Ғылыми кадрлар – инновациялық экономикаға серпіліс беретін негізгі күш. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын», – деп Үкіметке нақты тапсырма жүктегенін білеміз. Бұдан алдағы уақытта индустриялдық бағдарламалардың басым бөлігі еліміздің ғылыми әлеуетіне арқа сүйеп, алға қадам басатынын аңғарамыз.
Осы ретте Елбасы Жолдауында атап көрсетілген маңызды міндетке «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ («ҰҒТАО») да өз үлесі қосуға еліміздегі ғылыми кадрлардың әлеуетін толықтай пайдалануға кеңінен жол ашуға әзір. Бүгінде ҰҒТАО – еліміз бойынша қорғалған ғылыми диссертацияларды, жариялайтын және жариялауға жатпайтын ғылыми құжаттарды тіркеп, жүйелеп отырған бірден-бір мекеме. Сонымен қатар, жинақталған ғылыми құжаттарды мұқият сараптап, құзырлы орындарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінде Қазақстанда дамыған Батыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен салыстырғанда ғылыми кадрлар әлеуетінің төмендігін байқауға болады. Алдына үлкен мақсат қойып, дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан ел үшін бұл ойлантпай қоймайды. Соңғы уақыттары ғылыми қызметкерлердің саны айтарлықтай төмендеп кеткені де жасырын емес. Айталық, Қазақстан Болон декларациясын қабылдағаннан кейін еліміз бойынша қорғалатын диссертациялардың саны күрт төмендеген. Жаңа жүйе енген алты жыл ішінде еліміз бойынша 700-ге таяу ғылыми қызметкер өздерінің PhD докторлық жұмыстарын қорғаған. Ал ескі жүйе кезінде жыл сайын шамамен 1500 ғылым кандидаты және 300-500 ғылым докторлары ғылыми жұмыстарын қорғап, ғылыми дәрежеге ие болатын. Әрине, бұл ғылым саласындағы уақытша қиындықтар деп есептейміз. Жаңа жүйе сапалы ғылыми кадрларды дайындауға жол ашатынын ескерсек, болашақта бұл мәселе оң шешімін табады.
Қазіргі таңда ғылыми кадрларды дайындаудан басқа, ғылым кадрларының әлеуетін тиімді пайдалануға қатысты өзекті мәселелер туындап отыр. Отандық Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда ғылыми жұмысын қорғағандардың әрбір үшіншісі ғана (223 адам) ғылым саласында жұмыс істейтінін байқаймыз. Ал қалған жас мамандар ғылымға қатысы жоқ салаларда нан тауып жүр. Олар сүйікті ісімен айналысуына кедергі жалақының аздығын, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдайдың толық жасалмағанын айтып шағымданады. Бүгінде мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысының жыл сайын артуы – таяу уақытта бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне жол ашары анық.
Әдетте, ғылыми кадрлардың мәселесі сөз болғанда оларды сала-салаға жіктеп бөліп қарастырудың мәні зор. Өйткені, ел экономикасын алға сүйрейтін кейбір салалар бойынша ғылыми кадрлар тиісті деңгейде дайындалмай қалып жатады. Осы ретте түрлі салалар бойынша ғылыми кадрлардың қалыптасу деңгейі қалай дегенге дәйек келтірелік. Еліміздегі классификаторлық көрсеткіште 418 мамандық белгіленген. Бүгінде соның 184 мамандығы бойынша PhD докторлық жұмыстар қорғалған. Өткен жылы қоғамдық ғылымдар бойынша 154 докторлық жұмыс (64 пайыз), экономика үшін аса қажет техникалық және қолданбалы ғылымдар бойынша 48 докторлық жұмыс (20 пайыз) қорғалған. Ал жаратылыстану саласы бойынша 39 маман (16 пайыз) PhD доктор атағына ие болған. Ел экономикасын көтеруге тікелей септесетін тау-кен, мұнай-газ ісі, наноматериалдар, нанотехнология, ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы, органикалық емес заттардың химиялық технологиясы салалары бойынша санаулы ғана докторлық жұмыстар қорғалған. Докторлық жұмыстардың нәтижелері де өз деңгейінде емес. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстары жайында отандық және өзге елдің ғылыми журналдарында жарияланған рецензиялар да көңілден шыға бермейді.
Әлемдік іс-тәжірибеге назар аударсақ, PhD докторлық жұмысын қорғаушылар уақытының 60 пайызын ғылыми-тәжірибелік жағынан ізденуге арнайтынын байқаймыз. Ал мамандықтары бойынша әдістемелік курстан өтуге, өзге де пайдалы істерге 40 пайыз уақытын жұмсайды. Сол сияқты докторлық ғылым атағын қорғаушының шетелде зерттеулер жүргізу мерзімі қорғаған тақырыбы мен ізденушінің ұмтылысына сай шешіледі. Ол шынайы талаптанса, 3-4 жылда қорғап алатын мүмкіндігі бар. Оған бізде жан-жақты жағдай қарастырылған. Тіпті оқу жүйесі бойынша 5-6 жылда PhD доктор атағына ие болуға да болады. Әрине, ізденушілерге біраз талаптар да қойылады. Ең бірінші кезекте, ізденушінің жұмысы ғылыми ортаның назарын аударатындай маңызға ие болуы тиіс. Бұдан басқа таңдаған тақырыбы бойынша рейтингі жоғары ғылыми журналдарға мақала жариялап тұруы шарт. Нақтырақ айтсақ, 2011 жылдың 31 наурызында қабылданған № 127 Ереже бойынша PhD докторы 3 жылдың ішінде өзінің ғылыми-зерттеу жұмысы жайында 7 мақала шығаруға міндетті. Сондай-ақ, бір мақаласын импакт-факторлық көрсеткіші мен индекстеу дәрежесі жоғары Thomson Reuters және Scopus базасындағы ғылыми басылымдарға шығаруы тиіс.
Осы ретте орталық қызметкерлері дайындаған қазақстандық авторлар жарияланымдарының библиометриялық көрсеткішін әзірлеп, Web of Science бойынша 11 158, ал Scopus базасындағы ғылыми журналдарға 9869 ғылыми мақала жариялағанын анықтады. Яғни, отандық ғалымдар аталған ғылыми мәліметтер базасына тіркелген 1000 басылымда көріне алған. Осы ретте ғалымдарымыздың ғылыми еңбектері жарық көрген басылымдардың 70 пайызының импакт-факторлық жағынан нольдік көрсеткіштен жоғары екенін айта кетуіміз керек. Иә, бүгінде рейтингісі жоғары ғылыми журналдарға ғылыми мақала жариялаудың қиындықтары да бар екенін айта кетуіміз керек. Әдетте, әлемдік ғылыми кеңістікте танымал журналдарға мақала жариялау үшін 1,5-2 жылға дейін уақыт кететінін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың қаншалықты күрделі екенін байқауға болады. Жоғарыда сөз еткен Ереже бойынша қазақстандық ізденушілер қысқа мерзім аралығында рейтингісі жоғары журналдарға ғылыми мақала жариялаудың жолын қарастыруға мәжбүр.
Ендігі кезекте қазақстандық PhD докторлардың ғылыми мақалалары қандай басылымдарда жиі жарық көретіні жайында бірер сөз айта кетсек деймін. Бүгінде ізденушілердің мақалаларын жариялауда Қытайдың Life Science Journal басылымы топ бастап тұр. Аталған журнал 2011 жылдан қазіргі кезеңге дейін 600 PhD докторының еңбектеріне орын берген. Дәл осындай жағдай Пәкістаннан шығатын Middle East Journal of Scientific Research, World Applied Sciences Journal ғылыми журналдарында да қайталанғанын айта кетуіміз керек. Аталған журналдарға докторанттар ақы төлеп, қысқа мерзімде мақалаларын жариялап отырған.
Осының өзінен-ақ Қазақстанда білікті, экономиканы дамытуға қажетті ғылыми кадрларды даярлау ісі сын көтермейтінін байқау қиын емес. Бұл мәселені соза бермей тиянақты шешудің маңызы зор. Әйтпесе, болашақта отандық экономиканы өркендететін білікті мамандар тапшылығы ұлғайып кетуі мүмкін. Бұл ретте бұрынғы ғылыми кадрларды даярлаудың екі деңгейлі сатысына қайта оралуымыз керек шығар деген ойдамыз. Болмаса ізденушілер институтын жандандыруды да қарастырудың мәні зор деп есептейміз.
Қазіргі таңда Достастық елдерінің көпшілігі Болон моделін енгізгені белгілі. Бірақ көпшілігінде жаңа және бұрыннан қалыптасқан жүйе бойынша да ғылыми кадрлар дайындау үрдісі қатар жалғасып келеді. Мысалы, Әзербайжанда философия PhD докторы және ғылым докторы ғылыми дәрежесіне ие болуға болады. Молдовада да ғылым докторы мен хабилит доктор қатар жүреді. Ал Ресей мен Беларусь мемлекетінде бакалавриат пен магистратура жүйесі енгізілгенімен, ғылыми кадр дайындаудағы қалыптасқан екі деңгейлі жүйе, яғни кандидат-доктор үрдісі жойылмаған. Сол сияқты білікті ғылыми кадр дайындаудың екі деңгейлі жүйесі Арменияда да жұмыс істеуде.
Әлемдік іс-тәжірибеге назар аударсақ, ғылымы өркендеген елдер ғылыми кадр дайындау ісін жиі реформалап тұратынын байқаймыз. Мысалы, Еуропа елдері мен Британияның іс-тәжірибесіне көңіл бөлсек, ғылым саласында білікті маман даярлаудың екі деңгейлі жүйесі орныққан. Оларда академиялық PhD докторы және ғылым докторы (DSc, хабилит доктор) атағы қатар беріледі.
Жаһандану үрдісі қарқынды жүріп жатқан қазіргі заманда ғылыми-техникалық кадрлардың ұтқырлығы үлкен маңызға ие болып тұр. Бұл жағдай өз кезегінде әр елдің білім беру және ғылыми кадр даярлау саласына үлкен өзгерістер жасап жатқанын түсінуіміз керек. Иә, мұндай іргелі өзгерістерді қоғамдық ортаның бірден қабылдай қоймасы анық. Сондықтан бұл бағытта қажырлы еңбек пен уақыт аса қажет. Сол кезде ғана ғылыми кадрларды дайындау саласында оңды нәтижеге қол жеткізуге болады.
Мақаламыздың түйінін оптимистік бағытта аяқтауды жөн санап отырмыз. Қазақстан ғылыми кадрларының ізденіс деңгейі ешбір елден кем түспейді. Әлемдік ғылыми ортада олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген сұраныс пен қызығушылық жоғары. Физика саласы бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Сергей Одинцовтың еңбектері айрықша бағалануда. Сол сияқты Физика-техникалық институтының ғалымдары Эрнст Боос, Болат Жәутіков, Николай Покровский, Әсет Барақбаев сынды азаматтардың физика саласындағы жоғары энергия жайында жазған ғылыми мақалалары дүниежүзі оқымыстыларының қызығушылығын оятып, жоғары көрсеткішке ие болған. Сол секілді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің химия саласы бойынша жетекші ғалымдары Ирина Иргибаева мен Динара Бірімжанованың еңбектерін де айрықша атап өтуге болады. ЕҰУ-дің профессоры Рәтбай Мырзақұлов шетелдік әріптестерімен астрофизика, ғарыш және физика саласында жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары әлемнің көптеген елдерінде лайықты бағасын алып үлгерген. Биотехнология, өсімдік, жануарлар әлемі және микроорганизмдер саласын жан-жақты зерттеп келе жатқан Ұлттық биотехнологиялық орталықтың ғалымдары – Ерлан Раманқұлов, Айнұр Сәрсенова, Ирина Ковальчук, Елена Людвикова, Мария Волгинова, Юрий Грачев, Аманқұл Бекеновтың дүниежүзіндегі рейтингісі мықты журналдарға жарияланған мақалаларын әріптестері жоғары бағалап жатқанын айта кетуіміз керек.
Бүгінде үлкен танымалдыққа ие болған иммунология саласы бойынша еңбектеніп жүрген С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессоры Жанат Ыдырысованың склероз ауруы бойынша жүргізген зерттеуі де айрықша бағалануда. Web of Science базасындағы индексі жоғары журналдарда жарық көрген Айкен Асапұлы мен Сағынбек Игісіновтің генетика және онкология саласы бойынша еңбектері қызығушылық туғызуда. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен Виктор Федорович Зайберттің археология саласы бойынша жетекші ғалымдарының қатарына енгенін де айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда «ҰҒТАО» АҚ қызметкерлері осы аталған ғалым еңбектерін көпшілікке кең түрде таратып отыр. Алдағы уақытта бұл қадам жалғасын таба береді.
Әділ ЫБЫРАЕВ,
«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы»
АҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Дереккөзі: egemen.kz