанын еске салып өтті.
«Осы мақсатта біздің министрлік 10 жоғары оқу орнын және колледждерді қазір анықтап, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қажетті білікті мамандарды даярлайды. Біздің зерттеуіміз бойынша, бұл жаңа бағдарламада аладағы бес жылда 35 мыңнан астам маман қажет болады. Олардың ішінде 17 мыңы жоғары білімді, 18 мыңы техникалық-кәсіптік білімі бар мамандар», - деді Т. Балықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мамандарды даярлау үшін жоғары оқу орындарында арнайы мамандықтар ашылады. Осы бағыттағы тиісті жұмыстарды атқару үшін биыл ЖОО-ларға 4 млрд. теңгеге тарта қаржы бөлініп, игеріледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда ҮИИД МБ мамандарын 10 ЖОО дайындайтын болады. Алдағы 5 жыл көлемінде еліміздегі жоғары оқу орындары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өзіндік үлесін қоспақшы. Т. Балықбаевтың айтуынша, осы мақсатта қажетті қаржы бөлініп, жаңа білім беру бағдарламалары жасалып, сондай-ақ материалдық база күшейтіліп, профессорлық-оқытушылық құрам кеңейтілетін болады.
Дереккөзі: inform.kz