Әлемдегі ғылым

Академик Рахым Оразалиев: «Тәлімдік жерлерде өсірілетін астық сорттары бойынша Қазақстан көш бастап келеді»

10.03.2022

2497

Отандық ғалым отандық дәнді дақылдар бойынша кез келген мемлекетпен бәсекеге түсе алатынымызды айтады. Қай жағынан алсақ та, біздің дәнді-дақылдарымыз озық тұр.

Академик Рахым Оразалиев елімізде тәлімдік жерлерде өсетін дәнді-дақылдар 75%-ды құрайды дейді. Сондықтан ол жерді тиімді пайдаланып, дәнді дақылдар өсіру қажет. Естеріңізге сала кетейік, тәлімдік жерлер дегеніміз суармалы егіншілік аудандарындағы егісті суғармай өсіретін жерлер. Тау етегіндегі ауадан түсетін ылғал жеткілікті мөлшерде дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Әсіресе, астық өсіруге ыңғайлы. Рахым Алмабекұлы табиғаттың осы ерекшелігін тиімді пайдаланып, бидай сорттарын жаңғыртып жүрген ғалымның бірі. Ол бидайдың бірнеше сорттары мен түрлерінің негізгі биологиялық заңдылықтарын, гибридті бидайдың генетикасы мен физиологиясын зерттеп, қазақстандық агроэкотиптің бірнеше сорттарының биологиялық және селекциялық модельдерін жасаған. Ғалымның жетекшілік етуімен дәнді дақылдардың 110 сорты шығарылған. 620 ғылыми жұмыстың авторы.

Академиктің айтуынша, ең үздік деген бидайдың 21 сорты алынған. Жалпы тәлімдік жерлерде өсірілетін 50-ден аса сорттар бар. Олар ыстыққа төзімді әрі сапасы жоғары. Бұндай өнімі мол, сапалы бидай сорттары бойынша кез келген мемлекетпен бәсекеге түсе аламыз деп отыр ғалым. Басқа елдерде көбіне суғару арқылы астық алынады. Бұл тәсілмен көкөністің, жеміс-жидектің бәрін өсіруге болады екен. Арнайы суғарылмайтын, тек жауын-шашын, қардың суын місе тұтып, мол өнім беретін дәнді-дақылдар жоқтың қасы. Шетелдік селекционерлер астық өнімін суғару арқылы ғана ала алады. Сондықтан отандық Стекловидная-24, Богарная-56 сияқты басқа да астық сорттары үлкен сұранысқа ие.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Қойшыбаев Рахым Алмабекұлының өз саласына көп еңбек сіңіргенін алға тартады. Тыңайтылған танапқа егілген жағдайда гектарға шаққанда он тоннадан аса өнім беретін күздік бидай сорттарын шығарғанын, теріскейде жаздық бидай сорттарын шығаруда Қарабалық тәжірибе стансасында айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін айтады. Ылғал жеткілікті және мол жылдары сүреден (пар) кейін егілгенде 5-6 тоннаға дейін өнім беретін сорттар да жоқ емес.

Материал https://www.facebook.com/worldofnan/videos/282870790584680/ деректері бойынша дайындалды.



«« | »»
Соңғы жаңалықтар