Өзектi

Маңызды міндет жүктелді

10.04.2015

6156

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Сансызбай Жолдасбаев пен төрағаның орынбасары Амандық Төлешев «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығына» ат басын бұрып, орталықтың жұмысымен танысты. Өз кезегінде «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев орталықтың атқарып жатқан жұмыстары жайында қысқаша баяндады.
«ҰҒТАО» АҚ қазақстандық ғылыми ортаны қажетті ғылыми ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме. Ғылымның жан-жақты дамып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында қазақ ғылымының әлемдік ғылыми қоғамдастықпен ықпалдасуына айрықша көңіл бөліп отыр.
Қазіргі таңда орталық еліміздегі Жоғарғы оқу орындарымен және Ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Ғылыми мекемелер өздерінің атқарған жұмыстарының есібін жыл сайын «ҰҒТАО» АҚ-на тапсыратыны белгілі. Бұдан басқа орталық еліміз бойынша жазылған ғылыми жұмыстарды да жинақтап, ғылым саласына қатысты маңызды жұмыстарды жүйелеуменде айналысады. Кездесу барысында Ғылым комитетінің төрағасы С.Жолдасбаев орталық қызметкерлеріне алдағы уақытта ғылымды дамытуда еліміздегі ғылыми мекемелер жұмысының рейтингісін дайындауды тапсырды.
– Бүгінде ғылыми мекемелердің рейтингісін айқындау маңызды жұмыстардың бірі болып тұр. Соңғы уақыттары мемлекет тарапынан ғылымды дамытуға қыруар қаржы бөлінді. Бұдан басқа ғылымның өрісін кеңейту жолында маңызды іс-тәжірибелерді іске асырдық. Осы жұмыстардың тиімділігін айқындау үшін қазір рейтинг түзудің маңызы зор болып тұр. Бүкіл еліміз бойынша ғылыми ақпараттарды жинақтап отырған «ҰҒТАО» АҚ бұл бағыттағы жұмыстарды толықтай атқаратын мүмкіндігі бар. Сондықтан осы маңызды жұмысты сіздерге тапсырып отырмыз, – деді комитет басшысы. Сондай-ақ, ол маңызды жұмысты іске асыруда комитет тарапынан барынша қолдауды көрсетілетінін де алға тартты. Маңызды тапсырма алған «ҰҒТАО» АҚ перзиденті Ә.Ыбыраев орталық қызметкерлеріне артылған сенімді ақтап, бұл жұмысты өз деңгейінде атқаруға уәде берді.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар