Қазақстан ғылымы

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да егін ору науқаны басталып кетті

12.07.2022

1675

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өзі зерттеп, тұқымын жаңартып жүрген астықты ору науқанын бастап кетті. Алматыдан 70 км қашықтықта орналасқан Қарой тәлімбағындағы құрғақшылыққа төзімді сорт-үлгілерін жинауда САМПО 2010 комбайны пайдаланылуда. Бұл техника селекциялық және тұқымдық тәлімбақтарды оруға арналған.

«Бір өкініштісі, тозығы жеткен комбайнымыз бірнеше рет бұзылуына байланысты Қаройда егін ору толығымен бітпей тұр. Институт мамандары комбайнның істен шыққан құралдарын ауыстырып, егінге жіберуге бар күштерін салуда», дейді ғалым Шынболат Рсалиев.

Жақын күндері селекциялық тәлімбақтар, оның ішінде КСИ - 150, ПСИ - 54, КП - 78, СП2 - 54 толығымен орылады деп жоспарлануда. Кейін зертхана жағдайында жиналған тұқымның түсім, сапа көрсеткіштері және технологиялық қасиеттері зерттеледі.
Сондай-ақ, Оңтүстік Агропаокте орналасқан көрсету тәлімбағындағы күздік бидай сорттары да орылуда. Бұл бидай былтыр қазан айының соңында егілген. Күздік бидай биыл жақсы көтерілді. Оның ішінде бәсекеге қабілетті отандық сорттар (Стекловидная 24, Мереке 70, Мамыр, Қарой 90, Тәлімі 80) шет елдік жаңа сорттармен (Безостая 100, Алексейч, Тихон, Евклид) салыстырмалы түрде егілген екен. Ғалымдардың түсіндіруінше, шетелдік сорттардың биіктігі 50-60 см-ден аспайды. Отандық бидай 85-110 см дейін көтеріледі екен. Егін жинау Джон Дир 776 және Винтерштайгер комбайндарымен жүргізілуде.

«1973 жылдан бері ауыспалы егін егеміз. Ол жерге ешқандай тыңайтқыш берілмейді. Сондықтан, алынатын өнім таза, мол әрі сапасы жоғары. Үнемі тыңайтқыш төгілетін жердің микробиологиялық қабаты құртылады. Дақылдардың негізі: жұмсақ бидай, қатты бидаймен бірге күздік және жаздық бидайлар. Биыл өнім мол болады деп отырмыз», – дейді селекционер ғалым, академик Рақым Оразалиев.

Естеріңізге сала кетейік, ауыспалы егіс дегеніміз, топырақ құнарын сақтау және арттырып, тұрақты мол өнім алу үшін дақылдарды және танаптарды алмастырып отыру жүйесі. Дақылдар алмастырылып егілгенде, өнім көрсеткіштері жақсарады, жердің құнарлылығы артады, топырақ эрозиясы төмендейді, егістіктің ластануы, зиянкестер мен ауру қоздырғыштардың көбеюі азаяды

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар