Өзектi

Аяулым БЕЛГІБАЕВА: «Дем алатын» аккумуляторларды дамытуға қатысты зерттеу жоспарын ұсындым

01.04.2020

4624

Еліміздің болашағы жастар болғандықтан, оларға артылатын үміт те зор болмақ. Әсіресе, ғылымға құштар жастар елімізде аз емес. Өзінің қатарынан үнемі озық жүретін қыз-жігіттеріміздің басым бөлігі қазір әлемдік деңгейі жоғары оқу орындарынан білім алуда. Солардың бірі – Токиода PhD докторантурада оқып жүрген Аяулым Белгібаевамен интернет желісі арқылы сұхбаттасудың сәті түсті.


Аяулым Белгібаева Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында туған. 10-сыныптан бастап Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектеп-интернатында оқып, білім алған. Л.Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің «Химия» мамандығы бойынша түлегі.


Аяулым, қазір әлемді COVID-19 вирусы шулатып жатыр, Қазақстандасыз ба?
– Жоқ, қазір Жапониядамын. Ақпан айының соңында елшіліктен хабарласып, Қазақстанға қайтуымыз туралы сұрастырған болатын. Алайда, не болса да, Жапонияда қалған дұрыс болар деп шештік. Біріншіден, Жапонияда әлі карантин жарияланған жоқ, лабораториядағы зерттеу жұмыстарым қызу жүріп жатыр. Екіншіден, потенциалды вирус тасымалдаушысына айналып, елдегі жақындарыма қауіп төндіргім келмеді.
Жапония бұл індетпен қалай күресуде?
– Жапония Қытайға жақындау болғандықтан, қаңтар-ақпан айларында коронавирус жағдайлары расталған мемлекеттердің алдыңғы көшінде болатын. Ол кезде университеттерде Қытайдан және Қытай арқылы келген студенттерді қабылдауға мораторий жарияланған болатын. Кейін бұл тізімге басқа да 1-категориядағы мемлекеттер қосылды. Бізге қолымызды жақсылап жуып, сыртқа шыққанда маска киіп жүруге кеңес берілді. Барлық шетелден ұшып келген азаматтар екі аптаға үйлеріне карантинге отырғызылды. Сауда үйлерінің жұмыс істеу уақыты қысқартылып, барлық мұражайлар жабылды, адам көп жиналатын іс-шараларға тыйым салынды. Кейін ауруға шалдыққандардың көпшілігі жазылып, жақын уақытта көктемгі демалыс аяқталып, мектеп-университеттерде оқу басталады деп хабарланған болатын. Алайда, соңғы кездері әлемнің Қытайдан басқа елдерінен келіп, көбейіп жатқан вирустың екінші легі салдарынан жапондардан басқа барлық шетел азаматтарына Жапонияға ұшып келуге тыйым салынды. Оқу екі аптаға кешірек басталатын болды. Әзірше, лабораториямызға барып, жұмыс істей береміз. Бірақ, демалыс күндері үйден шықпай, карантинде отыратын болдық.



Қазір осы елде PhD докторантурасында оқып жүр екенсіз. Жапонияны әдейі таңдадыңыз ба?
– Аккумуляторлар бойынша бакалавриаттық диплом жұмысымның зерттеулерін Назарбаев Университетінде профессор Жұмабай Бекболатұлы Бәкеновтың жетекшілік еткен ғылыми тобында жүргізген болатынмын. Кейін сонда түрлі жобаларда зерттеуші болып жұмыс істеп жүріп, күтпеген жерден Жапонияға мемлекеттік грант – MEXT бағдарламасы бойынша 5 жылға біріккен магистратура мен PhD-ға оқуға тапсыруға ұсыныс алдым. Жалпы, мектепте оқып жүрген кезден-ақ Жапония – ғылым мен технологияның дамыған ошағы деп естіп келдім. «Олардың құпиялары неде екен? Жапонияда біраз тұрып көріп, барлығын ішінен көрсем ғой», – деп армандайтынмын. Жапондардың мәдениеті де қызықтырмай қоймайтын. Ол жақтан білімімді жетілдіру туралы ұсыныс түскенде, мүмкіндігімді жіберіп алмайын деп, бірден құжаттарымды тапсырдым.
Өзіңіз білім алып жатқан оқу орныңыз туралы айтып жіберіңізші...
– Мен Токио технологиялық институтында (ТокиоТех, Tokyo Institute of Technology) Материалтану және химиялық технология факультетінде «Химиялық ғылым және инженерия» мамандығында оқып жатырмын. ТокиоТех – ғылым мен техникаға бағытталған Жапонияның ірі мемлекеттік жоғарғы оқу орны. Ұлттық рейтингте Токио университеті мен Киото университетінен кейін үшінші орында, әлем бойынша 58-орында тұр.
Қазақстаннан барып, білім алып жатқан жастар көп шығар, қай мамандықта басым?
– Иә, Жапонияның мемлекеттік гранты, Болашақ бағдарламасы бойынша да келіп оқып жатқан қазақ жастары біршама. Біздің Токио технологиялық институтында 7-8 қазақ студенті бар. Негізінен химиялық инженерия және ақпараттық технологиялар мамандықтары бойынша білім алып жатыр.
Зерттеп жатқан тақырыбыңыз аккумулятор жайында көрінеді. Әсіресе «дем алатын» аккумуляторыңыз қызық екен...
– Жалпы, аккумуляторларды зерттей бастағаныма алты жылдай уақыт болып қалыпты. PhD-ға түсер алдында қазіргі жетекшімнің кеңесімен «дем алатын» аккумуляторларды дамытуға қатысты зерттеу жоспарын жасап, ұсынған болатынмын. «Дем алатын» деп, металл-ауа аккумуляторларын атайды. Бұл зарядтау-разрядтау кезінде аккумуляторда оттегі айналымының жүруімен байланысты. Бұнда электр тоғы металл мен ауадағы оттегі арасындағы электрохимиялық реакция нәтижесінде бөлінеді. Катод, яғни оттегі батарейка ішінде сақталмай, сырттан берілетіндіктен, бұлардың теориялық энергия сыйымдылығы жанармаймен салыстырарлықтай өте жоғары. Дегенмен, іс жүзінде бұндай батареялардың қайта зарядталып, ұзақ уақыт бойына жоғары энергия беруі әзірше қиынға соғуда. Олар өте күрделі, тыңғылықты зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Қазіргі таңда басқа аккумулятор түрлерін дамыту мүмкіндігі молырақ болып тұр. Сондықтан, оқуға түскен соң тақырыбымды сәл басқа салаға қарай бұруға тура келді: PhD-лік жобам литийлі және литий-ионды аккумуляторларға арналған наноталшықтарды синтездеп, дамыту болып табылады. Бірақ, «дем алатын» аккумуляторлармен тікелей айналысып жүрмесем де, бұл салада не болып жатыр екен деп, бақылап отырамын. Әлі де қатты қызықтырады.
- Инста парақшасында «Алдағы 5 жылда менің зерттеу саламды не күтіп тұр?» деген тақырыпты талқылапсыз, сол туралы да айта кетсеңіз...
– Инстаграмда бізде қазақстандық болашақ ғалым-қыздардың Kz PhD Girls Union деп аталатын жобамыз бар. Сол жобаның аясында әр бейсенбі сайын түрлі тақырыптарды талқылап, #kzphdgirlsunion ортақ хэштегімен жазбалар желісін жасаймыз. Сондай тақырыптардың бірі жаңағы «Алдағы 5 жылда менің зерттеу саламды не күтіп тұр?» болатын. Өз басыма бұндай болжамдар жасау айтарлықтай қиындық тудырмады. Себебі, жергілікті және халықаралық ғылыми конференцияларға барғанда, қазіргі ғалымдардың көбінесе нені зерттеп, қандай тақырыптарға басты назардың бөлініп жатқанын бақылап, сараптап жүремін. Оның үстіне, әр бағыт бойынша жыл сайын әлемде шығарылып жатқан ғылыми мақалалар саны да өте жақсы көрініс береді. 2019 жылы химиядан Нобель сыйлығы «Литий-ионды аккумуляторларды дамытқаны үшін» үш ғалымға берілген болатын. Олардың дамытқан аккумулятор прототипі 1991 жылы алғаш рет нарыққа шыққан еді. Одан бері аккумулятор массасы мен бағасын төмендетіп, энергиясы мен қауіпсіздігін арттыру жолында көп зерттеулер жүргізіліп келеді. Сондықтан, менің ойымша, алдағы 5 жылда, біріншіден, энергия сыйымдылығы жоғары, қауіпсіз батареялар нарыққа жол тартады. Оның үстіне қазір күкірт негізіндегі және сұйық электролитсіз аккумуляторларға қызығушылық басым. Екіншіден, жоғарыда айтып өткен «дем алатын», яғни ауа негізіндегі батарейкаларды дамыту саласы алға жылжитын сияқты. Үшіншіден, литийдің басқа металдармен алмастырылу мүмкіндігі бар. Литий ең жеңіл металл болғандықтан, энергия сыйымдылығы өте жоғары, бірақ, әлемде оның қоры шектеулі. Сондықтан, қазір натрий, мырыш сияқты басқа да кеңірек таралған, арзанырақ металдар негізіндегі аккумуляторлар даму үстінде.
Аяулым, дипломыңызды алып, елге оралатын боларсыз?
– Дипломды алған соң, әрине, елге оралып, қызмет етсем деймін. Қазір шет елде оқып, қайтып келіп жатқан жастар көп, бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан, сол бәсекеге қабілетті болсам деймін. Ол үшін қазір көп еңбек етуім қажет.
Сұхбатыңызға рақмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Толқын Садырова
Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар