ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған тікелей эфирдегі баспасөз конференциясына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Министр Жолдау аясындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шараларына тоқталды. Әсіресе, қазіргі таңда дүние жүзі бойынша басты мәселеге айналған су ресурстарын тілге тиек етіп, елімізде бұл салады орын алған кадр тапшылығының шешілетінін жеткізді. Саясат Нұрбектің айтуынша, Инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарланған. Онда су саласы үшін базалық жоғары оқу орны анықталатын болады деді. Қазақстанда білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар пайда болады. Министр отандық педагогикалық ғылымды дамыту үшін ЖОО оқытушыларына педагогикалық бағыттар бойынша квоталар бөлінетінін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша және «500 ғалым» жобасы аясында білім алып, тағылымдамадан өте алатынын айтып өтті. Мысалы, былтыр тағылымдамадан 400 адам өтсе, биыл 500-ге жетеді деп отыр.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында медициналық резидентура гранттармен қамтамасыз етілмекші. Министрлік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, резидентурада медициналық бейіндегі мамандарды даярлауға берілетін гранттар санын жыл сайын 70% - ға ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитеті 58 PhD докторы дипломын беруде заңбұзушылықтарды анықтағанын хабарлаған болатынбыз. Журналистер тарапынан осы мәселеге қатысты қойылған сұраққа министр: «Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Енді тергеу нәтижелерін күтейік. Менің жеке және министрліктің ұстанымы – білім және ғылым саласын тазарту», – деді.