Қазақстан ғылымы

ҒЫЛЫМ МЕН БИЗНЕСТІ ИНТЕГРАЦИЯЛАУ БОЙЫНША III МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ДИАЛОГ АЛАҢЫ ӨТТІ

31.10.2022

1065


«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорымен «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша III мамандандырылған диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ғылым мен бизнесті интеграциялау. Қазақстандық ғалымдарға перспективті ғылыми нәтижелерін отандық бизнес өкілдеріне презентация жасауға мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде бизнес өкілдері мен ғалымдар бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімдерге қол жеткізе алады.

Іс-шара шеңберінде Қазақстанның ЖОО және ҒЗИ ғалымдары бизнесмендерге, кәсіпкерлерге және әлеуетті инвесторларға өздерінің ғылыми идеялары мен әзірлемелерін ұсынды.
Ұсынылған жобалар ішінде топырақты өңдеудің инновациялық технологиясы, қой сүтін қайта өңдеу, жіті калькулезді холециститті хирургиялық емдеуге арналған әмбебап жара кеңейткіш, концентрацияланған гумин тыңайтқыштарын өндіру, бағалы балық түрлеріне арналған құрама жем сияқты және т.б. жобалар бар.

Коммерцияландыру реакторына 14 спикер-ғалым, 60-тан астам бизнес және университет өкілдері қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің алғы сөзінде осы тектес іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» іс-шарасын біз, дәл 31 қазанда, «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң қабылданған күні өткізіп отырмыз. Биыл ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландырудың кезекті 4-ші конкурсы өткізілді. Мұндай конкурстар жыл сайын өткізілетін болады. Осыған байланысты отандық бизнес өкілдерінің өзара тиімді шарт негізінде ғалымдармен бірлесіп, грант қаражаты есебінен қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған өнімдердің жаңа инновациялық өндірістерін құруға бірегей мүмкіндіктері бар», – деп айтып өтті Саясат Нұрбек.

Кездесу нәтижесінде бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасында бірлескен қызмет туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар