Қазақстан ғылымы

Отандық фармацевтика саласындағы нәтижелі зерттеулер

09.11.2022

1242

Генетика және физиология институтының ғалымдары алғаш рет R. Semenovii-дің зат алмасу профилін зерттеп, өсімдіктің ағзаларындағы биологиялық белсенді зат салидрозидтің вегетациялық динамикадағы құрамын анықтады.

Алынған нәтижелер R.semenovii өсімдігін дәрі жасау мақсатында тамыр жүйесін зақымдамай жинауға жол ашпақ. Бұл табиғи жағдайда бағалы өсімдіктің табиғи популяциясын сақтауға және бір ғана емес бірнеше рет бағалы дәрілік биологиялық белсенді зат алуға мүмкіндік береді.

Алынған дәрілік шикізат гипотиреоздық жағдайды түзету және тұрақтандыруда жоғары тиімділікті көрсетеді. Сондай-ақ, R.semenovii сығындысы жеке және калий йодидімен біріктіріліп, аймақта жиі кездесетін эндокриндік аурулардың бірі болып табылатын гипотиреозды түзету және тұрақтандырудың қауіпсіз және тиімді құралы екендігі анықталды.

Осылайша, ғалымдарымыз R. Semenovii түрі жойылып кету қаупі төнген «Алтын тамырды» (Rhodiolarosea) алмастыра алатынын көрсетті. Оны отандық фармакологияда қолдана отырып, негізсіз жойылудан қорғауға болады деп отыр ғалымдар.

Бұл зерттеулердің нәтижелері үлкен теориялық және қолданбалы маңызға ие және олар биыл беделді «Metabolites», «Molecules» сияқты халықаралық журналдарда жарияланды.

Гранттық қаржыландыру жобасы:
АР08855699 «Қазақтың Rhodiolasemenowii Борис өсімдігінің бейімделуінің морфофизиологиялық және фитохимиялық аспектілеріне абиотикалық стресс факторларының әсері» (жетекшісі б.ғ.к. Н.В. Терлецкая)

Генетика және физиология институты баспасөз қызметінің материалдары бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар