Бүгінде елімізде қытай медицинасы дамып келеді. Дәстүрлі ем-домнан бөлек, әрқилы дертті инемен емдеу тәсілі арқылы дертке дауа табылып жатыр. Асқар Дәкен – қытай медицинасын тереңінен зерттеген дәрігер.
Қытайдан атамекенге қоныс аударған ақ халатты абзал жан – Алматыдағы «Интермед-М» медициналық орталығының бас дәрігері. Біз бүгін дәрігермен қоғамды дендеген дерт түрлері һәм оларды инемен емдеу тәсілдері жөнінде кеңірек әңгімелестік.
– Асеке, атамекенін аңсап, елге қызмет етуге келген азаматтардың бірісіз. Жалпы, қытай медицинасына деген қызығушылық қалай пайда болды?
– Қытайдың Тарбағатай деген жерінде дүниеге келдім. Сол Тарбағатайда мектеп бітіріп, Шанхай медициналық университетінде білім алдым. Оның алдында Қытайдың Гансу провинциясының Лянжу деген жерінде медициналық курстан өткен едім. Қытайда медициналық білім беретін оқу орындарында инемен емдеу әдісі туралы жалпы мағлұмат беріледі. Бүгінде Қазақстанда да медициналық білім алатын студенттер Шығыс медицинасынан сусындайтыны белгілі. 1993 жылы Шанхай медициналық университетін жалпы медицина мамандығы бойынша тамамдадым. Сөйтіп, Үрімшідегі Көмір-кендер орталық ауруханасының нейрохирургия бөлімінде нейрохирург болып 4 жылдай еңбек еттім. Ауруханада қызмет атқарып жүріп, атамекенге оралу туралы ой келді. Отанға оралмас бұрын Пекиндегі Орталық Қытай медицинасы ғылым академиясында инемен емдеу курстарынан 3 айлық дәріс алып, білімімізді шыңдадық. 1997 жылдың аяғында атамекенге оралу бақыты бұйырды. Елге оралғанмен ауруханаға мамандығым бойынша жұмысқа орналасу қиын болды. Ол кезде орыс тілін білмеймін, осы жағы қиындық тудырса керек, ауруханаға қабылдамады. Өйткені нейрохирургия саласының мамандары үшін орыс тілін білу маңызды еді. Сөйтіп, алғашында күнкөріс қамы үшін сауда-саттықпен айналыстық. Бірақ мамандығым бойынша еңбек ету мақсатында Асфендияров атындағы медицина университетінде Шығыс медицинасы бойынша студенттерге дәріс оқыдым. Осылайша, атамекендегі тіршілігіміз басталып та кетті.
– Медициналық орталықты қалай аштыңыз?
– Медициналық университетте ұстаздарға төленер жалақы аз ғой. Отбасымды асырауға мүмкіндік болмады. Содан ұстаздықты қойып, жекеменшік компанияларда, қалалық емханаларда еңбек етіп жүрдік. Азын-аулақ қаржы жинап, 2008 жылы Қытай медицинасымен емдейтін осы орталықты ашуға мүмкіндік туды. Қазір Алматыда Х.Досмұхамедов көшесінде №9 үйде «Интермед-М» атты медициналық орталықта (тел: 2337471, сайт: www. doctorlin.kz) халыққа қызмет көрсетіп жүрген жайымыз бар.
– Өзіңіз айтып отырған инемен емдеу тәсілінің пайда болу тарихы қандай?
– Инемен емдеу әдісі Қытайда қай кезеңде пайда болғаны белгісіз. Алғашында тасты үйкеу арқылы емдеу әдістері болды деген дерек бар. Бірақ инемен емдеу тәсілі 2000-3000 жыл бұрын пайда болды деген болжам айтылады. Ол кездері адамдар темір, болат инелер арқылы ем алса, кейін келе күміс, мыс, алтын инелерді пайдаланған. Бұл емдеу әдісінің негізгі отаны – Қытай. Бір қызығы, инемен емдеу әдісі көп шығынды қажет етпейді. Мәселен, арнайы құрылғысыз, ешбір отасыз іске асырылатын ем-дом түрі болғандықтан өте тиімді. Біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылдары Корея, Жапония елдері аталмыш әдісті меңгерсе, инемен емдеу ХVІ ғасырда Еуропаға қарай таралды. Қазір әлемнің 120 елінде инемен емдеу әдісі кең өріс жайды. Негізінен, бұл әдіспен 300-ден астам дертті емдеуге болады. Бірақ біз қазір 100-ге жуық дертке ине арқылы ем тауып жүрміз.
– Инемен емдеу әдісі Қазақстанға қалай келді?
– Қазақстанға қай кезде келгені белгісіз. Бірақ қазақта инемен қан шығару сияқты әдістер болған. Тіпті инемен емдеу қазақтың дәстүрінде де болуы мүмкін. Кеңес Одағының кезінде инемен емдеуді Мәскеу қатты дәріптеді. Тіпті Шығыс медицинасын зерттеу орталықтары ашылды. Неге десеңіз, дәл сол заманда дәрі-дәрмек тапшы, арнайы медициналық құрылғылардың жетіспеушілігі белең алғандықтан, тиімді әрі ыңғайлы инемен емдеу әдісі қолданылған. Қазір тәуелсіз Қазақстандағы медициналық білім беру университеттерінде Шығыс медицинасы кафедрасы бар. Яки арнайы оқыту курсы ашылды. Қазір инемен емдеу тәсілін меңгерген дәрігерлер арнайы емтихан тапсырып, ем-дом шараларын жүргізуге арналған сертификат алады. Аталмыш құжатсыз инемен емдеу әдісін жүргізуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, инемен емдеу әдісі бірізге қойылған.
– Медициналық орталыққа келушілер, негізінен, қандай дертпен келеді? Жалпы, қандай ауруларды емдейсіздер?
– Негізгі мамандығым – нейрохирург болғандықтан, неврологиялық ауруларды емдеймін. Негізінен, бас, омыртқа, мойын аурулары, бет неврологиясы, қабырғааралық неврология сияқты дерт түрлерін емдесек, инсульт алып, сал болып қалған адамдардың да дертінен айығуына көмектесеміз. Мәселен, медициналық орталыққа жүз адам келді десек, соның 70-80 пайызы неврологиялық дертіне дауа табуға келеді.
– Ине қабылдаудың зиянды тұстары бола ма? Қандай жағдайда инемен емдеу әдісін қолданбаған дұрыс?
– Әрине, кез келген емдеу әдісінің зияны мен пайдасы қатар жүреді. Инемен емдеудің зиянды тұстары бар. Бірақ өте аз. Мәселен, қан ісігі ауруына шалдыққан адамға ине қоюға болмайды. Сонымен қатар дене қызуы көтерілген адам, жүкті әйелдерге ине қоймаған абзал. Жалпы, инені қоятын арнайы орындар болады. Мәселен, қол мен аяқтың терісі қалың болғандықтан ине қою қауіпсіз. Бірақ терісі жұқа жерлерге анатомияны терең меңгермеген адам ине қоя алмайды. Бауыр, бүйрек тұсына ине қою үшін тереңдікті байқау керек. Бүйрек пен бауырға немесе кеуде тұсында инені тереңірек батырып жіберсе, ағзаға зияны тиеді. Сондай-ақ мойын тұсындағы арнайы нүктелерге де инені терең салуға болмайды. Өйткені мойынның кейбір қауіпті тұстарына ине салса, адам өліп кетуі де мүмкін. Сонымен қатар кейбір ісік ауруларына шалдыққан адамдарға ота қажет болса, инемен емдеудің керегі жоқ. Өтіп кеткен аурулардың алдымен себебін зерделеу керек, егер өзге медициналық тәсіл бойынша ем-дом қажет болса, инемен емдеуді шегереміз. Жалпы, бұл әдіс кешенді емдеу шараларының бір бөлігі ғана. Инеден бөлек, кешенді емдеу шараларына массаж, кей кезде дәрілік шөптерді де пайдаланамыз. Қытай медицинасын зерттегендіктен, дәл сол елде пайдаланылатын шөптерден жасалатын дәрі-дәрмектерді қолданамыз. Негізінен, ине салатын маман медицинаны жан-жақты меңгергені дұрыс. Адамның терісі мен тіндерін терең меңгеріп, анатомияны да білгені жөн.
– Остеохондроз дерті бүгінгі заманда екінің бірінде бар. Өйткені көшеде қара күшін сарп еңбек етіп жүрген адамдардан гөрі кеңседе отырып қызмет ететін азаматтар көп. Жалпы, остеохондрозды емдеу әдістері туралы айтып берсеңіз...
– Жалпы, остеохондроз – жұмсақ тіндердің қатайып, кальцифи-кациялануынан пайда болатын дерт. Қазақта оны «мойынға тұз жиналды» деп айтады. «Остео» сөзі сүйек дегенді білдірсе, «хандроз» сүйектің кальцификациялануы дегенді білдіреді. Көп жағдайда остеохондроздың өзі ауру тудырмайды. Бірақ омыртқаның маңындағы жұмсақ тіндер мен бұлшық еттер қабына бастаған кезде адамда ауырсыну сезімі пайда болады. Негізі ауырсыну осы қабынудан туындайды. Сондықтан адамдар остеохондроздан туындаған дерт деп түсінеді өзі. Көп жағдайда остеохондроз емделмейді. Ем-дом қабылдағанмен ауырсыну сезімі азаяды, бірақ бұдан құлан-таза айығу мүмкін емес. Ем барысында остеохонд-роздан туындайтын ауырсынудан айықтыруға тырысамыз. Бірақ емделгеннен гөрі сақтанған дұрыс.
– Сақтану шаралары қандай?
– Қазір адамдарда физикалық қызмет, яки әрекет аз. Ең тиімді тәсіл, әрине, спорт. Салауатты өмір салтын сақтап, тұрақты түрде спортпен айналысу керек. Қазір көбіне мойын остеохондрозы басым. Кеңседе адамдар көбіне отырып жұмыс атқарады. Сондықтан адамның мойнындағы бұлшық ет созылмалы күйде тұрады. Бірқалыпты ұзақ отыру – қауіпті. Сол себепті сағат сайын арнайы он минутты бөліп, мойынды оңға, солға бұру арқылы жаттығулар жасаған ләзім.
– Бүгінгі күннің тағы бір өзекті дерті – семіздік. Қазір байқасаңыз, адам семіруге бейім. Жалпы, бұл дертті емдеуге де болады ма?
– Аурудың салдарынан туындайтын семіздік бар. Бірақ қазір адамдардың дұрыс тамақтанбауы салдарынан туындайтын семіздік басым. Байқасаңыз, қазір барлығымыз жаппай тез дайындалатын тағамға әуеспіз. Оның үстіне кешқұрым жұмыстан келіп, тамақ ішіп, жата қаламыз. Мұның өзі адамның бойында артық салмақтың пайда болуына әсер етеді. Әрбіріміз тұтынып жүрген тағамдардың құнарлығы көп. Осындай тағамды жеп болған соң, жеңіл қимыл жасап, жүгіріп, бір-екі шақырым жаяу жүрсе, семіздіктің алдын алуға болар еді...
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
Дереккөзі: aikyn.kz