Қазақстан ғылымы

Отандық ғалымдар уран өндіруде қол жұмысын алмастыратын робот жасауда

20.04.2022

2036

Академик Ө.Ә. Жолдасбеков атындағы Механика және инженерия институтының базасында 2020 жылдан бері ТУК-118 көліктік орау контейнеріне табиғи уранның химиялық концентратын тиеу бойынша технологиялық операцияларды орындауға арналған роботты кешеннің тәжірибелік үлгісін жасау бойынша ҒЗТКЖ жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы сомасы 62 млн. теңгені құрайтын ҒЗТКЖ «Семізбай-У» ЖШС-нда уран өндірісінің технологиялық процестерін кешенді роботтандыру жұмысы аясында іске асырылады. Тапсырысты әлемдегі жетекші уран өндіруші компаниялардың бірі – «Қазатомөнеркәсіп» АҚ беріп отыр. Бұл компания өзінің бизнес-процестеріне инновациялық технологияларды белсенді түрде енгізуді мақсат етуде.

Институт ғалымдары жүргізген мониторинг бойынша Қазақстандағы кәсіпорындардың 80%-дан астамы «Индустрия 2.0» деңгейінде болса, 16%-ға жуығы «Индустрия 3.0» деңгейіне жақындаған. Заманауи цифрлық технологиялар мен робототехника құралдарын енгізу өндірісті роботтандыру деңгейін сапалы жақсартуға мүмкіндік береді.

Технологиялық операцияларды роботтандыру қол еңбегін ауыстыруға мүмкіндік бермек. Яғни, уран өндіру саласында жұмыс істейтін адамдар үшін қолмен жұмыс істеу денсаулығына зиян. Оның үстіне бірнеше адам жабылып жасайтын жұмысты робот атқара алады. Демек, бұл ҒЗТКЖ мақсаты ТУК-118 көліктік орау контейнеріне уранды тиеу кезіндегі қолмен атқаралытаны жұмысты робот жұмысымен алмастыру болып табылады.
Мысалы, қазіргі уақытта үш адам ТУК-118 контейнеріне 5-6 рет жүкті тиеп, қабатты толтыру кезінде контейнердің бүйірлерін қайта-қайта тегістеп, итеріп отырады. ТУК-118 толтырылғаннан кейін арнайы сынама алғышпен сынамалар алынады. Сондай-ақ, жұмыс барысында жұмыскерлерге салмағы 45 келі болатын ТУК-118 контейнерінің қақпағын кемінде 8 рет ашып-жабу керек болады.

Жобаланған робототехникалық кешен жоғарыда сипатталған операциялардың барлық циклін орындауға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, арнайы құрылғыны пайдалана отырып, ТУК-118 люк қақпағын алу/жабу, ТУК-118 ішіндегі сипаттамалық конус тәрізді «төмпешіктің» біркелкі төселуі және әрбір тиеу операциясынан кейін оны нығыздау, сынама алғышпен сынама алу сияқты жұмыстардың барлығын өзі атқара алады.

Робот 80х80х3 шаршы құбырлардан жасалған металл каркасқа орналастырылған. Каркастың өлшемдері 2517х1660 мм, биіктігі 2080 мм. 1326 мм биіктікте каркастың қарама-қарсы жағында көлденең құбырлар дәнекерленген, олардың әрқайсысында 80x80x3 екі бойлық шаршы құбырлармен өзара байланысқан арбалары бар бағыттағыштар орнатылған. Бұл екі арбаның қозғалтқыштары синхронды жұмыс істейді және олардың үйлесімді қозғалысын қамтамасыз етеді.

Роботтық кешен қазір «НАЗ» зауытында жасалып жатыр. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін роботтардың жұмысын, басқару жүйелерін сынау және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін робототехникалық кешен тапсырыс берушіге тапсырылып, онда жүйе сынақтан өтіп, пысықталады.



«« | »»
Соңғы жаңалықтар