Қазақстан ғылымы

Отандық қант қызылшасының 15 гибриді бар

20.08.2021

3079

Ауыл шаруашылығы еліміздегі барынша дамытуға бағытталған саланың бірі. Оның ішінде отандық дәнді-дақылдарды жетілдіру басты мәселе болса, оған ғалымдарымыз бар күшін салуда. Бидай, жүгері, арпа, қызылша, соя сияқты басқа да дақылдарды зерттеп, оның түрлерін көбейтіп жатқан бірден бір ғылыми орда – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты.

Ол республика бойынша қант қызылшасын өндірумен қамтамасыз ететін жалғыз мекеме. Осы уақытқа дейін қант қызылшасының 15 гибридін алған. Оның ішінде 8 түрі еліміздің өндірісіне пайдалануға берілген. Атап айтар болсақ, ЦКазМС-44 (1995 ж.), КазМС-19 (1998 ж.), КазСиб-14 (2001 ж.), Аксу (2014 ж.), Айшолпан (2016 ж.), Тараз (2017 ж.), Шекер (2017 ж.), Памяти Абугалиева (2020 ж.) гибридтері патенттеліп, авторлық куәлікті де иеленді. Еңбекші, Айдын, Әлихан сияқты отандық гибридтер мемлекеттік сорт сынағынан өтуде.

Дегенмен, өсімдік тұқымдарын өзгерту жолымен асылдандыру жұмыстарына қарамастан, қант қызылшасы тұқым шаруашылығының жағдайы көңіл қуантарлық емес. Оған еліміздегі осы салада жүрген арнаулы шаруашылықтардың тұқымды халықаралық талаптарға сәйкес өндірмеуі себеп болда. Сондықтан, қазіргі таңда тұқым нарығында 90%-дық көрсеткіш шетелдік өндірушілерге тиесілі. Әрине, олар тұқым дайындау технологиясын бізге ашпайды, құпия сақтап отыр, деп жазады Facebook парақшасында Агро Жаршы.

Нақтырақ айтсақ, қант қызылшасының тұқымы жыл сайын 700-750 млн теңгеге шет елден сатып алынады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Омская 358 бидай сорты үшін Ресейге бір ғана шаруашылықтың өзіне 5 млн теңгеге дейін ақша төлеу қажет болған. Бұл туралы https:eldala.kz/ сайтында «Платить роялти за российские сорта придется РК» атты мақаласында айтылған. Бізге отандық ғалым бидай сорттары жайлы өз ойын білдірген еді.

Шынболат Рсалиев,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ Дәнді және жемдік дәнді дақылдарының селекциясы бөлімінің бастығы, биология ғылымдарының докторы:

- Қазір жетекшілік жасап жатқан бөлім осы институт құрылғаннан бастап, яғни 1939 жылдан бастап қазақстандық бидай сорттарын шығарған. Солардың ішіндегі бірегейі осы күнге дейін еліміздің бидай алқаптарына егілуде. Бидай, арпа, третикале дақылдарының дамуына үлес қосып келе жатқан ғалымдар қатарында академик Рахым Оразалиев, Бөрібай Сариев, Исатай Нұрпейісов, Мұхтар Құдайбергенов сияқты басқалары бар. Институтымыздың күздік бидайдың «Стекловидная-4», «Богарная-56», «Қазақстандық-10» сорттары, жаздық ерте пісетін бидайдың «Казахстанская раннеспелая» сорты, арпаның «Арна» сияқты басқа да дақылдардың сорттары өзінің бәсекеге қабілеттілігін әлі күнге дейін жоймай келеді. Бұл сорттар еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерін 80-90% қамтамасыз етуде.
Бұған қоса құрғақшылықа, өсімдік ауруларына төзімді бидай сорттарын шығардық. Биыл мемлекеттік сорт сынағынан өткен күздік бидайдың «Вавилов», «Димаш», «Дәулет», «Матай» сорттары егуге рұқсат алды.

Ғалымның айтуынша, еліміздегі фермерлердің көбісі Ресей бидайын сатып алған, ол биылғы құрғақшылыққа төзімсіз. Сол себепті шаруа қожалықтары тарапынан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-ның күздік бидай сорттарына сұраныс артып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы институт «Ғылым қоры» АҚ арқылы Шолпан Бастаубаеваның жетекшілік етуімен, «Қант қызылшасы тұқымының жоғары сапалы отандық селекциясын өндіру технологиясы» коммерциялық жобасын қолға алған болатын. Оның ішінде жасанды қаптаманы қалыптастыру сапасы бойынша шетелдік технологиялардан кем түспейтін, қант қызылшасы тұқымын түйіршіктеу мен инкрустирлеу технологияларын, әр түрлі комбинациялардың тиімді компоненттерін іріктеуді бастады.. Сондай-ақ, халықаралық стандарттардың заманауи талаптарына сәйкес (тазалау, сұрыптау, ұнтақтау, калибрлеу, кептіру, төсеу, түйіршіктеу), қант қызылшасы будандарының түпнұсқалық және элиталық тұқымдарын дайындау үшін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да заманауи тұқым цехы салынды. Ғылыми топтардың қызметін талдау негізінде бұл жоба өз өнертабыстарын коммерциялайтын ТОП-50 ғылыми топтардың қатарына енді.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ 2020-2021 жылдар аралығында қант қызылшасының ғылыми мәселелері бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруының 1209 02.976 мың теңге сомасындағы 4 жобасын (12 айға 2 жоба және 36 айға 2 жоба) жеңіп алды.

Дайындаған Толқын Садырова.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар