Бір жолда 800 килограмм бауырсақ дайындайтын технологияны ойлап тапқан қазақ ғалымы Астанада тұрады
Техника ғылымы - өзінің мол мүмкіндіктері арқылы өндірісті өркендететін, ел экономикасына серпін беретін, сондай-ақ, мемлекеттің қуаттылығын әйгілейтін бірегей ғылым саласы. Бүгінгі күні қазақ елі де Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының ауқымында, ұзақ болашақты көздеген кемел бағдарламаларының жебеуімен техникалық ғылымға басымдық беріп отыр.
Сондықтан да қазіргі заманның айырықша сұранысын тудырып отырған, қалың қатпарлы, көрделі ғылымды меңгерген, білім-білігі жоғары мамандық иелерінің мемлекетіміздің қарқынды дамуына қосар үлесі зор болмақ. Міне, дәл осындай мамандық иесі, өткен ғасырдың 60 жылдарында Мәскеуде оқыған санаулы қандастарымыздың бірі, техника ғылымдарының кандидаты (Ph докторы), 20 дан ғылыми жаңалық ашқан Қалтай Школұлымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Ғылым жолы күрделі екені даусыз. Адам жас кезінде саналы түрде шешім қабылдап, білім алуда өз таңдауын жасауы биік талғаммен орындалатын іс екені белгілі. Ендеше, сіздің таңдауыңыз техникалық ғылым саласына қалай түсті?
- Мен Моңғолия жерінде тудым. Қазақтар қоныстанған Баян-Өлгей аймағындағы қазақ мектебінде оқыдым. Осыдан кейін Ұланбатырдағы Политехникалық колледжде 3 жыл білім алдым. Ал 1968 жылы жоғары оқуға тапсырған сынақтан жақсы балл жиып, Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінен оқуға жолдама алдым. Оқитын мамандығым - инженер-технолог. Осылайша, Мәскеуге жолымыз түсіп, 27 бала оқуға келдік. Олардың арасында қазақтардан жалғыз болдым, басқалары моңғол ұлтының азаматтары.
Біз алғаш барғанда орыс тілін білмедік. Сондықтан, жоғары оқу орнының білімін үйрену үшін орыс тілін қоса меңгеруімізге тура келді. Ел аттап келіп, жоғары білімді Мәскеудің белгілі білім ордасынан алу орайына ие болғанымызға үлкен жауапкершілікпен қарадық. Үйренуге бар ынтамызды қойып кірістік. Бұл жердегі 5 жылдық оқуымды үздік нәтижемен аяқтаған соң оқу орны аспирантураға қалуыма ұсыныс жасады. Мен қуана келістім. Әйтсе де, сол кездегі тәртіп бойынша келген мемлекетімнен, яғни, Моңғолия үкіметінің рұқсатын алуым керек болатын. Сол түрлі қиындықтары мен кедергілерді еңсере жүріп, оқуымды жалғастыруға рұқсатты да алдым. Осылайша, аспирантураны 3 жыл оқып, дипломдық жұмысымды ұнның технологиясы (ұнтақтау) бойынша қорғадым.
- Сіз техника ғылымының қалыптасқан жүйесін, теориялық негіздемесін үйреніп қана қоймай, ұңғыл-шұңғылы мол ғылымнан біраз жаңалық та ашып үлгіріпсіз. Сол өнертабыстарыңыз жайында айтып берсеңіз?
2 - Аспирантурамды аяқтаған соң Моңғолияға қайтып келіп, Ұланбатырдағы техникалық университетте 30 жылдай оқытушы болып жұмыс істедім. Осы жылдарда 100 деген ғылыми мақалаларым жарық көрді. Техника саласында 22 өнертабысыма патент алдым. Әрине бұл жетістіктер қажырлы ізденістердің нәтижесінде өз жемісін берді деп ойлаймын. Ғылымда жаңалық ашу, санаңа салмақты жүк арту деген сөз. Сенің ашқан жаңалығың әлемнің басқа бір жерінде жасалмаған, тың дүние болғанда ғана мойындалады.
Менің алған патенттерім негізінен ұн өндірісінің технологиясы, көмір өндірісі, қатты заттарды ұнтақтау технологиясы, бауырсақ өндірісінің технологиясы, көліктердің іштен жанатын қозғалтқыштарын газбен жұмыс істететін жүйе, үйлерді газбен жылытудың тиімді тәсілі, көмір, ағаш сияқты жанғыш қатты заттарды газға айналдыру технологиясы сияқты түрлі тақырыптарға арналған.
Моңғолияда жаңалық ашып алған патентіңіз 10-ға жетсе «Моңғолияның үздік өнертапқышы» деген атақ беріп, алтын медаль сыйлайды. Мен сол марапаттың иегерімін. Бұл атақты Моңғолияда мен алғанға дейін 7 адам иеленген екен.
- Бұл өнертабыстарыңыз қоғамдық өмірде кең сұранысқа ие болғандықтан, адамдарға жаңа жетістіктер өз тиімділігін көрсетері анық. Осылардың біразын тарқатып айтып, түсіндіре кетсеңіз?
- Бұлардың әрбірін тарқатып түсіндіретін болсам көп сөзге ұрынарымыз анық. Тіптен, кейбір жаңалығымды қарапайым адамдарды былай қойғанда, сол саланың маманына айтып түсіндіріп, мойындату үшін біраз уақыт қажет. Бұлай айтып отырғаным,олардың алдында әлемде мойындалған, қалыптасқан кейбір ғылыми тұжырымдарға күмән келтіріп, өз уәжіңді дәлелдеуіңе тура келеді. Сен өзіңе қанша сенімді болғаныңмен, қатып қалған қағиданы бұзғысы келмейтін адамдар көп.
Алдымен қазақ дастарханының сәні болған бауырсақты өндіруге арналған технология туралы айтып берейін. Бірақ, бауырсақты қазақтар ғана тұтынады десек, қателесеміз. Оны моңғол, орыс, қытай, француз қатарлы көптеген әлем елдерінің ас мәзірінен де көруге болады. Ендеше, бауырсақты жалпы жұрттың тұтынуы үшін, базарға көптеп шығаратын өндіріс қажет ғой. Міне сол технологияның тұтас желісін жасап шығардым. Әдетте нанды құрғақ ауада жылумен пісіретін болса, ал бауырсақты қыздырылған майға қуырып пісіреді. Сондықтан да оның қиындығы осында. Мен жасаған техника бір жолда 800 килограмм бауырсақ өндіреді. Бұл өндіріс 10 жылдан бері Ұланбатырда жұмыс істеп тұр. Ал осындай бауырсақ өндіретін Ресейдің техникасы бір сағатта 36 килограмм бауырсақ дайындай алатын болса, Қазақстанда қолданып жүрген өндіріс тіптен шағын. Бұл жаңалығыма 1986 жылы патент алдым.
-Қатты заттарды ұнтақтау технологиясы қандай өндірістерде қолданыс табады? Осы салада ашқан жаңалығыңыздың артықшылығы қандай?
-Қатты заттарды ұнтақтау технологиясының қолданылатын аясы кең. Бидайды ұнтақтап ұн шығаратынымыз сияқты ұсақтау керек болған қатты заттардың барлығын осы технологиямен ұнтақтаймыз. Көмірді, руданы, цементті, ағашты т.б айта беруге болады. Әлемде қатты заттарды ұнтақтаудың қалыптасқан ғылыми заңдылығы бойынша, ұнтақтауға жұмсалатын энергия сол ұнтақталатын заттың жаңадан пайда болған ауданына тура пропорционал болады деп тұрақтандырған. Қазіргі күні барлық ұнтақтау техникасы осы заңдылыққа бағынып жасалған. Ал мен бұл заңдылық дұрыс емес деп санадым. Былай қарасаңыз ұн мен цементті ұнтақтап жатқан техника сансыз бөлшектерге бөліп, ұнтақтай береді. Ол жерде ұнтақталған бөлшектерден қанша жаңа аудан пайда болып жатқанын есептеу мүмкін емес. Енді ұқсас көлемдегі ағаш пен темірді сындырсаңызда, сол сындырылған жерден ұқсас аудан шығады. Бірақ біреуі қатты, біреуі жұмсақ затты сындыруға кететін күш тең емес. Міне, бұлар қолданыстағы заңдылықтың аясына сыймайтын тұстар. Қарапайым, жеңіл түсінік осылай.
Ал, менің зерттеуім бойынша, ұнтақтайтын материалға жұмсалатын энергия, сол затты ұнтақтауға кеткен күш пен оның жолына тура пропорционал болуы керек. Егер осы заңдылықпен ұнтақтау технологиясын қайта жасап шығаратын болсақ, техниканың көптеген тиімділігі мен оңтайлылығына қол жеткізіп ғана қоймай, шығындайтын энергияны да 100 деген есе азайтуға болар еді. Ал адамдар машина, ұшақ сияқты техникалардың қозғалысына жұмсалатын қуатты дұрыс есептей алғанымен, ұнтақтайтын машинаны теріс теориямен жұмыс істетіп келген. Заттардың майысуы мен сынуына дейінгі теориясы бар да, сынғаннан кейінгі теориясы жоқ болып отыр.
-Ендеше осындай технологияны Қазақстанда жасап шығарудың мүмкіндігі барма?
-Әрине, Қазақстанның мұндай техникаларды жасап шығаратындай мүмкіндігі де, қалыптасқан тәжірибесі де мол. Қазіргі күні түрлі зауыттарда машинаны жасап, ұшақтарды құрастырып, ұшырып жатыр. Ал мына сала Қазақстанның ең алдымен өркендететін өндірісінің бірі болуы керек. Елімізде әлемдегі алдыңғы орынға шығатын бір сала болса, ол бидай мен ұнның экспорты. Елбасының дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы болашаққа жол сілтеген бағдарламасын негізге алсақ, артта қалған өндіріс салаларымызды алға оздыруға талпына беруіміз керек. Сонымен бірге алдыңғы орында тұрған бидай мен ұнның экспортын бірінші орынға шығарып қана қоймай, соны өңдейтін техникасын да өзіміз жасап шығаратын деңгейге жетуіміз тиіс. Бүгінгі уақытта Қазақстан бұл техникаларды Қытай, Италия, Түркия сияқты елдерден енгізіп отыр.
Қазіргі кезде ең жетілген ұн өндірісінің озық технологиясы Италияда бар. Бірақ оның ғылыми негіздемесі ашыққа шықпаған, өндіріске де қосылмаған жабық күйі тұр. Мүмкін, адамдар оның тиімділігін бағаламай, түсіне алмағаннан кейін керексіз етіп тастап қойған болар. Осы технологияны Қазақстан сатып алып, өндіріске салса және өзімізде жасап шығаруға қол жеткізсек пайдасын көрер едік. Бұның артықшылығы бүгінгі қолданыстағы технология бидайды ұнтақтап, оны матаның ұсақ тесіктерінен өткізіп електеп, іріктейтін болса, ал Италияның машинасы салмағымен іріктейді. Сондықтан оның құрылымы шағын, шығыны аз, өндірген өнімі сапалы болып келеді. Көп адамдар ұнтақталған затты салмағымен іріктеуге болады дегенге күмәнмен қарайды. Десе де, мен ұзақ жылдарғы зерттеп жүрген салам болғандықтан бұл техниканың ғылыми негізін түсініп отырмын.
-Қоғам бәсекеге толы. Осы ортадан әділ бәсекенің шаңды бәйгесін де, аяқтан шалып төрге оздырмайтын әділетсіздікті де кездестіруге болады. Ұланбатырда, өзге ұлттың ортасында жүріп, қатарыңыздан дараланып шықтыңыз, ғылымдағы жемісті еңбектеріңізбен көзге түстіңіз. Cіз өмір сүрген орта тағдыр-талайыңызға не сыйлады?
-Өмір сүрген елің, өскен ортаң өткен өміріңнің қызықты естелігі болып есте сақталады. Сондықтан да бүгінгі күнге дейінгі барлық мәнді өмірімнің жетістікке бағаланған тұстарын сол өткен жылдардың сый-сияпаты деп қабылдаймын.
Әйтсе де, осы жолда орындалмаған ой арманым да көп болды. Олай дейтінім әлемнің көп елінде мемлекет құраушы ұлттың басқаларға қарағанда бәсі биік, бір қадам алда тұруы қалыпты құбылысқа айналған. Мен де сол шеңберден айналып өте алған жоқпын. Докторлық диссертация қорғауға 3 рет жаңа ғылыми жұмысыммен өтінім берсем де қорғатпады. Мәскеуден барып қорғап келейін деген талабыма да жолдама бермеді. Тіптен бір кездері елде жоғары оқу орындарының оқулықтарын жаппай моңғол тіліне аудару, жаңартып жазу жұмысы қауырт жүргізілген уақыттарда менің оқулық жазуыма жол қоймады. Есесіне шәкірттерім, моңғол ұлтының азаматтары сол оқулықтарды жазып жатты. Оның артында моңғолдың жас ұрпағын өзге ұлттың азаматтары жазған оқулықтармен оқытпау, оның атын (автордың) жас буын санасында жаттап өспеуі керек деген ұстаным тұрды...
Бірде ғылым академиясында істейтін моңғол досым Ұланбатыр қаласының ауасын түтіннен тазарту үшін үкімет жаңа жобаға конкурс жариялап жатқанын хабардар етті. Маған да осы жобаға атсалысуымды өтініп, егер де жобаң сәтті шықса докторлық қорғауыңа көмектесемін деп уәде берді. Ұланбатыр қаласы үш таудың ортасына орналасқандықтан қысты күні түтінге көміліп қала беретін. Міне осы қиындықтан шығудың жолын ғалымдардың талқысына салғаннан кейін, әркім әр түрлі амал-айла табуға кірісіп жатты. Біреуі ауаға шыққан түтінді сүзіп тазартпақ болса, енді бірі қаланың біржақ шетіндегі Боғда тауын бүйірінен тесіп, бөгелген түтінің жолын ашпақ болады. Мен болсам бұл жерде салдармен күреспей, себебімен күресейін деген ойға келдім. Жылу өндірісінде ағаш пен көмірді жақпай, газды көбірек пайдалансақ түтінді азайтуға болады. Бірақ Ұланбатырда газ өндіріп тұрған кеніш жоқ. Сондықтан мен көмір, ағаш сияқты отқа жанатын қатты заттарды газға айналдыратын жаңа технологияны жасап шығаруға бекіндім. Осы мақсатпен жеке қаржымды жұмсап, көптеген тәжірибелер жасап, оң нәтижеге қол жеткіздім. Өнертабысыма патент те алып үлгірдім. Өкінішке қарай, сол уақыттарда маған қолдау жасап жүрген досым қайтыс болып кетті.
Қазіргі күні атамекенге ат басын бұрып, жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып жүр екенсіз. Ұстаз білікті, өнегелі болса, шәкірттің де білімге құлшынысы артып, қызығушылығы оянары хақ. Шәкірттеріңіздің талабын қалай ұштап жатырсыз?
-Әлемде білім бәсекесі қызу жүріп жатыр. Барлық ел жастардың білім алуына айырықша ден қойып отыр. Сол қатарда қазақстанда білім-ғылым саласына басымдық беріп келеді. Мен елге келген соң Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен қазақ технология және бизнес университетінің студенттеріне дәріс оқыдым. Осы уақыттарға дейін орыстың да, моңғолдың да, қазақтың да студенттерімен жұмыс жасап көрдім. Бір байқағаным, студенттің барлығы бірдей ғылым жолына түсуге құлшынып тұрмаса да, араларынан суырылып шығып, ғылымға бар ынтасымен жұмыс істеуге бел буатындары шығады. Сол болайын деп тұрған баланың бетін қақпай, жағдайын жасау оқу орнының базалық мүмкіндігіне байланысты. Ол үшін ұстаздары білікті, оқу құралдары толық, лабораториясы кемелді болуы керек. Моңғолия әлем елдерінің көмектесуін өтініп жүріп, осындай білім базасын қалыптастырып алған. Менің байқауымша Астанада техника ғылым саласына қатысты кітаптар аз көрінді. Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражаттың 85 пайызын математика, физика сияқты іргелі ғылымға, қалған 15 пайызын ғана қолданбалы ғылымға бөледі. Мысалы әлемде шығарылмағын, шешімін таппаған 10 есеп қалса, техника ғылымдарында 10 мыңдаған шешілмеген түйткілдер толып жатыр. Бұл біздің және әлемнің өркендеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан қолданбалы ғылымға барынша көңіл бөлуіміз керек.
Елбасы «Назарбаев Университеті» студенттері алдында сөйлеген бір сөзінде, «Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес», - деген болатын. Бұл жерде қазақ жастарының басқаға жалтақтамай, тың бастамаларымен, жаңаша көзқараспен еңбектенуін айтып отыр. Бұл технология саласына да байланысты. Үнемі шетелдің техникасын сатып алып, пайдалана бермей, өзіміз де жаңа техника жасап шығарайық дегенді меңзейді. Ендеше Қазақстанның әрбір азаматы елдің қарыштап дамуына өз үлесін қоса алатын сара жолды жаңылмай таңдауы керек деп білем.
-Қазақстанға қашан көшіп келдіңіз? «Әке көрген оқ жонар» демекші, балаларыңызды сіз жүрген ғылым жолы қаншалық қызықтыра алды?
- Мен отбасыммен Астанаға қоныс аударғаныма 4 жылға аяқ басты. Бір ұл, бір қызым да өз отбасыларымен Қазақстанда тұрып жатыр. Үлкен ұлым Моңғолияда, Ұланбатыр қаласының экология департаментінде басшылық қызымет атқарып жүр. Ол АҚШ, Түркия елдерінің жоғары оқу орындарынан білім алған. Ал кіші қызым қазіргі күні Америкада магистратурада оқып жатыр. Өз басым мынау кең әлемнен ел таңдап, жер таңдап жүргенім жоқ. Қазақ еліне бір кірпіш болып қаланып, кетігін жамауға жарасам деп келдім.
Дереккөзі: kazinform.kz