Қазақстан ғылымы

Адамзат игілігіне арналған жобалар

12.04.2022

1982


Отандық ғалымдардың заманауи ізденістері нәтижесіндегі тың жаңалықтары әлем ғалымдарының назарын аударуда. Бүгінде өндіріске еніп, адамзат қажетіне жарап жатқан жобалар ғылым мүмкіндіктерінің зор екенін айғақтайды.

Бүгінде ауыз су тапшылығы ғаламдық мәселеге айналып отыр. Осы орайда ауыз сумен қамтамасыз ету және сарқынды суларды тазартудағы қазақстандық ғалымдардың жобасын шетелдік әріптестер жоғары бағалайды. 2018-2020 жылдары жүзеге асқан «Мембраналық дистилляция және тікелей осмосқа қажетті қасиеттері бар жолдық мембраналарды алу» жобасы жоғары сараптамалық рейтингке ие болды. Физика-техника ғылымдарының кандидаты Максим Здоровецтің жетекшілігімен мамандар суды, соның ішінде тікелей осмос пен мембраналық дистилляцияға жетілдірілген жолдық мембраналарды қолдануға негізделген радионуклидтерден тазарту технологияларын ұсынды. Жоба полиэтилентерефталат (ПТЭФ) негізінде алынған жолдық мембраналар таза су алуда энергия шығындарын айтарлықтай төмендетеді және ағынды суларды тиімдірек тазартуға ықпал ететіндігімен ерекшеленеді. Еуразия университеті ғалымдарының жобасы еліміздің көптеген аумақтарының сусыздануы және су ресурстарының болжалды тапшылығында экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды.

Осы сияқты Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қысқы уақытта жолдар мен тротуарларды тазалау бойынша механикаландырылған кешен туралы жобасы жаяу жүргінші жолдарын көк мұздан экологиялық таза әдістермен тазалаудың тиімді жолдарын ұсынады. Бұл мәселені шешу үшін техника ғылымдарының докторы Михаил Дудкин бастаған ғалымдар тиімді әрі технологиялық қарапайым нұсқасын жасаған. Олардың технологиясы бойынша, асфальтты немесе төсемтастарды бүлдірместен жол бетіндегі мұз қабатын тазалауға болады. Қазіргі таңда мұз жарғыш машиналардың 2 тәжірибелік моделі, жұмыс жабдықтарын зерттеуге арналған зертханалық тәжірибелік стенді дайындалып, сынақтан өтіп, өндіріске енді.


Ал химия ғылымдарының докторы Григорий Мун жетекшілік еткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-технологиялық паркі ұжымының «Қала ауасын тазарту мен кондициялаудың өзін өзі қамтамасыз ететін кешенді жүйелерін өндіру технологиясын жасау» жобасының да тиімділігі жоғары. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл технология – мультимедиа экраны мен ауа тазартқышының гибриді. Онда су бір уақытта бөлмедегі ауаны да тазартып, экраннан кескінді де көрсетіп отырады. Сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарының залдарына ілуге арналған медиа-экранның үлкен өлшемді үлгісі де жасалды. Бұл үлгіні ауаны дезинфекциялау үшін де пайдалануға болады. COVID-19 пандемиясы адамзатқа мутацияға ұшырайтын вирустардың қауіп-қатеріне және жаңа вирустардың немесе инфекциялардың пайда болуына бейімделу қажеттігін түсіндіргендей. Г. Мунның ғылыми командасы ұсынған шешімдер биологиялық емес, вирусқа қарсы қорғаныс технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді.


2018-2020 жылдары гранттық қаржыландыруға ие болған «miRNA ассоциациялары және олардың мақсатты гендері негізінде жүрек-қантамыр, онкологиялық және нейродегенеративті ауруларды ерте диагностикалаудың тест-жүйесін әзірлеу» жобасының нәтижелері сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алды. Жобаны биология ғылымдарының докторы Анатолий Иващенконың жетекшілігімен Биология және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының ұжымы жүзеге асырғаны белгілі.
Соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, нейродегенеративті аурулар (Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, склероз және т.б.) халық арасында кеңінен етек жайып барады. Осы орайда әлемде мұндай патологиялардың пайда болу табиғатын толық түсінуге және алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізілуде.
Отандық ғалымдардың қол жеткізген зерттеу нәтижелері көп кездесетін аурулардың молекулалық-генетикалық зерттеулеріне айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде. Мысалы, миокард инфаркті, жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, атеросклероз, инсульт сияқты ауру түрлері кандидаттық гендер жиынтығымен ерекшеленеді. Сонымен бірге бұл ауруларды қоздыратын жалпы гендер тағы бар. Олар жүрек-қантамыр ауруларының нақты бір түрлерін қоздыратын кандидат гендерді анықтауда айтарлықтай қиындықтар туғызады. Жоба аясында адам геномының айқындалуын реттеуге қатысатын наноөлшемді РНҚ молекулаларының (миРНҚ) рөлі зерттелді.


Бүгінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары да ірі қара малға құрамындағы биологиялық белсенді заттары жоғары сапалы жемшөп қоспаларын алудың тиімділігіне назар аударып отыр. Қазіргі уақытта мал азығын өндіруге кететін шығын 65-75 пайызды құрайды. Ал бұл зерттеулер жалпы мал шаруашылығына оң ықпалын тигізетіні анық. Нарықтағы дәстүрлі технологиямен өндірілген құрама жемдердің құрамында дәнді-дақылдар үлесі 60-80 пайыз. Бұл жемнің бағасы¬на әсер етеді. Бүгінде көптеген дамыған елдерде жем-шөпке астықты қоспайтын болған. Яғни Батыс Еуропа елдерінде жем құрамындағы дәнді-дақылдардың үлесі бар-болғаны 12-15 пайыз. Бұл отандық мал азығымен салыстырғанда 4-5 есе аз.
Отандық ғалымдар ауыл шаруашылығы, тамақ және астық өңдеу өнеркәсібінің пайдаланылмаған қалдықтарын экструзиялық өңдеу арқылы жем және жемшөп қоспаларын жасаудың рецепті мен технологиясын ұсынып отыр. Экструзия технологиясы өсімдік және биологиялық белсенді компоненттерді өңдеумен қатар, сапасыз шикізаттың тағамдық құндылығын көбейтуге мүмкіндік береді. Алынған жем жоғары тағамдық құндылығымен, жеңіл сіңімділігімен, биологиялық белсенділігімен, сондай-ақ витаминді және минералды құндылығымен ерекшеленеді.


Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-математика ғылымдарының докторы Әлия Асқарова бастаған ғылыми ұжым әзірлеген жоғары температуралы ортадағы жылу және масса алмасу үрдістерін 3D үлгісінде модельдеуге арналған жаңа компьютерлік технологиялары көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларындағы от жағу камераларында болып жатқан үрдістерді көруге мүмкіндік береді. Яғни ЖЭС-тағы от жағу камераларындағы жылу мен масса алмасудың күрделі үрдістерінен тың мәліметтер алуға болады. Бұл көмір энергетикасы саласында экс-перименттік зерттеулердің тиімсіз және қымбат әдістеріне уақыт кетірмей, жану үрдісін оңтайландыруға ыңғайлы.


Мұнай саласы үшін өзекті жобаны техника ғылымдарының кандидаты Алла Бирюкованың жетекшілігімен Металлургия және байыту институтының ғалымдары жүзеге асырған болатын. Аршыма тау жыныстарының химиялық-минералогиялық құрамы және шикізатты күйдіру барысы зерттелді. MgO-Al2O3-SiO2 жүйесінің диаграммасына сәйкес аршыма тау жыныстары негізіндегі магнезиялы-силикатты композициялар құрамы есептелді. Көп компонентті шихталарды пайдалана отырып, аршыма тау жыныстары негізіндегі магнезия-силикат құрамдарын синтездеуде жүретін физикалық-химиялық үрдіс заңдылықтары, сондай-ақ фазалық құрамы, құрылымы және керамикалық матрицаның механикалық қасиеттерін қалыптастыруға әсерін анықтау жобаның басты жаңалығы. Экономикалық жағынан да тиімді жобада табиғи және техногендік шикізаттар пайдаланылады.


Медицина ғылымдарының кандидаты Шолпан Асқарованың жетекшілігімен жүзеге асқан жасушалық терапияны қолдану арқылы сүйек тінін қалпына келтіру жобасы Астана ұлттық зертханасының Өмір туралы ғылымдар орталығы биоинженерия және регенеративті медицина зертханасына тиесілі. Ғылыми топ алған полимер остеопороз салдарынан сүйектің сынуынан зардап шегетін егде жастағы адамдарға сүйекті тезірек қалпына келтіруге көмектеседі. Зерттеудің келесі кезеңдерінде жануарларға эксперименттер жүргізу жоспарлануда. Бұл тәжірибелердің нәтижесі сәтті болса, қазақстандық фармакологтар әлемдік нарықта сұранысқа ие жаңа дәрі жасауға мүмкіндік алады. Ұсынылған шешімдерді медицина мен биотехнологияда кеңінен қолдануға болады.


Қазақстандық ғалымдар ашып, өндіріске енгізген жаңалықтар отандық ғана емес, әлемнің ғылыми кеңістігі үшін тиімді. Бұл адам денінің саулығы мен ел экономикасын дамытуға бағытталған ғылымның жетістігі екені қуантады.

Әділ ИБРАЕВ,
Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының президенті.

https://egemen.kz/article/309033-adamzat-igiligine-arnalghan-dgobalar

«« | »»
Соңғы жаңалықтар