Өзектi

Алматылық өнертапқыш электробайк ойлап тапты

08.08.2018

6008

Әлемнің барлық қалалалары атмосфераны ластаушы автокөліктерге толы. Электрлі көліктер – олардың зиянды әсерінен қорғанудың ең сенімді жолы. Өйткені электрлі скутерлер мен мотоциклдардың, велосипедтердің автокөліктерге қарағанда артықшылықтары көбірек.
Біріншіден, олардың қимыл-қозғалысы жеңіл әрі кез келген жерге сыйып кете алады. Екіншіден, жанармайсыз жүреді және ауаны ластамайды. Үшіншіден, электрлі скутерлер мен мотоциклдер, велосипедтер өздерінің шағын пішінінің арқасында автокөліктерге қарағанда жол бойында кептеліс туғызбайды.
Соңғы уақытта Алматы көшелерінен осындай электрлі көліктердің бір түрі электросамокаттарды жиі кездестіріп жүрміз. Бұл электрлі көліктерге деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады.
Жеңіл көліктердің сатылымы былтырғымен салыстырғанда 70 пайызға көбейген. Қала билігі бұл құбылысты қаладағы веложолдардың жақсаруымен байланыстырып отыр. Осы ретте биыл елімізде велодәліз 30 шақырымға дейін ұлғайғанын да айта кету керек.
Бір артықшылығы элеткросамокатпен жүру үшін сізге жүргізуші куәлігі қажет емес. Ең бастысы, жол ережесін сақтасаңыз болғаны. Сонымен қатар бұл «жеңіл көліктердің» бағасы да қолжетімді болып шықты. Автокөліктермен салыстырғанда әлдеқайда арзан (70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін).
Алдағы уақытта еліміздің барлық аймағында электроскутерлерден бөлек электробайктарды мінетін күн де жақын. Олай дейтін себебіміз, осыдан төрт-бес ай бұрын Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Әлімхановтың ерекше электробайктрансформер жасап шығарғанын еліміздегі барлық БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын.
Ал жоба авторы жаңа туындының қаладағы көлік кептелісінен шаршаған адамдар үшін таптырмас құрылғы екенін атап өткен еді. Құрастырушы бұл қоғамдық көліктің жаңа түрін бар болғаны 2 ай ішінде жасап шығарған.
Жаңа электробайк 15 бөлшектен тұрады. Оның бөлшектері заманауи материалдардан жасалған. Дегенмен мотордөңгелек, алдыңғы дөңгелек, рөлдік механизм және аккумулятор секілді бөлшектері әзірге шет елдерден алынуда.
Бүгінде инженер-өнертапқыш зейнеткерлерге арналған 2-3 дөңгелекті электробайк жасаудың жолын қарастыруда. Ерлан жаңа туындысы жөнінде «Электробайк – жеңіл, жиналмалы әрі тез қуатталатын ерекше көлік. Біз оның көмегімен қала тұрғындарын экологиялық әрі тиімді транспорт түріне көшіре аламыз. Бұл көлік түрінің жиналу механизмі балалар арбасының жиналуына ұқсайды және мөлшері бірнеше өлшемге кішірейеді. Электробайк-трансформерге әлеуметтік тұрақтың да қажеті жоқ. Оны үйде электр қуатымен қуаттауға болады», – дейді.
Құрастырушы маман алдағы уақытта электробайктың 3 түрін, яғни балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арнап жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ересектерге арналған байктың салмағы – 110 келі, жүру ұзақтығы – 50 шақырым, жоғары жылдамдығы батареяның түріне қарай 45 шақырым/сағатты құрайды.
Велосипедтің салмағын жеңілдету үшін дөңгелектің диаметрін барынша кішірейте беруге болады екен. Жиналмалы көлік автобустың ішінде де тасымалдауға ыңғайлы. Ұстап жүруге жеңіл әрі қоғамдық көлікте ешкімге кедергі келтірмейді.
Отандық электробайктың бағасы шетелде шығарылатын түрлеріне қарағанда анағұрлым арзан болмақ. Бұзылған жағдайда жөнделуі де оңай. Жаңа велосипедтегі 4 батарея 35 шақырымдық жолды бағындыруға мүмкіндік береді.
Ал оны қуаттауға бар болғаны 4 сағат жеткілікті. Жол-жөнекей электробайктың қуаты таусылса, оны бірден жинап, қолға ұстап жүруге де болады. Көлік құралы әп-сәтте кіші­гірім жиналмалы дөңгелегі бар чемоданға айналады.
Автор өтімділігі жоғары болады деп күтілген жұмысын нарыққа сату үшін инвесторлар іздеуде. Осы мәселе төңірегінде ол:
– Бірнеше фирма менің ойлап тапқан дүниемді жүзеге асыруға ниетті. Жақында стартаптар жарысына қатысып, сонда инновациялық жобалармен айналысатын компания бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Маған сонда да инвесторлар қажет. Сол кезде отандық электробайкты жасап шығаруға үлкен мүмкіндік туады деп айтқан болатын. Иә, XXI ғасыр – озық технологиялар ғасыры. Ал электромопед, электроскутер, электробайк – жаңа заманның жаңа технологиялары. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да бұл құрылғылар біздің өмірімізге дендеп ене бастады. «Бүгінде ұялы телефондардың қажеттілігі адамдар үшін қандай болса, кейін электрокөліктердің де маңызы сондай болады, – дейді маман.
Қазірдің өзінде алматылық өнертапқыштың бұл өзгеше туындысына қызығушылардың саны өте көп. Жақын күндері отандық электробайктың жаңа үлгісін қала көшелерінен кездестіруіміз әбден мүмкін. «Сабақты ине сәтімен болсын» дейміз.


Абылайхан ЖҰМАШ
Дереккөзі:
aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар