Әлемдегі ғылым

Хан Кененің ғалым ұрпағы

11.01.2024

569



Ғылым мен технологияның қарыштап дамыған кезінде өмір сүріп жатырмыз. Тіпті ғылымдағы жаңалықтарға таңғалмайтын да болдық. Посткеңестік елдерде ғылымның кенжелеп қалғаны ешкімге құпия емес. «Ғаламдық жылынуға» байланысты тиімділікке, үнемділікке, экологиялық тазалыққа талап күшейе түсті. Энергияның кез келген түрін сақтау да күн тәртібінде тұр. Электр қуатын сақтайтын батареялардың дамуы электрмобильдер дәуіріне әкелді. Енді бірі – жылуды сақтау технологиясы. Табиғатта глаубер тұзы сияқты заттардың жылуды «сіңіріп алатын» қасиеті бар, керек кезінде сол жылуды қайта алуға да болады. Оны ағылшынша PCM-phase change material дейді. Зат бір термодинамикалық күйден (қатты, сұйық, бу) екінші күйге өткенде жылу бөледі не сіңіреді.

Жаңа жылдың алдында интернеттен сондай материалдарды қарап отырып шетелдік ғалымдардың Kenisarin деген ғалымға сілтеме жасағанын көріп қалдық та, Кенесары ханға қатысы бар ма екен деп іздеп көрдік. «Мұрат Кенесарин – ұлыбританиялық Нортумбрия универ­си­тетінің (Northumbria University) акаде­мия­лық зерттеушісі. Автор «Жылу энергиясын сақтау және жасырын (латенттік) жылу» тақырыптарындағы зерттеулерге өз үлесін қосқан. Автордың h индексі – 13, 22 жарияланымның бірлескен авторы, одан 2837 дәйексөз келтірілген. Мұрат Мұхамедұлы Кенесариннің бұрынғы жұмыс істеген орындары – Өзбекстан Ғылым академиясы мен Durham университеті», деген мәлімет таптық. Дереу электронды поштасын тауып алып, хат жаздық. Көп кешікпей жауап та келді. Поштаны оқи бермейтінін, көзі нашар көретіндіктен телефонмен сөйлескенді құп көретінін айтып, нөмірін жазып жіберіпті. Уатсаппен хабарласып, жөн сұрасып біраз әңгімелестік. Тыңдаушы болған соң, сөз ретін бұзбай сол қалпында беруге тырыстық.

Бір таңғалғанымыз, ғалым ағамыз Өзбекстанда туып, Мәскеуде оқыса да, қазақша таза сөйлейді екен. Ғылыми терминдерге келгенде ғана орысшалап, ағылшыншалап кетті. «Қазақ елінде Кене ханға деген қызығушылық ерекше», деген сөзіме: «Ол сөз жүзінде ғана. Алашорда арыстарын да толық мойындамай жатыр», деп жауап берді ағамыз.

Ол Кенесарының бәйбішесі Күнім­жаннан туған үш ұлдың кішісі Ахмет сұлтанның ұрпағы екен. Оның бір баласы – Әзімхан. Мұрат ағамыз Әзімханның не­мересі. Атасының сегіз баласы болған. Әзім­­хан 1937 жылы «халық жауы» ре­тін­­де ұсталып, атылып кеткен. Сегіз бала далада қалған. Әкесі Тәшкенге 13 жа­сын­да келіп, сонда қалып қойған. ПТУ-да оқып, «отарба пеш жағушысы» деген мамандық алған. Алматыдағы өзі құра­лыптас Кене бабамыздың ұрпақ­тары­­мен хабарласып тұрады екен. «Төре­­­лер – бекзат та қарапайым, олар өзде­­рінің тарихы мен орнын біледі және қазір не болып жатқанынан да хабардар», дейді ағамыз.

Отбасында бір ұл, үш қызы, алты немересі бар екен. Үлкен қызы дәрігер. Ұлы ақпараттық технология саласының қызметкері. Ортаншы қызы ағылшын тілінің маманы, кіші қызы Германияда оқыған, қазір АҚШ-та тұрады. «Ташкент қаласының шығысына қарай Дүрмен, Арғын, Қыбырай деген елді мекендер бар. Сол Дүрмен мен Арғынның ортасында тұрамыз. Ол жерде тұратын қазақ отбасылары көп», деді.

Ғалымның жасы сексенде, елу жыл бойы ғылыммен, оның ішінде РСМ материалдарымен айналысқан. Мәскеу энергетикалық институтын бітірген, инженер-жылу технигі. Кандидаттық жұмысы – «Жоғарғы температураларда еритін материалдарды балқыту». Мысалы, ниобий, молибден, берилий сияқты. Өзбекстан Ғылым академиясының Физика-техникалық инс­титутында күн энергетикасы саласында жұмыс істеген. Көзі нашар көргендіктен жұмысты қойғанына үш жыл болыпты. Екі көзіне де операция жасатқан. Кейінгі жылдары Нью Касслдың Нортумбрия университетінде жұмыс істеген. Соңғы ғылыми мақаласы ағылшын тілінде 2023 жылы жарық көріпті. «Жалпы, жылуды сақтау мәселесімен КСРО көп айналыса қойған жоқ. Ол кезде бұл технологияның қолдану аясы кең болмады», дейді ғалым. Кандидаттық диссертация қорғайтын кездегі ғылыми жұмысы ғарыш кемелерінде күн мен түн жылдам ауысатындықтан, ыстық пен суық тез алмасатындықтан, сол жылуды сақтап, суық кезде қолдануды зерттеу болған. «Бұл ғылым саласында бұрын жылына он шақты ғана мақала басылса, қазір мыңдап шығып жатыр. РСМ ғылымында жетістікке жету оңай шаруа емес, маусымдық жылу сақтауды қамтамасыз ету де қиын», дейді ағамыз.

Ағамыздың ой-пікірлері де ерекше. Мысалы: «Қытай әлемдегі барлық патент пен технологияны сатып алып, жал­пы­­ күн, жел, геотермалдық жаб­дық­тар­­ды өндіруде әлемде бірінші орын­ға­ шық­ты. Өзбекстан әлі АЭС салу­ға қа­тыс­­­ты шешім қабылдаған жоқ. «Рос­атом» станса салуға құлшынып-ақ отыр. Ше­­шім қабылдай алмаудың негізгі себе­бі су мәселесі. Атом реакто­рын суы­ту­ үшін мол су керек. Әмудария мен Сыр­да­рияның су мөлшері кейінгі елу-алпыс жыл­да екі есе азайды. Арал­дың­ жағ­дайы белгілі. Памирдегі су мұз­дық­тары жұ­қа­рып келеді».

«Мен әртүрлі халықаралық деңгей­де­гі ғалымдар бас қосқан кездесулерге қатысып жүремін. Түркияға жол түскенде байқағаным, қазақ жастары онда көп оқиды. Өйткені ондағы білім деңгейі Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда жоғары. Қазір оларға орыс, украиндер де барып оқитын болды. Тамыр-таныстық не пара беріп оқу деген жоқ. Түріктер – мемлекетшіл әрі патриот. Түріктектес халықтарға бауырым деп қарайды. Оқуы да арзан, емтихансыз қабылдайтын оқу орындары да бар. Сабақ беретін ұстаз міндетті түрде ағылшынша білуі керек. Оқу арзан, жылына 200-800 доллар шамасында. Мықты университеттерде – 2 мың дол­лар, ал медициналық университетте 5 мың доллар болады».

«Ұлыбританияның кітапханалары ғажап. Кітап оқитын залдары керемет, компьютермен жабдықталған, уни­вер­­ситеттердің техникалық базасы мық­ты. Оқытушылар бүкіл дүние­ жүзі­нен­ конкурс арқылы қабылданады. Жер­гілікті ағылшындар айлығы көп инже­нерлік мамандыққа ұмтылады. Біздегі мұғалімдердің 90 пайызы ағыл­шын­ша­ білмейді. Білім деңгейін баға­лау­да объективтілік жоқ. Мұны өзімнің бала­­ларымның, немерелерімнің қалай оқы­­ған­дарынан білемін. Өзбек­стан­да гранттық оқу жалпы білім беру сала­сы­ның 30 пайызын құрайды. Қал­ға­ны ақы­лы­ оқу, төлемі жылына 2 мың доллардай. Біз әлі «Орталық азиялық» деп аталатын мента­литеттен құтыла алмай келеміз».

«Мен шетелдік гранттарға қатысып, 100 балдық мүмкіндіктен 93 балл иеленіп грант ұтып алып, Ұлыбританияның Northumbria университетінде жұмыс істедім. Шетелдік университеттерде әлемдік цифрланған кітапханаларға, ғылыми журналдарға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Онсыз ғылым жасау мүм­кін­ еместігін түсінуіміз керек, біздегі уни­вер­ситеттерде ол жоқ».

«Бізбен (Кенесары ұрпақтары дегені болса керек – С.Ы.) көп адам хабарласқысы келеді, әсіресе журналис­тер қауымы. Бірақ сенім мәселесінде тартынамыз. Сондықтан сырымызды бөтенмен бөлісуді қаламаймыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда пенделік әңгімелер, тамыр-таныстықпен қызметке тұру бірінші президенттің кезінен басталып, тыйылуы қиын боп тұр...»

Ағамызбен сөйлесіп болған соң, жылы қоштасып, алдағы кезде хабарласып тұру­ға тырысатынымызды айттық. Төре тұқымының атажұртынан жырақ­та жүрсе де, мемлекетшілдігі мен пат­риот­тығы, ғалымдағы жолы бізге үлгі бола­тын­дай. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы. «Төрімде отыратын төрем сыртта жүр» дегендей, бұл ағамызға ар­тар кінә жоқ. Тағдырдың жазуы солай болды. Кенесарының бас сүйегіне қатысты алыпқашпа әңгіме айтқаннан бұрын артында қалған ұрпағын тү­гендеп алған дұрысырақ-ау, сірә. 

https://egemen.kz/article/355825-khan-keneninh-ghalym-urpaghy?fbclid=IwAR1xKuGag5Bc3r6Z52xXe4leObDvnLMHtWbKtcwu586x0nMY0QFieoMXZ0g

«« | »»
Соңғы жаңалықтар