Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен еліміздің жеті облысында республикалық «Ы.Алтынсарин - 2015» пәндік олимпиадасы өтіп жатыр. Биыл олимпиадаға қатысуға 4000-нан аса мектеп бітіруші оқушы ниет білдірген, деп хабарлады аталған білім ордасының баспасөз қызметінен.
Жеті облыс бойынша өтіп жатқан білім сынағы бірдей уақытта сағат 12.00-де басталды. Олимпиада атап айтқанда, Алматы қаласында; Алматы облысының Талдықорған, Жаркент қаласы мен Райымбек ауданының Кеген ауылында; Жамбыл облысына қарасты Тараз қаласы мен Қордай ауданында; Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қаласында; Қызылорда облысының Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Қызылорда қаласында; сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының Семей және Өскемен қаласында және Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында; сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Орал мен Атырау қаласында өтіп жатыр. Білім сайысына тек қана қыз балалар қатысуда.
Олимпиада сегіз пән бойынша өткізілуде: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы және химия. Олимпиаданың ең жоғарғы көрсеткіші - 100 балл.
Алматы қаласында Қыздар университетінің Бас оқу ғимаратында өтіп жатқан білім сайысын ресми түрде оқу орынның ректоры Динар Нөкетаева ашты. Оқу орын басшысы жиналған қауымға университет тарихын, тыныс-тіршілігі мен оқу, білім, ғылымдағы жеткен жетістіктерін қысқаша таныстырып өтіп, барша қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
«Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті - республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған жалғыз жоғары білім ордасы.
Оқу орны 70 жыл ішінде 60 мыңнан аса педагог дайындап шығарған киелі шаңырақ. Қыздар университеті Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 2 орынға ие. Қазіргі таңда университет шетелдік 31 ЖОО-мен, Франция, Түркия, Қытай, Германия, Польша, Сингапур, Ресей елдерінің озық тәжірибелі университеттермен тығыз байланыс орнатқан. LAMS Ұлыбритания университетімен, Честер университеті мен АҚШ-тағы Миссисипии мемлекеттік университеттерімен қосдипломдық оқу бағдарламасын іске асырып отыр, яғни осы бағдарлама бойынша бітірген студенттер екі диплом ала алады. Университет мемлекеттік лицензия негізінде 6 факультетте 43 бакалавр, 23 магистратура, 4 PhD докторантура бойынша педагогикалық кадрлар даярлайды. Оқу орнында 700-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы дәріс береді. Бағалау «Универ» жүйесі арқылы жүргізіледі. Университет қабырғасындағы әр күн, әр сағатты оқумен, ізденіспен өткізіп, заман талабына сай, әлемдік бәсекеге қабілетті маман болып шығуға барлық жағдайлар жасалған. 1 млн. аса кітап пен 700 мыңға жуық электрондық оқулықтары бар бай кітапханамыз бар, ғаламтор желісі тегін қызмет көрсетеді, барлық оқу корпустары мен жатақханаларға WI-FI желісі тартылған. Спортпен айналысуға да барлық жағдайлар жасалған. Спорт залдарымыздан өзге, барлық жатақханаларда тренажер залдары ашылған. Қазір үлкен бассейн, 450 орынды тағы бір жаңа жатақхана салынуда. Өнерлі, шығармашыл жастар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттер түгелдей жатақханамен қамтамасыз етіледі, 3 мезгіл тегін тамақтанады. Қыздар университетінде біздер тек педагог мамандығын дайындап қана қоймай, асыл жар, болашақ ана болудың қыр-сырын тануға, өнегелі тәрбие алып шығуға да тәрбиелейміз.
«Бір қызды тәрбиелеу, бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей», деп Елбасы айтқандай, Қыздар университеті біліммен қатар, тәрбиеге де үлкен мән береді. Қазір сіздердің алдарыңызда қандай кәсіппен шұғылдансам екен деген жол айрығы тұр. Мұғалімнің мамандығы қай кезде де - ең жауапты да қадірлі, әр уақытта сұранысқа ие мамандық болып табылады. Сондықтан, осы мамандықты таңдап, университетіміздің беделді студенттері болады деген сенім білдіремін», - деді Д. Нөкетаева.
Оқу орын ректоры сондай-ақ, дәстүрге айналып келе жатқан Ы.Алтынсарин олимпиадасын халықаралық деңгейге көтеруді жоспарлап отырғандығын да мәлім етті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер наурыз айында анықталып, марапатталады. Олимпиаданың әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы таңдаған пәні мамандығына сай келген және ҰБТ-ға қажетті өту балын алған жағдайда шәкіртақысыз университет Ректорының грантына ие болады. Ал, жүлделі орын алмағандарға, бірақ Олимпиаданың деңгейінен өткендерге ҚазМемҚызПУ-ға бірінші кезекте қабылдануға құқық беретін сертификаттар табыс етіліп, оқуға түсуге түрлі жеңілдіктер жасалады. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші - 100 балл.
Источник: inform.kz