Аида САҒЫНТАЕВА, Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің бас атқарушы директоры:
Алдағы айдың 11-12 - жұлдызы аралығында Назарбаев университетінде Жоғары білім беру көшбасшыларының III Еуразиялық форумы өтеді. Халықаралық жиында Еуразия аймағында жоғары білім берудің маңызды мәселелері қарастырылып, білім жүйесінде бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тиімді тәсілдері талқыланады.
Форумда басымдық берілетін басқа да бағыттардың жай-жапсарын білу үшін біз Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің бас атқарушы директоры Аида Сағынтаевамен сұхбаттастық.
– Форум ашық сұхбат алаңын құру арқылы жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселердің шешімін табуды көздейді. Назарбаев университетінің ұйытқы болуымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген жиында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, білім саласындағы топ-менеджерлер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен елшіліктердің өкілдері жоғары білім берудің бүгінін байыптап, болашағын барлайды. Ерекше атап көрсетерлігі, форумда Ұлттық университеттердің ғана емес, аймақтық және жекеменшік жоғары оқу орындарының да басшылары болады. Олар әртүрлі форматтағы конференцияларға, сессияларға, көрмелерге қатысып, заман талабына сай жоғары оқу орнын қалыптастыруға қатысты Назарбаев университеті тәжірибесінің таныстырылымын тамашалайды.
Биыл біз форумда баяндама жасауға студенттерді де шақырып отырмыз. Жас ізденушілер үшін “Табысты университет студенттер көзімен” деген тақырыпта бөлек сессия болады. Мұнда еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері және Еуропалық студенттер Одағының төрағасы Рок Приможич спикер ретінде сөз сөйлейді. Пікірталасқа ұстаздар қауымы қатысады. Олар табысты университет қалыптастырудағы оқытушылардың рөлін айқындайды.
Білім беру саласындағы жаһандық трендтердің аймақтарға әсері мен жоғары оқу орындарына дербестік беру мәселелері де осы жерде сөз болады.
Басқосу барысында «Қазақстан Республикасының 2015-2020 жылдарға арналған білім беруді реформалаудың стратегиялық бағыттарын әзірлеу» жобасына қатысты жол картасының нәтижелері таныстырылады. Форумға қатысушылар халықаралық топ әзірлеген баяндама төңірегінде пікір алмасады. Аталмыш топ халықаралық ұйымдардың, отандық һәм шетелдік жоғары оқу орындарының маңдайалды сарапшылары мен ғалымдарынан құралған. Олар мектепке дейінгі, орта, кәсіби-техникалық, жоғары білім саласындағы ағымдағы және соңғы жылдары жүзеге асырылған реформаларды зерттеді. Талдау нәтижелері саланы одан әрі реформалауға және дамытуға қажетті білім беру ісіндегі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық бағыттарды айқындауға септігін тигізуі тиіс.
– Форумда кімдердің баяндамасы тыңдалады?
– Айтулы шараға 40-тан астам мемлекеттің өкілдері қатысады деп күтілуде. Бас баяндаманы Қазақстанның білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жасайды. Сөз сөйлейтіндердің қатарында Кембридж университеті білім беру факультеті деканының орынбасары Ян Вермунт, Торонто университетінің доценті Джейн Найт, Хартфорд университетінің мәртебелі президенті Хамфри Тонкин, «Fair Access to Higher Education» қоғамдық ұйымының директоры Лес Эбдон, Корольдік ирландиялық Академияның мүшесі Мэри Кэннинг, Халықаралық бизнес академиясының ректоры Асылбек Қожахметов, Ли Куан Ю Мектебінің Бас кеңесшісі Ставрос Янука, Кембридж университетінің дәріскері Лиз Винтер, София университетінің академиялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Анжела Ю.Фукуа атындағы бизнес мектебінің деканы Уильям Болдинг, Пенсильвания университеті жоғары білім беру кафедрасының меңгерушісі Мэтью Хартли және тағы да басқа ғалымдар болады.
– Жоғары оқу орындарының дербестігі туралы айтып қалдыңыз ғой, осыны ары қарай тарқатып, түсіндіріп беріңізші...
– Пленарлық сессиялардың бірі «Академиялық еркіндік және университет дербестігі» деген тақырыпқа арналайын деп отыр. Мұнда дербес университет пен академиялық еркіндіктің білім сапасына қалай әсер ететіндігі тілге тиек етіледі. Пенсильвания университеті жоғары білім беру кафедрасының меңгерушісі Мэтью Хартли өзінің тәжірибесімен бөлісіп, аталмыш мәселеге қатысты сұрақтарға жауап береді.
Жалпы, бүгінгі таңда әлемдік тәжірибе жоғары оқу орындары заман талабына сай болуы үшін дербес болуы және оқу бағдарламасының мазмұнына, профессор-оқытушылардың сапалық құрамына сонымен қатар институционалдық қаржыландыруға қатысты шешім қабылдағанда тәуелсіз болуы тиіс екенін көрсетіп отыр. Жоғары оқу орындарына қойылатын қазіргі талаптарды орындау үшін оларға дербестік беру қажет. Бұл іске мемлекеттің араласуына болады, бірақ бұл күнделікті әрі қалыпты жағдайға айналмауы тиіс. Білім беру сапасын арттыру міндеті ең алдымен университеттердің өздеріне қойылуы керек. Әрине, қоғам мүддесін қорғау жайында сөз қозғағанда мемлекеттің араласуына тура келеді. Алайда мемлекеттің негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының сапалы білім беру міндетін орындауын қадағалау ғана болуы керек.
Дербестік пен академиялық еркіндік қағидаттарына сүйенетін университеттер бәсекеге қабілетті болады. Бұл бағытта Назарбаев университеті көш бастап тұр. Жаңашылдыққа ұмтылу арқылы біздің оқу ордамыз Қазақстанда заманауи инновациялық орта қалыптастырып жатыр.
Біз мемлекетке қол қусырып қарап отырмай, дамудың жаңа жолдарын іздеуіміз керек. Өйткені алға ұмтылғанда және бәсекеге қабілетті болғанда ғана жоғары оқу орындары өркениет көшіне қосылып, саналы һәм сапалы ұрпақ тәрбиелейді.
Әр жоғары оқу орны заман талабына сай сапалы білім беруді көздеуі керек. Бұған қоса, басқаларға ұқсамайтын ерекше ұстанымды темірқазық тұтуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев университеті өзгелерге үлгі болып отыр.
– Қалай ойлайсыз, табысты университет қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Табысты университет атану үшін, жоғары оқу орнында талантты студенттердің білім алуына мүдделі болу керек. Талантты студенттер түлек атанғаннан кейін өздері оқыған университеттерінің атағын аспандатып, даңқын шығарады. Бұл ретте оқытушылар мен ғалымдардың да талантты болуы маңызды. Олар студенттерді жаңалық ашуға, зертханаларда жұмыс істеуге, сыни және сараптамалық тұрғыдан ойлай білуге, сонымен қатар ғылымды өндіріспен байланыстыра алуға баулулары керек. Міне, осы көрсеткіштер мен мықты материалды-техникалық база университеттің табысты болуының алғышарты болып табылады.
– Форумға қатысушылар қандай сұрақтарға қызығушылық танытуы мүмкін?
– Жиналғандардың барлығын табысты университет құруға қатысты сұрақтар қызықтырады деп ойлаймын. Себебі бүгінгі таңда университеттер табыстылықтың мәнін қайта-қайта қарап жатыр. Мұны анықтау үшін қандай өлшемдер қолданылады және әлемдік деңгейдегі университеттерді саралау өлшемдері дұрыс па? Саясаткерлер, индустрия, білім беру саласының қызметкерлері және студенттер табыстылықты қалай анықтайды? Бұл ұғым Қазақстанның контекстінде қалай анықталған? Қатысушылардың осы сауалдарға жауап іздейтініне күмән келтірмеймін. Академиялық еркіндік пен университеттің дербестігіне қатысты сауалдар да көпшіліктің назарынан тыс қалмайды деген болжамым бар.
Сұхбаттасқан Қанат Махамбет
Дереккөзі: aikyn.kz