Өзектi

БИІКТЕРДІ БАҒЫНДЫРҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ

23.12.2014

6684

Бүгінде талай оқушыны білім нәрімен сусындатып келе жатқан «Жаңа ғасыр» №175 мектеп-гимназиясы 2006 жылдың 1 қыркүйегінде ашылды.
Таугүл ықшамауданында ашылған бұл білім ордасы осы аз уақыттың ішінде талай жетістікке жетіп, қаладағы ең озық мектептердің қатарына қосылып үлгерді.

Гимназияның аяғынан тік тұрып кетуіне мектеп директоры Мәнекеева Гаухар Бозжігітқызының басқару және ұйымдастырушылық қабілеті үлкен септігін ти­гіз­гені анық. Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетін үздік аяқтап, өзінің жаңашылдығымен, ізденімпаздығымен көзге түскен ол 1991–1996 жыл­дары Алматы қаласының №12 мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1996–2001 жылдар аралығында ортаазиялық колледж және ли­цей­дің директоры болып қызмет атқарды, ал 2001 жылдан Әуезов ауданы №1 мек­тептің директоры болып тағайындалды. Аталмыш мектепті гимназия дәре­жесіне көтерген білікті маман «Жаңа ғасырдың» да дамуына бар күшін салып, ынтымағы жарасқан ұжым қалыптастырады. Педагогика ғылымдарының кандидаты осы күнде білікті басшылығы үшін Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның Білім беру ісінің Құрметті қызметкері және «Құрмет» ордені сынды марапаттарға ие болды.

Үнемі ізденіс пен шығармашылық жолында жүретін Гаухар Бозжігітқызы кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің арқасында сапалы білім беру мен рухани адам­гершілікке тәрбиелеу әдістерінің жаңа қырын дамытып келеді. Сол мақсатта жыл сайын көктемге қарай «Білімді ұрпақ – ел болашағы» атты қорытынды ғы­лыми-тә­жірибелік конференция өткізіліп тұрады. Дарынды оқушылар мен оларды дайындаған шығармашыл ұстаздарға марапат, қолдау көрсетуге бағыт­талған бұл кон­ференцияда жоғарғы оқу орындарының оқытушыларымен, профессорлары­мен, ғалымдармен кездесу ұйымдастырылады. «Жаңа ғасыр» өз оқушыларының жетістіктерімен де мақтана алады. Ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім беру жолында біраз түлектің өмір жолының даңғыл болуына септігін тигізген мектептің қысқа уақыт­та жеткен жетістіктері толағай. Атап айтар болсақ, биылғы жылы ҰБТ көр­сеткіші бойынша республика көлемінде үздік мектеп қатарына еніп, қала бойын­ша 4-орынды иеленді. Ал соңғы 3 жыл көлемінде ҰБТ бойынша салыстыр­малы көрсеткіші 104,8-ден 109,6 балға артты. 6 жыл қатарынан «Алтын белгіге» ұсы­нылған оқушылар өз білімдерін дәлелдеп, ата-ана мен ұстаздарының үмітін ақтап шықты. Осы жылы 19 оқушы «Алтын белгіге» ие болды. Соңғы 3 жылда 107 түлек мемлекеттік грант бағдарламасы бойынша оқып жатса, 3 түлек «Болашақ» бағ­дарламасы аясында білімін ұштауда. Шәкірттердің білім дәрежесінің көрсет­кіші ретінде гимназияның алғашқы 51 түлегі жоғары оқу орнын бітіріп, олардың 28-i магистратурада білімiн жалғастырса, ал 12 түлек таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанын айтып өтуге болады. Жалпы, білім ордасынан қанат­тан­ған оқушылардың барлығы дерлік өмірден өз жолдарын табуда.

Гимназия тәрбиеленушілері аудандық, қалалық, республикалық пәндік олим­пиа­далармен қатар, халықаралық байқауларда да бағын сынап, жүлделі орындар алып жүр. Соңғы төрт жылда аудан көлемінде пәндік олимпиададан 201 оқушы жүлдегер атанса, қалалық олимпиадада 25 оқушы, республикалық олим­пиадада 9 оқушы олжалы орындарды иеленді. Ал халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарынан жүлделі оралған 45 жеңімпаздың 30-на «Үркер» төсбелгісі табыс етілді. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Оқушылардың биіктерден көрінуінде қара шаңырақ тәлімгерлерінің де үлесі зор. Мерейлі мектеп ұжымында бұл күнде 102 білікті маман қызмет етеді. Олар­дың көбісі – жоғары санатты ұстаздар мен ғылым докторлары. Ұжымда сондай-ақ Қазақстанның «Білім үздігі» және «Ы.Алтынсарин» медальдарының иегерлері атанған жандар да бар. Гимназияда авторлық бағдарламалар, әдістемелік құралдар, дидактикалық материалдар және оқулық авторлары атанған мұғалiм­дердің де еңбек ететінін айта кеткен жөн. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстан Республикасы педагог кадрларының білікті­лігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында І, ІІ, ІІІ деңгейлі оқыту курс­тарынан өтіп, 23 мұғалім «Назарбаев зияткерлік мектебі» бағдарламасының арнайы сертификатын иеленді. Жалпы, мектеп ұжымы жан-жақты шығарма­шылық ізденісімен және ағартудағы айқын істерімен ерекше көзге түскен тәжіри­белі ұстаздарымен мақтана алады. Олардың қатары күн санап толығып келеді.

Ал мектептің техникалық базасына тоқталар болсақ, оқушы мен ұстазға қа­жетті барлық жабдықтармен қамтылған. Гимназия – жаңа типтегі мектеп бол­ғандықтан, 2 мультимедия кабинеті, 2 компьютерлік кабинет, 2 өзін-өзі тану ка­бинеті, лингафон кабинеттері бар. Сонымен қатар 36 интерактивті тақтамен де жабдықталған. Барлық кабинетте ғаламтор мен локальдық жүйеге қосылған компьютер, теледидар және басқа да қажетті техника жұмыс істейді. Мәжіліс залы мен бір уақытта 100-150 баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ететін заман тала­бына сай асхана мен ғаламтор жүйесіне қосылған ғылыми-техникалық кітапхана да бар. Мұның барлығы оқушының білім алуына барынша жағдай жасайды.

Білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған бірнеше тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Оның ішінде мониторингтік жүйенің орны ерекше. Бұл оқу­шылардың білім сапасын бақылау және бағалауды жетілдіруге өз септігін тигізеді.

Сонымен қатар 2010 жылы мұғалімдер мен ата-аналар арасында өзара ынты­мақтастық пен бірлесе жұмыс жасау барысында «Сенім» қамқорлық кеңесі құ­рылған болатын. Қамқорлық кеңес құрылған уақыттан бастап ата-аналар ұстаз­дармен бірлесе отырып, оқушылардың шығармашылығын арттыруға, па­­­триот-

тық, рухани және адамгершілік тәрбиесін дамытуға атсалысып келеді. Қамқорлық кеңестің қолдауымен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кештері ұйымдастырылып, оқушылар Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов, Оразақын Асқар сынды ақын-жазушылармен, Алтынай Жорабаева, Рамазан Стамғазиев, Лидия Каденова, Асылбек Боранбаев сынды өнер жұлдыздарымен және Ермахан Ибраимов, Ислам Байрамуков, Ардақ Назаров сияқты спорт­шы­лармен кездесіп, көкейіндегі сауалдарына жауап алды. Осы кеңестің атсалысуы­мен Абайтану, Мұқағалитану кабинеттері де жасақталды.

«Жаңа ғасыр» №175 гимназиясы ашылған уақыттан бері Корея, Англия, Америка, Үндістан сынды елдерден делегаттар келіп, қонақ болып қайтты. Осын­дай үлкен жетістіктерімен көзге түскен мектептің өзі, ұстаздары мен түлектері әлі талай белестерден көрінетіні анық.

Жазира ҚАРАТАЕВА, директордың ғылыми ісі жөніндегі орынбасары.

Дереккөзі: www.aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар