
Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Оған министр Асхат Аймағамбетовпен бірге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов та қатысты.
Отырыста бала-бақша, мектеп және колледждер, ЖОО-дағы қазіргі қол жеткізген жетістіктер мен әлі де қолға алынуға тиісті кемшіліктер, ғылымның келешектегі жоспарлары сөз болды. ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова сөз кезегінде кейбір мектептерде мұғалімдердің өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні, тіпті кейбір шағын мектептерде мұғалім тапшылығы, әдістемелік кабинеттердің жоқтығы әлі де болса өзекті мәселе екенін айтып өтті. Дегенмен, жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Шолпан Каринова биыл 120 мыңнан астам баланың техникалық және кәсіптік білімді тегін алуға мүмкіндігі барын жеткізді. Бұдан бөлек министрліктің дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді дайындағаны да айтылды.
Еліміздің дамуында басты рөл ойнайтын ғылым саласы туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев өз баяндамасында тоқталды. Мәлімдеуінше, ғылым саласын тұрақты қаржыландыру жалғасын табады. Ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. 2000-нан астам ғалымға алған гранттарына қарамастан тұрақты түрде жалақы төленетін болады.
Алдағы уақытта министрлік ғылыми-зерттеу институттарын материалдық-техникалық жаңарту жұмыстарын жалғастырады. Сондай-ақ әр ғылыми-зерттеу институттарын дамыту стратегиясы бекітіліп, ЖОО мен ғылыми институттардың тығыз қарым-қатынасын дамытуға арнайы кешенді шаралар қабылданбақ.
«Жас ғалым» жобасы бойынша постдокторанттарға 1000 грант бөлеміз. Сондай-ақ Президенттің қолдауы аясында жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өтуге баратын болады. Жалпы алғанда Білім және ғылым министрлігі 10 басым бағыт бойынша қазақстандық ғалымдардың 1136 жобасы мен 59 ғылыми-техникалық бағдарламасын қаржыландырады», – дейді Қуаныш Ерғалиев.