Өзектi

Марат Қошымбаев: «Қазақстан ғалымдарының жел қалақшалары денсаулық пен қаланың экологиясына пайдалы»

14.07.2016

5981

Таяуда Ш.Ш. Шокин атындағы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Марат Қошымбаев мырзамен кездесіп, Қазақстанның энергетика саласы жайында ой бөліскен едік. Өз саласын жетік білетін маман энергетика саласында түйткілді мәселелерді ашып көрсетіп берді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Баламалы қуат көзі жолайрықта

– Марат Болатұлы, Қазақстан экономикасында энергетиканың алатын орны ерекше. Қуат көзінсіз экономиканы көз алдымызға елестетудің өзі қисынсыз. Білікті маман ретінде айтыңызшы, Қазақстан энергетикасының ерекшелігі қандай?
– Қазақстан энергетикасының басты ерекшелегі ретінде қуат көзінің басым бөлігін жылу электр стансалары өндіретінін айтуға болатын шығар. Бізде электр энергиясын өндіруде көмірдің үлесі 70 пайызды құрайды. Ал осы көмірді жағу арқылы өзімізге қажетті қуат көзінің 82 пайызын аламыз. Көмірдің қоршаған ортағы тигізетін зияны көп. Біздің жылу электр стансаларынан шыққан түтіні сонау Жапонияға дейін жетеді. Мұны билік басындағылар біледі. Сондықтан атқарушы билік «жасыл экономикаға» көшуге бар күш-жігерін жұмсауда. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар қабылданғанын да білеміз. Сондықтан Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар енді басталды деп айтуға болады.


Соңғы уақыттары дүниежүзінде мұнайдың бағасы құлдырауы Еуропаның бірқатар елдеріндегі дәстүрлі емес қуат көздерін дамыту ісін тығырыққа тіреп тастады. Энергетикалық компаниялар арзан мұнайды сатып алып, қуат көзін өндірудің тиімді екенін көріп отыр. Сондықтан «жасыл экономика» дәл қазір жолайрықта тұр. Меніңше, бұл уақытша қиындық. Алдағы уақытта дәстүрлі емес қуат көздерінен электр энергиясын өндіру ісі жалғасын табатынына сенімдімін.
– Ғылымның араласуынсыз дәстүрлі емес қуат көздерін дамыту мүмкін емес. Бұл бағытта өзіңіз еңбек ететін ғылыми-зерттеу институты қандай жұмыстарды атқаруда? Сол жайында әңгімелесеңіз.
– Дұрыс айтасыз, ғылымсыз баламалы қуат көзін дамыту мүмкін емес. Бұл саланы дамыту үшін бірінші кезекте арнайы бағдарлама қабылдап, тиісті заңнамалық нормалар қалыптасуы тиіс. Өйтпеген жағдайда жекелеген компаниялар өз беттерінше дәстүрлі емес қуат көздерін дамытуға бел буып, білек сыбана кірісіп кетпейді. Оларға мемлекет тарапынан қолдаулар қажет. Ол – субсидия, салықтық жеңілдіктер түрінде бола ма? Мен ол жағын білмеймін. Мұнымен ҚР Энергетика министрлігі айналысуы тиіс.


Енді институт аумағын қолға алынған жұмыстар жайында айтсам. Соңғы уақыттары Алматы, Жамбыл облыстарында шағын су электр стансалары салына бастағанын білесіз. Осы бір игілікті іске бет бұрған кәсіпкерлер Қытайдың гидротрубиналарын сатып алып, шағын СЭС-тер сала бастады. Ал біздің институт ғалымдары шағын су көздерінен тиімді қуат көзін өндіруге мүмкіндік беретін отандық гидротрубиналарды ойлап тапты. Құдайға шүкір, бұл бағыттағы жұмыстарымыз жемісті болды деп есептеймін. Қазақ ғалымдарының ойлап тапқан гидротрубиналары қытайдың қондырғыларынан артық десем, асыра айтқандық болмас еді. Біздің ғалымдар ойлап тапқан шағын гидротрубиналар бір арық судан электр қуатын өндіре алатын мүмкіндікке ие. Ары-бері қозғауға ыңғайлы. Бұл үшін тоған салып, су бөгеп жатудың қажеті жоқ. Бүгінде бірқатар өңірлер ішкі туризмді дамытамыз деп алдарына мақсат қойып отыр ғой. Бірақ олар ойын іске асыруға елді мекендерден тысқары жатқан, табиғаты көркем аймақтарға электр желісі тартылмаған. Біздің шағын гидротурбиналар осы мәселені оңтайлы шешер еді.

Ғылыми инфрақұрылым қажет

– Қытайдікіне қарағанда әлдеқайда тиімді гидротрубиналар ойлап тауыпсыздар. Кәсіпкерлер неге осы гидротрубиналарды сатып алмайды?
– Әңгіменің ашығын айтсақ, институт зертханасында дайындалған гидротрубиналарды кәсіпкерлер бірден сатып ала алмайды. Кез келген құрылғыны жалпы халық тұтынатын деңгейде жеткізу үшін машина құрастыру зауыттарында сынақтан өтіп, барынша жетілуі тиіс. Ал бізде машина құрастыратын зауыттар құрдымға кеткен. Кеңес заманында зауыттардың жанында конструкторлық бюролар жұмыс істейтін. Ал қазір соның бірі де жоқ. Осыдан кейін қазақ ғалымдары бар ақыл-ойын сарқа жұмсаған маңызды ғылыми жұмыстары тәжірибелік үлгі күйінде қалып жатыр. Гидротрубиналар конструкторлық бюроларда сынақ барысында қандай металл мен подшивниг қолдану керектігін анықтағаннан кейін ғана өндіріске жіберіледі. Нарық заманында біздер осы жүйені жоғалтып алдық. Конструкторлық бюролар мен машинажасау зауыттары болмаған соң, біздің өндірісіміз алға жылжымай бір орында тұр.


Ал кәсіпкерлер болса, ғалымдардың қандай жұмыстармен айналысып жатқанынан бейхабар. Егер оларға біздер осындай бәсекеге қабілетті гидротрубина ойлап таптық десек, бетімізге күле қарауы мүмкін. Мойындауымыз керек, қазір Қазақстаннан шыққан өнімге ел азаматтарының көпшілігі күдікпен қарайтыны жасырын емес. Сенім жоқ. Осы мәселелермен Үкімет айналысу керек. Ал біздің атқарушы билік жерасты байлығын сатудан әріге аса алмауда. Әрине, бұл бағытта жұмыстар жүріп жатқан жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бірақ қолға алынған жұмыстардың нәтижесі болмай тұр. Ал бұл жүйе қашан жолға қойылатынын мен сізге айта алмаймын.
– Мемлекет тарапынан ғылыми жобаларға гранттар бөлінеді. Бұдан қандайда бір пайда бар ма?
– Гранттың қаржысы кейде ойға алған құрылғыңның шағын макетін жасауға жетпейтін кездер болады. Сондықтан ғылыми жобаларға бөлінетін гранттармен ғылым мен өндірістің арасына жол салу мүмкін емес. Бүгінде ғылыми ізденушілеріміз жаңа жел қондырғыларын жасаумен айналысып жатыр. Олар оның ғылыми тәжірибелік нұсқасын темірден жасады. Сынақ барысында оның кейбір тетіктерін кесіп, тесіп өзгертуге тура келеді. Мұны көрген кейбіреулер «жеңіл материалдардан жасамайсыңдар ма?» деп ақыл айтады. Қондырғыны сынақтан өткізгенше, оның тетіктерін түрлі заманауи материалдардан жасауға болады. Егер бірден қымбат материалдардан жасасақ, үлкен шығынға бататынымызды көпшілік түсінбейді.
Қазақстанда өндірістің өркендемей тұрғанының бір себебі, түрлі қондырғылар жасайтын заманауи материалдар жоқ. Бұл салада жұмыс істейтін мамандарды қолыңызға шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Осы жайттардың бәрі қазақ ғылымының адымын аштырмай отыр.

Бірінші, маман қажет

– Ғылымда шешімін таппаған мәселе көп. Соған қарамастан елімізде дәстүрлі емес қуат көздерін өндіру саласында Ш.Ш. Шокин атындағы ҚазҒЗ Энергетика институтының ғалымдары ізденістерін тоқтатпады. Жұрттың назарын аударған қандай ғылыми жобаларыңыз бар?
– Қазір ғалымдарымыз қарап отырған жоқ. Ғылымның соңына түсіп, түрлі жобаларды іске асыруда. Бір қондырғы ойлап табу үшін бірнеше ғалымның ақыл-ойы қажет. Баламалы қуат көзін дамыту ісі әлемдік трендке айналғалы бері бұл бағытта біздің ғалымдар көп еңбектенді. Қазақстанда желден электр қуатын өндірудің зор мүмкіндігі бар. Еліміздің қай қиырына барсаң, ұйытқып соққан желге тап боласың.
Еуропа елдері көптеген жел қалақшаларын орнатып, қуат көзін өндіруде алға озып кетті. Бірақ соңғы уақыттары Германия бастаған бірқатар елдер жел энергетикасынан бас тартып жатыр. Өйткені ірі қалалардың маңайындағы ірі жел қалақшалары адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, байланыс құралдарының жұмысына кедергі келтірген. Біздің ғалымдар Қазақстанда жел энергетикасын дамытуда олардың қателігін қайталамауды ойлады. Қазақстанның жер көлемі кең. Бірақ айдалаға барып жел қалақшаларын орнатуға болмайды. Ірі қалаларға жел қалақшалары өндірген қуат көзін жеткізу үшін жүздеген шақырым электр желілерін тартуға тура келеді. Бұл – қып-қызыл шығын. Қазақстанда бір шақырым жерге электр желісін тарту үшін 10 млн теңге қажет. Есептей беріңіз, желі тартуға қанша қаржы қажет екенін. Бұған электр желілерін күтіп, баптаудың шығындарын қосып отырған жоқпын. Осы шығындарды айналып өту үшін біздер көпқабатты үйлердің үстіне орнатылатын жаңа жел қондырғыларын ойлап таптық. Институт ғалымдары ойлап тапқан қондырғысы адам денсаулығына зиянын тигізбейді. Қалақшалардың айналып тұрғаны да білінбейді. Қаладағы байланыс саласының жұмысына да кедергі келтірмейді. Ең бастысы, жаңа қондырғылар қала ішіндегі көліктерден шыққан газдарды сорып, аспанға лақтырып, қала ішін желдетіп тұратын мүмкіндікке ие.


Бұл қондырғыны өндіріске енгізу үшін көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған жайымыз бар. Біздің ғалымдар ерекше жел қондырғысын ойлап тапты. Жаңа қондырғыға кеңес заманынан бері қолданылып келе жатқан ескі генераторларды орнатуға болмайды. Біздің қондырғымызға жаңа заманауи генераторлар керек. Ал бізде генератор жасау ісімен айналысатын маман жоқ. Шетелден сатып алу үшін қыруар қаржы қажет. Осындай түйткілді мәселелер етектен тартып тұр.
– Марат мырза, елімізде атом энергетикасын дамыту мәселесі кеңінен сөз болып жүр ғой. Бұған қатысты не айта аласыз?
– Өз басым елімізде атом энергетикасын дамытуды қолдаймын. Бірақ біздің бұл салада жұмыс істейтін өз мамандарымыз болуы керек. Көршіміз Ресей «атом электр стансасын салып берейік» деп құлшынып отыр. Олар Қазақстанда атом электр стансасында жұмыс істейтін мамандардың мүлде жоқ екенін жақсы біледі. Орыстар біздің қаражатымызға электер стансаны салғаннан кейін «ал стансаларың дайын, қызығын көріңдер» дейді. Алып стансаны күтіп, баптап жұмысын реттейтін маман болмаған соң, біздер орыстарға: «Стансаның жұмысын сіздер жүргізіңіздер, бізде бұл салада жұмыс істейтін маман жоқ. Кәсіпорынды өздеріңіз басқарыңыздар, бәленше пайыз акциясы сіздердікі» деп өз қолымызбен Ресейге береміз. Бұдан кейін олар стансаны бауырына басып, қазақтарды стансаның есігінен де сығалатпайтыны белгілі. Өндірген электр энергиясын қалауынша өсіріп, бізді сүлікше соратын болады. Мұндай жағдайда энергетикалық қауіпсіздік жайында әңгіме қозғаудың өзі артық қой. Өзіңіз ойлаңызшы, бізге мұндай атом электр стансасы керек пе? Меніңше, керегі жоқ. Қазақстан атом энергетикасын дамытқысы келсе, бірінші кезекте бұл салады жұмыс істейтін мамандарын сайлап алуы керек.


Бүгінде баламалы қуат көзін өндіру ісі Қазақстан үшін сәнге айналды. Энергетика мамандарын даярлайтын оқу орындарға барсаңыз, тек қана жылу энергетикасы саласына ғана маман даярлап жатқанымызды байқайсыз. Қандай істі бастамас бұрын ең алдымен мамандарды даярлауға бірінші кезекте көңіл бөлу керек.

Нұрлан Жұмахан, «ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар