QS «Quacquarelli Symonds» беделді халықаралық агенттігі Будапештте өткен конференцияда «QS University Rankings: «Дамушы Еуропа және Орталық Азия 2014/15» жаңа рейтингісінің қорытындысын шығарды.
QS Еуропа мен Орталық Азияның 368 университетін зерттеп, рейтингтің жаңа түрі бойынша 100-топ университетті белгіледі. Онда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 14-ші орынға ие болды, деп хабарлайды ЖОО баспасөз қызметінен.
Бұл рейтингті дайындау барысында 64 мың ғалым мен 29 мың жұмыс берушінің сарапшылық пікірлерінің ескерілуі зерттеудің өз саласындағы маңызын арттыра түседі.
QS «Дамушы Еуропа және Орталық Азия» рейтингісін жасауда оқу орнының академиялық қауымдастық пен жұмыс берушілер арасындағы танымалдылығы, баспасөзде жиі айтылуы мен ғалымдар еңбектерінде дәйексөздердің келтірілу жиілігі, түлектердің жұмысқа орналасу пайызы, жалпы ғылыми-педагогикалық құрам мен тыңдаушыларға шаққандағы шетелдік оқытушылар мен студенттер үлесі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы ескеріледі.
Университеттердің жаңа рейтингісі Еуропа мен Орталық Азияның дамушы 30 елін қамтыды. Ұсынылған 100-топта басым үлес ресейлік университеттерге тиесілі - 26, одан кейін Чехия мен Түркия - 10 ЖОО-дан, Польша - 9, Қазақстан - 8, Венгрия мен Украинадан - 6 ЖОО-дан.
QS рейтингтері ең атақты әрі әлемдік деңгейде мойындалған болып табылады. Оны талапкерлер мен студенттер, жоғары білім беру мен мемлекеттік ұйымдар мамандары кеңінен қолданады.
Дереккөзі: inform.kz