Өзектi

Әлемдік мұхитта сынап көлемі үш есе артқан

07.08.2014

8588

Британ ғалымдарының айтуынша, соңғы жылдары Әлемдік мұхитта сынаптың көлемі үш есеге артып кеткен. Қауіптісі сол, улы зат судың түбінде емес, жоғарғы қабатында шоғырланған деп жазады The Guardian.
Ғалымдар бұл жайындағы ғылыми жұмысын Nature журналына жариялаған.
Олардың пікірінше, сынап судың түбіне қарағанда жоғарғы қабатында тез түзіледі екен. Улы заттың қалыптасуына ең бірінші адамдардың өздері кінәлі дейді олар. Өйткені, сынаптың суға түсуінің ең бірінші себебі - өндіріс қалдықтарымен қоршаған ортаның ластануы. Шахтадан шыққан қалдық сулар айналып келіп мұхитқа дейін жетеді. Ғалымдардың айтуынша, сынаптың буы ауа арқылы тез таралып, салдарынан өндіріс орындарынан алыста жатқан елдімекендер де оның зардабын шегуі мүмкін. Сондай-ақ, улы заттың су жануарларына да тигізер залалы өлшеусіз.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, сынаптың көп мөлшері Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде шоғырланған. Сонымен қатар, Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде де аталған сұйық металл көптеп кездеседі. Ғалымдар уақыт келе сынаптың су түбіне шөгетініне сенімді. Алайда, бұл процесс ондаған жылды алуы мүмкін.
Адамзат баласының су жануарларына тигізіп жатқан залалы онсыз да жетіп артылады дейді экологтар. Суға төгілген мұнай және өзге де улы қалдықтар қаншама балық пен теңіз сүтқоректілерінің қырылуына алып келді.
Ғалымдар болса жағдайды қалыпқа келтіруге әлі де кеш еместігін айтып отыр. Егер көмір электростанцияларына химиялық фильтрлер орнатса мұхитқа мұншама зиянды қалдық түспейді дейді олар. Алайда, әлемнің үшінші елдері мұндай фильтрге қол жеткізе алмай келеді.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар