Қазақстан ғылымы

Соя сорттарын биологиялық ерекшеліктері бойынша бағалау

05.09.2023

735



Дүние жүзі бойынша соя өсіру алқаптары артып келеді. Қазірдің өзінде соя егістігі 131, 04 млн га жерді алып жатқан көрінеді. Бұл өнімді өндіруде әлем бойынша АҚШ, Бразилия және Аргентина көш бастап тұр. Біздің елдегі соя алқабы 53 600 гектардан екі жарым есе артып, 2022 жылы 123500 гектарды құраған. 

Қазақстанда соя 1986 жылы өндірістік жағдайда өсіріле бастаған. Жиырма бес колхоз мен совхозда егілетін соя көрсеткіші 25 ц/га құраған. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда (Алматы облысы) 300-500 гектар алқаптың әр гектарынан астық өнімділігі 30-40 центнерге жеткен. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылы соя алқаптарын 200 мың гектарға дейін кезең-кезеңмен кеңейтуді жоспарлап отыр. Соя селекциясы 1961 жылы «КазНИИЗиР» ЖШС-де басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Осы жылдар ішінде бұл дақылдың 30-ға жуық түрі алынған. 

Қазақстан екі континенттің – Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде, шығыс бойлық 45 пен 87 градус, солтүстік ендік 40 және 55 градус аралығында орналасқан. Еліміздің аумағы мұхиттан өте шалғай орналасқан және батыс пен солтүстіктен соққан желге де ашық. Осыған байланысты Қазақстан климатының негізгі ерекшеліктері оның шұғыл континенттілігі және табиғи жауын-шашынның әр жерде әр келкі жауатынында. Солтүстік облыстарды қоспағанда, Қазақстанның топырағы көбінесе сортаң. Жалпы республикаға топырақтың ендік белдеуі тән: солтүстігінде – қара топырақ, одан әрі оңтүстікте – каштан, қоңыр жартылай шөлді топырақ. Сондықтан, соя дақылдарының селекциялық жұмыстарының бағыттары да әртүрлі. Мысалы, оңтүстікте вегетациялық кезеңі 135-145 күнді (пісуі бойынша ІІІ топ) құрайтын, құрғақшылыққа төзімді, тамыры мықты кеш пісетін сорттар егілсе, шығыс – вегетациялық кезеңі 100-110 күнді құрайтын (0 және 00 пісетін топтар), көктемгі және күзгі аязға төзімді, ерте пісетін сорттар егіледі. Солтүстікке – 85-95 күндік (00 және 000 пісетін топ) ультра тез пісетін ерте сорттары өсіріледі. 

Өнімділігі де сапасы да жоғары сорттардың тұқымдары ауылшаруашылық дақылдарының болашақ өнімінің кепілі болып табылады. Көбінесе егінді жинау және топырақты өңдеу кезінде тұқым зақымданады, дейді ғалымдар. Сондықтан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жүргізген зерттеулер сорттың қасиеттеріне және жинау кезінде қолданылатын техниканың әсеріне байланысты соя тұқымдарының тауарлық қасиеттері мен егістік сапасын анықтауға бағытталған. 

Тауарлы соя сорттарының тұқымдарының анықталған зақымдану дәрежесі барабанмен бастыру кезінде жинау техникасының әсерімен бірге жинаудан кейінгі өсу күшіне байланысты. Биологиялық ерекшеліктеріне қарай соя сорттары «Сампо СР 2035» типті барабанды үккішпен жинаған кезде зақымдалған тұқымдар саны бойынша айтарлықтай ерекшеленді. Соя «Бірлік КВ» сортының тұқымының аз зақымдалғаны анықталған (49,5%). Ең көп зақымдалған Жансая сорты болып шықты (83,0%). Зертханалық зерттеулерге сәйкес, сояның Бірлік КВ (86,0%), одан кейін Перизат (82,0%) және Ласточка (78,0%) сорттарының өсімі жоғары тұқымдар деп танылды. 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ ғалымдарының соя өсіруге байланысты жазылған ғылыми мақаласы рейтингісі жоғары «Sabrao-Journal-Of-Breeding-And-Genetics» журналына жарияланды. (https://sabraojournal.org/soybean-varieties-assessment-based-degree-injury-seed-quality-biological-traits-primary-elite-seed-production)     

«« | »»
Соңғы жаңалықтар