Қазақстан ғылымы

Отандық полиэфир шайырын алу технологиясы дайындалды

05.07.2022

1971

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары полиэфир шайырын (акрил) алу технологиясын әзірледі. Алынған өнім шетелдіктен кем түспейді деп отыр мамандарымыз. Себебі, оның физикалық-химиялық қасиеті жоғары әрі арзан өнім алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне полиэфир шайыры қосылған композиттік материалдардың өндірістік шығыны да аз болады, сол себепті экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Полиэфир шайырлары (PS) қазіргі таңда әртүрлі салада қолданылады. Мысалы, кәдімгі тіс плобасына, құрылыстағы бояуларға т.б. Өйткені қанықпаған полиэфир шайыры композиттер өндірісіндегі негізгі байланыстырушы материалдардың бірі болып табылады.

Деректерге сүйенсек, елімізде полиэфир шайырын тұтыну көлемі 2015 жылы 5000 тоннадан асқан. Бірақ, оны өндіретін кәсіпорын жоқ. ҚазҰУ-да зертханалық жағдайда алынған полиэфирлі шайырдың үлгілері «ВАСТЕ» ЖШС-інде шыны пластиктен сәндік бұйымдар мен жасанды тастан тақтайшалар жасау бойынша сыналған. Ғалымдар шикізат шығындарын азайту мақсатында отандық шайырды шетелдік өніммен алмастыру жағдайларын қарастыруда.

«Арнайы мақсаттағы полиэфирлі шайырлардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» жобасын «Ғылым қоры» АҚ және «ВАСТЕ» ЖШС қаржыландыруда. «ВАСТЕ» ЖШС өндірістік алаңы базасында бұл жобаны іске асыру бойынша полиэфир шайырларының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі іске қосылғанын айта кету керек. Бүгінде өндірістің жылына 200-300 тоннаға дейін полиэфир шайырларын шығаруға мүмкіндігі бар.
Бастапқы кезеңде қанықпаған полиэфир шайырларының екі маркасы шығарылады.

Біріншісі – ALMAPOL 111 TP, жалпы мақсаттағы ортофталь қанықпаған полиэфир шайыры, тиксотропты және шыныпластикті өндіру барысында пайдаланылады. Қолмен қалыптау, бүрку арқылы шыны пластик бұйымдар өндірісінде, фибробетон дайындауға арналған шыны пластик қалыптар өндірісінде, автотюнингте және басқа да салаларда қолданылады.

Екіншісі – ALMAPOL 121 P, ортофталь қанықпаған полиэфир шайыры жасанды тас, полимербетон өндіру үшін пайдаланылады. Құю арқылы кәдесый өнімдерін өндіруде, жиһазды әрлеуге арналған декор өндірісінде, мүсіндер және т.б. өндірісте қолданылады.

Материал https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/28630/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар