Өзектi

Астанада «Шапағат-2015» атты өнертапқыштар арасындағы жарыстың жеңімпаздары марапатталды

27.04.2015

5537

Бүгін Астанада «Шапағат-2015» атты өнертапқыштар арасындағы жарыстың жеңімпаздары анықталды.
Өнертапқыштарды ынталандыруға бағытталған бұл бәйге бес номинациядан тұрады. Атап айтсақ, жеңімпаздар «Жыл өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Ең жас өнертапқыш», «Жас дарын» және «Ең белсенді өнертапқыш» атты бес аталым бойынша марапатталып отыр.

"Жыл сайын елiмiздегi өнертапқыштардың саны, олардың ойлап тауып жатқан әдiстерi мен құралдарының сапасы артып келедi. Ал әйелдер арасында үздiк өнертапқыштарды анықтау қиынға соқты. Себебi олардың да саны мен сапасы өскен. Болашақта өнертапқыштар елiмiздiң өнеркәсiбiне үлкен жаңалықтар әкелiп, Қазақстанды технологиялық, инновациялық дамыған әлемнiң алдыңғы қатарлы елдердiң қатарына қосуына септiгiн тигiзедi деп ойлаймын", - дейдi ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi Техникалық және инвестициялық даму департаментi директорының орынбасары Құралбай Бұхарбай.

Енді жеңімпаздарды атап өтсек, «Шапағат-2015» байқауының қорытындысы бойынша өнеркәсiп саласында "Роторлы-поршендi iштен жану қозғалтқышын" жасап шығарған Федор Олифиренко "Ең үздiк жыл өнертабысы" аталымы бойынша жеңiмпаз атанды. "Ең үздiк өнертапқыш-әйел" бойынша желдi генераторлардың патенттерiне авторлас Альмира Жилкашинова үздiк деп танылды. "Ең белсендi өнертапқыш" болып жаңартылған энергия саласында 15 патенттiң иесi Александр Сложеникин атанса, "Ең жас өнертапқыш" атағына 17 жасар Нұркен Маратов лайық деп танылды. Ал Қызылорда облысының тумасы, 11-сынып оқушысы Бағлан Төлебай тоғызқұмалақ ойынының электрондық әлiппесiн жасап, "Жас дарын" аталымын жеңiп алды. Жеңiмпаздармен қатар осы саладағы бiрқатар азаматтарға Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан үлесi үшiн Шапағат дипломдары табыс етiлдi.

Айта кетейік, биылғы байқаудың өтуіне Әділет министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Инвестиция және даму министрлігі үлес қосқан.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар