Нарықтық экономика жағдайында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыратын бірден-бір сала – ауыл шаруашылығы. Қазақстан стратегиялық даму бағдарламасы бойынша әлемдегі азық-түлік өнімін өндірушілер арасында жетекші елдердің бірі болу мақсаты тұр. Бұл туралы мемлекеттің 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында да кеңінен қамтылған.
Былтыр Буэнос-Айресте өткен Үлкен жиырмалық елдері G20 ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуінде «бірнеше жылдық әлсіреуден кейін, 2016 жылы әлемдегі аштық күшейіп, қазіргі уақытта одан 815 млн. адам зардап шексе, 2 миллиард адам күнделікті тұтынуға қажетті өнімдердің тапшылығын сезініп отыр» деген қорытынды мәлімдеме жасалған болатын.
Қазіргі таңда жер шарының әрбір жетінші тұрғыны аштықтан зардап шегіп отыр. Бұл мәселе жүздеген миллион адамды тарықтырғанымен қоймай, адамдардың денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді.
БҰҰ есептеуі бойынша әлемдегі аштық пен кедейшілікті түп-тамырымен жою, білім беру мен денсаулыққа теңдей қолжетімділікті арттыру және тұрақты экономикалық өсімді қалыптастыру үшін жылына 4,5 млрд доллар қаражат қажет екен. Қазіргі таңда әлем халқы 7 млрд-қа жетсе, 2040 жылы 9 млрд-қа дейін өседі деген болжам бар. 2030 жылға қарай қазіргі кезеңмен салыстырғанда азық-түлікке қажеттілік 50%-ға, ал энергияға сұраныс 45%-ға өседі. Осы ретте ғалымдар 3 млрд адам аштық пен кедейшілікке ұшырайды деп дабыл қағып отыр. Бүгінгідей беталыспен ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс 2030 жылы 1,3 есе өседі.
Ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың артуы әлем бойынша жаңа ауылшаруашылық жерлерді пайдалануды талап етіп отыр. 1980-2010 жылдары жер ресурстарының тапшылығы тыңайтқыш пен пестицидтерді қолдануды арттыру арқылы қалпына келтіріліп отырды. Ал әрі қарай ауылшаруашылық жерлерді кеңейту көптеген елдерде шектеулі болып отыр, яғни егін және мал шаруашылығына қажетті жерлер барған сайын азайып барады.
Осы мақсатта ҚазҰАУ-дың Анимология мәселелері ҒЗИ директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Сансызбай Абылай Рысбайұлы зерттеу жасаған болатын. Сол зерттеу нәтижесінде Қазақстан Жер шарының 1 млрд тұрғынын азық-түлікпен қамтамасыз ете алады деген тұжырым жасады. К
ез-келген жоба инвестиция тартудан басталады. Бір кереметі – Израиль мемлекеті осы идеяны жүзеге асыруға, қаржылай қолдау көрсетуге қатты қызығушылық танытып отыр. VP Group басшысы Владимир Полевой БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының Қазақстан Республикасындағы органикалық ауыл шаруашылығы бағытын дамыту мүмкіндіктері туралы тұжырымдамасымен танысып, VP Group консорциумы өзін аталмыш жобаға қажетті озық технологиялар мен қаржы ресурстарын табуға мүмкіндіктері бар екендігін жеткізген. Ендігі жерде шетелдік компания осы жобаны жүзеге асыруға қазақстандық ғалымдар мен мемлекет тарапынан қолдау күтіп отыр.
Профессор Абылай Рысбайұлының айтуынша, Қазақстан айналымға игерілмеген, яғни химиялық өңдеуден өтпеген және тиімсіз қолданылған 100 млн гектар жерді ұсына алады. Бұл – жерді сату емес, жалға беру де емес. Жергілікті фермерлерге субсидия беріледі, келесі жылға егу үшін тұқымды инвесторлар әкеліп береді. Бұл бағытта шетелдіктер зондтау технологиясын қолданатынын да ескеруіміз керек. Ғарыштан жердің ылғалдылығы қандай, не ексе болады, қандай өнім жақсы шығады, қанша өнім береді деген мәселелерді анықтайтын технология бар. Бұл – егін шаруашылығын дамытуда өте қажетті технология. Ал мал шаруашылығымен айналысушыларға келсек, қандай және қанша мал қажеттігін фермерлер айтады, мал басын инвесторлар әкеледі. Бір жылдан кейін жаңа туған еркек бұзауларын етке алады, ал ұрғашы бастары келесі жылға мал басын көбейтуге қалады. Бұл асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысуға да өте тиімді, әсіресе Қазақстан үшін маңызды – сүтті бағытты дамытуға мүмкіндік береді.
Біз жоғарыда инвестордың дайын екендігін айтып өттік. Ендігі кезек мал және егін шаруашылығына арналған жерді анықтау және дайындау. Осыдан соң инфрақұрылымы жасалып, құжаттары рәсімделіп, жергілікті фермерлер іріктеліп, оқудан өтеді.
Енді бұл жоба Қазақстанға не береді деген мәселеге тоқталсақ. Ең алдымен, жобаны іске асырудан түскен жылдық табыстың 10%-ы аштық пен кедейшілікті жою мәселелерімен айналысатын Халықаралық Қорларға аударылады. Ал ең бастысы, Қазақстанның 100 млн гектар ауылшаруашылыққа пайдалы жері игеріледі. Игеріледі дегеніміз, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Осыдан келіп еліміздің аграрлық саласына инвестиция тарту жеңілдейді. Сонымен қатар елдің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі артып, республикалық және жергілікті бюджет салық есебінен көбейеді. Мұндай жағдайда Қазақстан шетелдік біліктілігі жоғары мамандарды да жұмысқа тарта алады. Келе-келе жобаға көмекші шаруашылық, диқандық және фермерлік шаруашылықтар тартылады. Бұл өз кезегінде урбанизацияны тежеп, шаруашылықпен, кәсіппен айналысам деген жастарға жаңа мүмкіндіктер береді. Жобаны жүзеге асыру аясында сапасы жоғары, экологиялық таза, ұзақмерзімді негіздегі әлемдік стандарттарға сай қазақстандық өнімдер бренді қалыптасады.
Елімізде бос игерілмей жатқан жерлер туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде егістікке жарамды 16 миллион гектардан артық алқап игерілмей жатыр. Ал жайылымдық жерлердің тек 40 пайызы ғана мақсатты пайдаланылуда», – деген болатын.
Игерілмей жатқан жерді тиімді пайдалану Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын айқындай түседі. Сонымен қатар бұл Қазақстанның ішкі нарығын азық-түлікпен қамтамасыз етеді де, отандық өнімдердің екінші тынысы ашылып, ендігі жерде экспорттық әлеуетті дамытуға болады.
100 млн гектар жерді тиімді пайдалану жүзеге асырылса, ірімшік, сүзбе, шұжық өнімдері, етті және етті-өсімдік консервілер, сары май, қант, жеміс-көкөністі консервілер, май өнімдері, мұздатылған балықтар, көкөніс пен жеміс-жидектерді өсіру және картопты, жералмұртты өсіру және қайта өңдеу жүзеге асырылады. Сиыр, қой, шошқа, сорпалық өнім, ірімшік және құрғақ сүт, дән, майлы дәндер, картоп және оның қайта өңдеуден шыққан өнімдері соя бұршағы, жүгері, жемістері толықтай өзімізде өсіріп шығарылады.
Қорыта айтқанда, әлем халқын азық-түлік жетіспеушілігі мен кедейшіліктен сақтау сынды ауқымды ғаламдық мәселені Қазақстан Үкіметі әлемдік деңгейдегі экономикалық, қаржы және технологиялық институттармен тығыз қарым-қатынас орната отырып шешуі тиіс.
Арайлым БИМЕНДИЕВА
Дереккөзі: turkystan.kz