Қазақстан ғылымы

2020 жылы 141 ғылыми-техникалық бағдарламалар жүзеге асырылды

08.04.2022

2008

Қай саланы алмасаңыз да атқарылған істердің нәтижесіне тоқталып, әрі қарайғы жұмысына жоспар құрылады. Сол секілді ғылым саласында да әр жылда атқарылған жұмыстың нәтижесіне баға берілуде. Соңғы жылдары отандық ғылымның деңгейін арттыру бойынша көптеген істер қолға алынды. Әсіресе ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды гранттық қаржыландыруға басымдық берілді. Оған біраз министрліктер атсалысты.

Әрбір ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды немесе жобаларды гранттық қаржыландыру үшін конкурстар ұйымдастырылып, жүзеге асырылады. Грантқа ие болған бағдарламалар немесе жобалардың тиісті мерзімі аяқталғанда оның нәтижелілігіне қорытынды жасалады. Сіздердің назарларыңызға 2020 жылы аяқталған бағдарламалар үлесінің конкурс жариялаған министрліктер бойынша көрсеткіштерін ұсынып отырмыз.

Жүргізілген статистикалық талдауда Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурс бойынша жеңімпаздарының көш бастап тұрғанын байқауға болады. Бұл министрлік 2018-2020 жылдар аралығында іске асырылған 81 ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалардың әкімшісі болды. Екінші орында осы мерзімде 42 бағдарламаны жүзеге асырған конкурсты ұйымдастырушы – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Сол сияқты қорғау құжаттары және енгізу актілерінің басым бөлігі де осы екі министрліктің конкурсын жеңіп алған бағдарламаларға тиесілі. Бағдарламалардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің конкурстары бойынша ғалымдар 293 қорғау құжатына және 102 енгізу актісіне қол жеткізген. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған конкурстарда 160 қорғау құжаты және 486 енгізу актілері алынды. Үшінші орында 21 қорғау құжаты мен 23 енгізу туралы құжаттардың иегерлеріне конкурс ұйымдастырушы Денсаулық сақтау министрлігі тұр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялаған конкурс бойынша мамандар 3 бағдарламаны іске асырды, бұл ретте 8 қорғау құжаты және нәтиженің енгізілгенін растайтын 13 құжат келіп түсті.

Талдауда барлығы 499 қорғау құжаты және 664 енгізу құжаты жасалғаны көрсетілген.

2020 жылы аяқталған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалардың нәтижелері бойынша отандық және рейтингісі жоғары шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған ғылыми мақалалардың саны жағынан Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурс жеңімпаздары озып тұр. Оларға жалпы 7569 жарияланымның 5229-сы тиесілі. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімшілік еткен конкурстың грант иегерлері 1377 ғылыми еңбек жариялады. Экономика министрлігі жүзеге асырған бағдарламалардың нәтижесінде 323 жарияланым жасалды.

Толқын Садырова,
Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық
сараптама орталығының баспасөз қызметі жетекшісі.

https://aikyn.kz/191161/2020-zhyly-141-gylymi-tehnikalyk-bagdarlamalar-zhuzege-asyryldy/

«« | »»
Соңғы жаңалықтар