Қазақстан ғылымы

СЕЙСМИКАЛЫҚ ТӨЗІМДІ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ

20.02.2023

1104



Табиғат Ананың ісіне ешкім қарсы тұра алмасы анық. Оған жақында Түркия елінде болған зілзала куә. Бұл табиғат апаты қауіпті аймақта орналасқан біраз елдерге үрей туғызды. Дегенмен, адам баласы өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып келеді. Жер сілкінісі жиі орын алатын Жапон елінің көп қабатты үйлерінің бірнеше балға дейінгі зілзалаға төтеп беретіні бізге бұрыннан белгілі. Оның салыну технологиясы жан-жақты қауіп-қатерлерді ескере отырып жасалған. Осы технологияның идеясының авторы кім екенін білесіз бе? 
Жапон елінде тұрғын үйлерді, зәулім ғимараттарды салуда қолданылып жүрген технологияның ғылыми негізін қалаған өзіміздің қазақ ғалымы – Төлеубай Жүнісов. Ғалым оның әзірлемесін жасап, сынақтан өткізіп, ғимараттар салған екен. Ол кісінің кеңесін алу үшін 1990 жылдары жапон ғалымдары, инженерлері мен сәулетшілері арнайы Қазақстанға келген. 

Төлеубай Жүнісұлы 1954 жылы Мәскеу құрылыс-инженерлік институтының аспирантурасын бітірген. «Алдын ала ширатылған және жай құранды темірбетон конструкцияларының сейсмотұрақтылығы» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының докторы атанған. Профессор. 500-ден астам ғылыми еңбектердің, 25 өнертабыстың авторы, ҚР және РФ 5 патентін алған. 

Ғалым еңбек жолын құрылыс инженерінен бастап, ҚазКСР ҒА Құрылыс, құрылыс материалдары және сәулет институтының аға ғылыми қызметкері, құрылыс құрылымдары бөлімінің меңгерушісі, КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Қазақ филиалының басшысы м.а. орынбасары, «Қазөнеркәсіпқұрылыс ҒЗЖИ жоба» (қазіргі «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты») директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директордың м.а. 1990 жылдан бастап хейнетке шыққанша «КазНИИССА» директоры қызметтерін атқарған. 

«ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ басқарушы директоры Ералы Шоқпаровтың айтуынша, институт кеңес тұсында сейсмооқшаулаушы, резина-металдық іргетас жобасын көп зерттеген. Тіпті, сол жобалар бойынша Алматыда және Қырғызстанда көп үйлер бой көтерген. 

Ералы Шоқпаров: 
ТМД елдері ғалымдарының біреуі барып, осы құжаттарды көрсетіп, оны сол жақта дамыта түсуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Біздің ғылыми кітаптарымызда Төлеубай Жүнісов зерттеулері жайында көп мағлұмат бар. Бүгінгі таңда жапон халқы бұл жүйені дамытып, өрбіткен. Ол кезде бізде өндіріс осал болды. Мысалы, ғалымдар әзірлеме жасап, есептеп, нұсқау береді. Бұл – бір бөлек дүние де, оны өндіріске қоя білу – мүлде басқа нәрсе. 

Бастысы, Ералы Шоқпаровтың айтуынша, сейсмооқшаулаушы іргетаспен салынған ғимараттар бізде де аз емес. Төлеубай Жүнісовтің басшылығымен 40-тан аса ғимарат салынған. Басқа елдер де осындай әзірлеме жасаған. 


Материал https://nege.kz/news/ деректері бойынша дайындалды. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар