Өзектi

Ауыл шаруашылығы бағытындағы студенттерді өндіріспен сабақтастырып оқыту қажет - сала ардагері Амангелді Момышев

28.01.2015

7392

Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен, бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Амангелді Момышевтің пайымынша, студенттерді өндіріспен сабақтастырып оқыту қажет.
«Жалпы өзімнің тәжірибеме сүйенетін болсам, оқу мен өндірістік тәжірибені қатар алып жүру керек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарымыз бар. Солардың барлығы жастарды тәжірибеге жиі апарып, білікті мамандардың жанында ұстап, олардың жұмыс үдерісінен тәлім алулары қажет. Мәселен, мен байқаған оқуды бітірген кейбір жас мамандар егістердегі жағдайды немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының мән-жайын терең білмейді», - деді ауыл шаруашылығы саласының ардагері «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Оның пікіріне қарағанда, болашақ мамандардың білімін жетілдіру үдерісіне, олардың өнім өңдеу бағытындағы өндірістердегі тәжірибесіне Ауыл шаруашылығы министрлігі де араласуы тиіс.

«Бүгінде Қазақстанда ет пен сүт өндірісі кәсіпорындары артып келеді. Бұл, біріншіден, елімізді ішкі өніммен қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті дамытуда маңызды. Ал бұл кәсіпорындарға білікті мамандар өте қажет. Сондықтан студенттердің оқуы мен тәжірибесін сабақтастыруға айрықша мән беру керек», - дейді министрдің кеңесшісі.

Амангелді Аршабайұлы Момышев 1943 жылы дүниеге келген. Ет-сүт өнеркәсібі инженер-технологы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. ҚР Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті. «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары. 2007 жылдан ҚР Парламенті Мәжілісі 4-ші шақырылымының депутаты болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесінің мүшесі.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар