Қазақстандық ғалымдар тұзды топырақта өсімдік өсіруге мүмкіндік беретін наноқұм ойлап тапты
Қазақстандық ғалымдар нанотехнологиялар негізінде бірқатар бірегей құралдар мен материалдар жасамақ. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Қазақстандық ғалымдар жеке әзірленген нано-сорғы шығаруға жақын, ол осы сектордағы көшбасшы компаниялардың баламалы әзірлемелерінен технологиясы бойынша асып түсуі мүмкін, деп хабарлады бүгін АҚШ Аргонн ұлттық зертханалары профессоры, Назарбаев Университеті профессоры Зинетулла Инсепов.
«Маған осында Назарбаев Университетінде нано-сорғы деп аталатын құрал жасауды ұсынды. Бұл сорғы диаметрі бірнеше нанометрден бастап микронға дейінгі арналар үшін жұмыс жасайды, ол арқылы сұйықтық та, газ да өз бетінше өте алмайды», - деді З.Инсепов.
Ол құрал бірегей, өте берік және иілгіш, болаттан 200 есе берік графен негізінде наноматериалдан жасалатынын айтты. Қазіргі таңда қазақстандық инноваторлар графеннің үлкен парақтарын жасауға пайдаланатын технологиялар, профессордың айтуынша, осы секторда көш бастап тұрған Оңтүстік Корея компанияларының әзірлемелерінен асып түседі.
Сондай-ақ, ғалым Назарбаев Университеті зертханасында нано-құм жасау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Жақында біз жаңа материал - наноқұм жасап шығардық. Ол тұзды топырақта өсімдіктер өсіруге және оларды тұзды сумен суаруға мүмкіндік береді. Егер мұндай технологияны қолдансақ, бұл ауыл шаруашылығында революция болмақ. Мысалға, Қазақстанда Арал маңында тұқым себуге болатын кең аумақ бар, онда наноқұмды пайдаланумен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге болады», - деп толықтырды З.Инсепов.
Ол Назарбаев Университетінде ғалымдар нано қабықша жасаумен айналысып жатқанын, ол жоғары кернеулі электр желілерінің тесілуінің алдын алуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Дереккөзі: inform.kz