Өзектi

Барыс-келіс дамып келеді

15.03.2016

6147

Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтамақтастық ендігі жерде білім және ғылым саласындағы әріптестіктің нығаюына жол ашып отыр. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына Перпиньян Университетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы және осы университет жанындағы тарихи-зерттеулер орталығының директоры Винсент Глейзестің арнайы келіп, танысуы осының нақты айғағы іспеттес.

Перпиньян Виа Домита Университеті (UPVD - Universitat de Perpinyà Via Domitia) Францияның оңтүстігіндегі Перпиньян қаласында орналасқан. Жерорта теңізі жағалауындағы оқу орнының іргетасы 1930 жылы қаланған. Бүгінде университетте бакалавр, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 9000 студент білім алуда.

Перпиньян университеті Еуропадағы туризм және қонақ үй саласы бойынша білікті мамандар даярлайтын негізгі яки бірден-бір оқу орны.

Винсент Глейзес бұған дейін Қазақстанның басқа да университеттерімен кездесу өткізгенін айта келіп, бүгінгі таңдау Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына түскендігін жеткізді.

– Институт ректоры Дария Қожамжарова ханымға арнайы шақырту үшін алғысымды жеткіземін. Қазіргі күнде екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа қарқынға көтеріліп келеді. Францияның алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік технологиялар, энергетика, техникалық білім, иновация бойынша тәжірибесі Қазақстанның индустриялық инновациясының дамуына үлес қосып, алдағы кезде «EXPO-2017» көрмесінің өтуіне жәрдем бермек, – деді В. Глейзес.

Өз кезегінде ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан игілікті істермен таныстырды.

– Қазақстандық ұлттық және мемлекеттік университеттер Франция ЖОО-ларымен студенттерді алмасу бойынша әріптестік орнатқан. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында институт студенттері шетелде білімін жетілдіруде. Оның ішінде француз жоғары оқу орындары да бар. Осы орайда айта кеткім келеді, қос дипломды білім беру – қазақ¬стан¬дық жоғары мектеп дамуының халық¬аралық білім беру кеңістігіне бірігуінің аса маңызды көрсеткіші. Алдағы уақытта осы тарапта әріптестік орнатамыз деген сенімдемін, – деді Дария Пернешқызы.

Сапар барысында шетелдік қонақтар ұлттық тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер мен бұйымдар қойылған Жерұйық» этнографиялық орталығын аралап, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығына аялдады. Сонымен қатар, Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтағы атқарылған істермен танысты.

Дереккөзі: tarmpi.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар