Өзектi

Ауыл шаруашылығы ғылымсыз алға баспайды

11.09.2015

5344

Қазақстанда қоғамның барлық саласы экономиканың аграрлық секторымен тығыз байланыста. Қайсыбір елде болмасын ауылшаруашылық өнімдері стратегиялық өнім, яғни тіршілік пен дамудың көзі. Ендеше агроөнеркәсіп өндірісін дамыту – мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды міндеті болуға тиіс.
Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бөлігі – ауыл шаруашылығы. Бұл сала халықты тамақ өнімдерімен және шикізатпен ғана қамтып отырған сала емес, сонымен қатар орындаушы мен тұтынушы арасындағы келісімді жүзеге асырып, экономиканың әртүрлі саласына пайда түсіретін сала. Дәл осы ауыл шаруашылығы өндірісі, төлем қабілеттілігі, материалдық-техникалық ресурстарды пайдалану қажеттілігі сынды критерийлер мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын анықтайды. Мәселен, агроөнеркәсіп кешенін қолдауды АҚШ заңмен реттесе, Канада, Швеция, Австралия сынды елдерде қоршаған ортаны қорғау, азықтық қорды құру, фермерлердің кірісін қолдау көрсету, селолық жерлердегі шағын бизнестерге қолдау жасау сынды шаралар жүргізіледі екен.
«Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аймақ даму ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі ішкі қолдаудың тиімділігі жайында зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында Кедендік Одақ және ЕАЭО-ға мүше елдердің агроөнеркәсіп кешендерін несиелеудің заманауи жүйесі қарастырылған. Зерттеу нәтижесі Кедендік Одақ елдерінің несие беру жүйесінің құрылымы әртүрлі екендігін көрсеткен. Агроөнеркәсіп кешенін несиелеуде екінші деңгейлі банктердің үлесі жоғары. 2011 жылға қарағанда 2012 жылы несиелеу көрсеткіші 61%-ға артқан. Сонымен қатар Қазақстанда 2008-2012 жылдары ауыл шаруашылығы саласына берілген кредиттердің жалпы көлемі 11,2 млрд. долларды құрады.
Ауыл шаруашылығы бойынша күмән тудыратын және үмітсіз несиелер 300 млрд. теңгеге тең келіпті. Мұндай несиелердің қайтарылмауына бірінші кезекте қысқа мерзімге берілетін несиелерді қымбат несиелерді трактор парктерін жаңалауға және жаңғыртуға жұмсалуда. Сонымен қатар 2009-2014 жылдардағы девальвация несие алушыларды қарызын арттыра түскен.
Ғалымдардың айтуынша, ЕАЭО агроөнеркәсіп кешендерін ішкі қолдауды тиімді жүзеге асыру үшін импорттаушы елдердің ішкі және сыртқы жай-күйін есепке ала отырып, ішкі нарықтағы аграрлық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін бағалаудың әдістемесін жасау қажет.
Аграрлық саланы алға жылжыту үшін ғылым, техника, озық тәжірибелерді өндіріске енгізіп, аграрлық ғылым саласындағы қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізіп, зияткерлік меншік нысандарын қорғап, инновациялық жобаларды іріктеу және сараптауды жетілдіру маңызды. Аграрлық ғылымды дамытудың негізгі тетігі – мақсаттық бағдарламалар. Яғни, аталмыш саланы жан-жақты қолдауда тек қаржы бөлумен, несие берумен шектелмей, мемлекеттік инновациялық бағдарламалар қабылдануы тиіс.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығын тұрақтандыру үшін шаруалардың табыс табуына жағдай жасап, жұмысын одан әрі үлкейтуге көмектескен дұрыс. Бағалар, дотациялар, салықтар мен несиелердің бәрі де ауыл шаруашылығын кең көлемде ұлғайтуға бағытталуы тиіс. Оларға төленетін жалақы тым төмен, мұны да ескерген жөн. Осы мәселелер оң шешімін тапса, ауыл шаруашылығы өндірісі дами түсетінін ғалымдар алға тартуда.


Арайлым Бимендиева, «ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар