Қазақстан ғылымы

Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

14.06.2022

1709


Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Маңызды құжатта «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бөлу арқылы қайта ұйымдастырылсын» делінген. Ғылымның маңыздылығына коронавируспен күрес және кейінгі кездердегі технологиядағы жетістіктер көзімізді анық жеткізді. Сондықтан да Президенттің бұл қадамы қоғамның зор қолдауына ие болғаны сөзсіз.


Ғылымды басқару емес, қолдау қажет


Өз кезегінде еліміздің бас басылымы Egemen Qazaqstan да отандық ғылым­ның тұрақты насихаттаушысы ретінде осы мәселені бұдан бұрын бірнеше мәрте көтеріп, оң шешілуіне мұрындық болды. Газетіміздің 2021 жылдың 29 қаңтардағы нөмірінде «Ғылымды білім саласынан бөлу керек пе?» деген тақырыпта жарияланған көлемді сараптамамызда Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қос саланың мәселелерін 11 тақырыпқа бө­ліп қарастырғанын; сол тақырыптың тек үшеуі – ғылымға, қалғаны білімге арналғанын; ғылым саласын ғалым басқарғанның маңызды екенін; дүние жүзі елдерінің инновациялық әлеуетін анықтайтын Global Innovation Index рейтингінде Қазақстан 77-орында тұрғанын көрсете келіп, «еліміздегі ғылымға деген мемлекеттік, идеологиялық көзқарасты қайта қарау керек шығар» деп жазған едік. Міне, дәл біз күткен өзгерістің, анығы қайта қараудың кіріспесі қайта құрудан басталған сыңайлы.

Осылайша, ғылым саласы жоғары біліммен бірге бөлек министрлік болып құрылды. Отандық ғылым үшін осы күндердегі жағымды жаңалықтың бірі де, бірегейі де осы болар. Яғни аталған сала балабақша мен мектептің шаш етектен шырмалған шаруасынан «еншісін» алғандай.

Бұл бөліністі әркім әр қиырға тартып жатыр. Әлеуметтік желілерде «Бас-басына би болғандарға бөлектенген жақсы, қаржыны көбейтетін жол тапты» дейтін пікірлерді де кездестіруге болады. Бұған кеше ғана ант қабылдап, Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне кіріскен Саясат Нұрбек «Қайта құру бытыраңқылықты білдірмейтінін, керісінше, бұл реформа мақсатты көзқарас пен әрбір білім деңгейіне жіті назар аударуды қамтамасыз ететінін атап өткім келеді», деп жауап берді. Әйтеуір ғылым саласында қызмет етіп жүргендердің осы өзге­ріс­ке қынжылғанын көзіміз шалмады.

Иә, жаңа министрліктің функ­циялары мен өкілеттіліктері бекітілді. Ведомство басшысы да тағайындалды. Ендігі бағыт-бағдар қалай болмақ? Саланың қай тұсын уақыт күттірмей қолға алған жөн? Отандық ғылымды, жоғары білімді дамытудың тиім­ді жолдары қандай? Бұл туралы сала мамандарының өзінен сұрадық.

Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры, профессор Махмуд Садыбеков ғылымды басқару жүйесі ғалымдардың алаңсыз ғылыммен айналысуына жағдай жасаудан тұруы қажет екенін айтады.

«Жақында Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Осы құжат жаңа министрлік жұмысының негізі бола алады. Онда барлығы жүйелі көрсетілген. Соның ішінде ғылымды басқару жүйесіне қатысты айтылған. Соңғы 10 шақты жылда бұл тақырып танымал болып кетті ғой. Шын мәнінде ғылымды басқарудың қажеті жоқ, ғылымды қолдау керек. Мысалы, өзім де басшылық қызметтемін, бірақ қызметкерлеріме тез арада бір жұмысты істеуді бұйыра алмаймын. Менің міндетім – ғалымдардың құрылғы табу, сатып алу, аппарат, қағаз деген майда-шүйдеге бас қатырмай, алаңсыз ғылыммен айналысуына жағдай жасау. Сонда нәтиже болады. Мен – бастық емес, профессорларға қызмет көрсетушімін. Осындай көзқарас пен қарым-қатынас басқа жерде де сақталғаны дұрыс. Егер Ғылым комитеті өз функциясында қалса, ғылыми институттар мен басшыларына ондағы ғалымдарға жағдай жасауын қолдауы керек», дейді М.Садыбеков.

Ғалымның ойынша, өзі еңбек ететін саланың бөлек ведомствоға айналғаны тиімді, өйткені ғылымға көбірек көңіл бөлінеді. Осы қолдауды мүмкіндігінше оң өзгерістерге пайдаланған орынды.

«Бұған дейін ғылымға бөлінетін қаржы көлемі аздау болған еді, қазір ұлғайды. Мемлекет ғылымды дамытуға қомақты қаражат қарастырып отыр. Дәл сол соманың жемісін бермейтін жобаларға кетпеуін, тиімді жұмсалуын қадағалау қажет. Алдағы жаңа бағыт осы болмақ. Бұрын ақша аз болғандықтан, біресе іргелі ғылымға, біресе қолданбалы ғылымға тартып келдік. Қаражат барда бәріне мүмкіндік беріледі. Ал жаңа министрлік зерттеушілерден жұмыстың орындалуы мен нәтижесін, жоғары деңгейді талап етуге міндетті. Бұл үшін отандық ғылымға аудит керек. Кейбір грантқа үміткерлер 15 млн болатын ғылыми жобаға 30 млн сұрап жатады. Қадағалау деген осыдан шығады. Аудит шетелдік тәуелсіз сарапшылардан құралғаны жөн. Айталық, Clarivate компаниясы (2016 жылы құрылған, мәліметтер ба­засын, ақпараттық жүйелерді және зияткерлік меншік жинақтарын басқаратын тәуелсіз америкалық ұйым – А.Ш.) бар. Осы компания тәуелсіз тексеріс жүргізе алады. Алайда біздегі зерттеулердің бәрі ағылшын тілінде жасалмаған, сол себепті аталған компанияға қиындау болады. Біз 2019 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан ғылымына аудит жасауға келісімін алдық. Өйткені еліміздегі ғылыми жұмыстардың басым бөлігі – орыс тілінде. Бірақ бұл идеямызды бұрынғы министрлік қолдаған жоқ», дейді Математика және математикалық модельдеу институтының басшысы.


Ғылым мен жоғары білімді дамытатын шешімдер


Ғылым мәселелерін тұрақты түрде түрлі мінберлерде көте­ріп жүрген Young Researchers Alliance (Жас ғалым­дар альянсы) төрайымы Әсия Ер­мұ­хам­бетованың айтуын­ша, жаңа министрліктің құ­рыл­­ғаны ғы­лы­ми жобаларды қар­жы­лан­дыруға, зерт­теу­ші­лерді даяр­лауға, жоғары білім мен ғы­лым саласындағы анали­ти­каға қатысты мәселелерді шешсе, тиім­ді болады.

«Гранттық қаржыландыруға көшкен 2012 жылғы бірінші конкурстан бастап, гранттардың жалпы сомасы 11%-ға төмендеді, ал баға деңгейі 112%-ға өсті. Егер бұрын грант сомасына қандай да бір жабдық сатып алуға болатын болса, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруда ештеңеге жетпейді. Үнемі өсіп келе жатқан доллардың теңгеге шаққандағы бағамын ескерсек, 2025 жылға қарай ғылымға ІЖӨ-нің уәде етілген 1%-ы тым елес болып көрінеді. Бізде әлі де әлемдік деңгейдегі ғалымдар немесе жай ғана жақсы ғалымдар аз. Ғылыми орта өте кішкентай және барлығы бір-бірін біледі. Бір университетте бірнеше қымбат зертханасы бар Жапония емеспіз. Бірлескен қол жеткізу зертханалары – бір кездері сәтсіз болса да, қазір біз жүзеге асыруға болатын және сұранысқа ие жоба. Біз Лондонның қуатты Альма-матер колледжінде де қымбат микроскоптарды басқа университеттермен бірге қолдандық. Сондықтан жаңа ведомствоның құрамына ғылымның адамы ғана емес, жабдықтар мен материалдарды сатып алу қаншалықты қиын және қымбат екенін, бір техника сынса, ғалымның қандай қиындықты бастан кешетінін, ғылыми мақаланың қандай және инноватордың зерттеушіден нендей айырмашылығы болатынын білетін маман, мейлінше технарь керек», дейді Ә.Ермұхамбетова.

Ал Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, елімізде ашылған алғашқы Gylym.kz қазақ тілді ғылыми сайтының жетекшісі, химия PhD докторы Жексен Тоқтарбай отандық ғылымды дамытуға әсер ететін өзге де салалардағы түйткілдерге тоқталды.

«Мемлекеттік тіл – ғылым саласындағы ең өзекті мәселе. Қазіргі таңда ғылым саласының шамамен 99%-ы орыс тілінде, 1%-ы ғана мемлекеттік тілде. Айталық, барлық мемлекеттік ғылыми талқылар (ғылыми жобалар отырыстарымен қоса) 100% орыс тілінде жүргізіледі. Сонымен бірге ғылыми жобалардың жоспарларын тек орыс тілінде талап етеді. Бұған зерттеушілердің еті үйреніп кеткені соншалық, ешкім себебін сұрамайды. Мен орыс тілін алып тастасын деп бастама көтеріп жатқан жоқпын, неге 50 де 50 болмайды? Осыған қоса тағы бір мәселе, ғалымдарымыздың ағылшын тілін білмейтіні отандық ғылымның дамуына тежеу болып тұр. Ғылым тілін білмегендіктен, небір мықты зерттеулер халықаралық аренаға шықпай жатыр. Сондықтан университетте ағылшын тілін бірінші курстан бастап бітіргенше міндетті пән қылып қойса, артық етпейді. Үшіншіден, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасын түбегейлі өзгерту керек. Бұл саланы іштен білемін, еліміздегі бірнеше университетте істедім. Көбінде бір кафедрадағы сабақтар бір-біріне өте ұқсас, мазмұнын қайталайды. Өз кәсібіне қажетсіз пәндерді оқып жүргенде студенттердің негізгі пәндерді оқуға уақыты жетпей қалады. Әлемдік жетекші университеттердегі сабақтар оқытылып, бағдарламаны халықаралық стандарттарға сәйкестендірген жөн», дейді Ж.Тоқтарбай.

Ғалымның сөзіне қарағанда, Чехияда жалпы мемлекеттік және жекеменшік 59 университет, Нидерландта (Голландия) – 55, Швецияда – 50, Сингапурда барлығы – 34, Белгияда – 19, Израильде 10 жоғары оқу орны бар. Бізде қысқартқанның өзінде әлі 100-ден асады. Сондықтан жаңа министрлікке Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасын соңына дейін жеткізуге тиісті міндеттер жетіп артылады.

https://egemen.kz/article/315386-ghylymgha-konhil-bolsenhiz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар